Әділет министрлігі осы жаздан бастап еліміздің 112 мың азаматына шетелге демалысқа шығуға тыйым салынатынын хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, енді алимент, салық, айыппұл секілді қарызын өтемегендер Қазақстан аумағынан шыға алмайды. Бұл мемлекетке берешек азаматтардың дер кезінде қарыздарын өтеу үшін жасалып отыр. Енді визаның мөрін бастырар кезде кез келген азамат арнайы электронды база арқылы қарызының бар-жоғын тексертіп алады. Берешегі болса, шетелге демалуға бара алмайды.
Осыған байланысты сот орындаушылары қарызы бар адамдарға үш ай мерзімде қарыздарын өтеп тастауға кеңес беретінін айтуда. Қарызы бар азаматтардың тізімі Әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланып отыр.
«Егемен-ақпарат».