Қазақстан • 29 Наурыз, 2022

AMANAT партиясы жанынан TALQYLAU қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады

764 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан TALQYLAU жаңа диалог алаңы өз жұмысын бастады деп хабарлады Egemen.kz.

AMANAT партиясы жанынан TALQYLAU қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады

фото: stan.kz

Парламент депутаттарының, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен алғашқы талқылау Мемлекет басшысының Жолдауына және аралас сайлау жүйесіне көшуге арналды. Талқылау әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тарату арқылы интерактивті форматта өтті.

TALQYLAU-дың алғашқы отырысын ашқан AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент жариялаған реформалар Қазақстанның мемлекеттік құрылысы тарихының жаңа кезеңіне бастайтынын атап өтті.

«Сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл елдегі демократиялық өзгерістердің катализаторы мен негізіне айналатыны сөзсіз. Саяси партияларды тіркеу ресімдерін жеңілдету жаңа саяси қозғалыстардың құрылуына серпін береді және жұмыс істеп тұрған саяси бірлестіктердің өз қызметін жандандыруына алып келеді. Бұл бағытта AMANAT партиясы белсенді жұмыс істеуде. Съезден бері бір айға да жетпейтін уақыт өтті. Соған қарамастан оның барысында айтылған міндеттер мен бастамалар бүгінде іске асырылып жатыр және TALQYLAU - сол бастамалардың бірі», деді партияның атқарушы хатшысы.

Өз кезегінде, AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек талқылау алғаш рет тікелей эфирде өтіп жатқанын алға тартып, «Біз бүгін құрылымданбаған, цензурадан өтпеген ашық диалог дәстүрін бастаймыз деп үміттенеміз. Бұл Президент жолдауы аясында өте маңызды, өйткені «Жаңа Қазақстан» жұмысын жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек», деді.