Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ұлттық банк осы бағдарлама арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтамыз десе, Үкімет ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесіне тың серпін береміз деп үміттенді. Бұл құжат, аты айтып тұрғандай, шикізаттық емес сектордың ландшафтына өзгерістер алып келуі тиіс еді. Бірақ соңғы нәтижеде бәрі басқаша болыпты. Сарапшылар жоба бойынша Rixos Turkestan және өзге де 30 шақты қонақүйдің құрылысына да қаржы бөлініп кеткенін айтты.
Енді бәрін басынан бастасақ, әлемде қарапайым заттар экономикасы (ҚЗЭ) – қазіргі заманғы экономиканың ең табысты және инновациялық секторларының бірі. Бізде бұл сегментті дамытуға шикізатты ресурсымыз жеткілікті.
Экономист Бейсенбек Зиябековтің түсіндіруінше, 2018 жылы бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінген. 2022 жылдың басында 1 трлн теңгемен қосымша қаржыландырылды. Оның 500 млрд теңгесі – агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріске, 200 млрд теңгесі – өңдеу саласына, ал қалғаны өнеркәсіпке және қызмет көрсету саласына бағытталған.
«Бағдарлама қабылданған кезде қайта өңдеумен, тереңдетіп өңдеумен айналысатын 300 жобаның қаржыландырылатыны айтылған. Бірақ жобаның тиімділігі туралы айтылған мәлімдемелерде нәтиже тым жалпылама баяндалады. Мысалы, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров былтыр жұмсалған субсидияның әр 1 теңгесіне 40 теңгенің өнімі шығарылғанын, 3 теңгенің салығы төленгенін айтты. Бұл көрсеткіш рас болса, ішкі нарықтағы қазақстандық тауарлардың «ішегін бір майлауға» шамасы жететін-ақ фактор. Бірақ нәтиже мүлде басқаша болып шыққанын мына деректер айқындап тұр: 2019 жылдың басында Қазақстанда қайта өңдеумен айналысатын 712 кәсіпорын болса, 2022 жылдың басындағы көрсеткіш екі кәсіпорынға көбейіп, 714-ке жеткен. «Нәтижесінде, мемлекеттің қаржысы қарапайым заттар экономикасына түк те қатысы жоқ сұлулық салондарына, қонақүйлер жобасына, басқа да релевантты емес жобаларға жұмсалған», дейді Б.Зиябеков.
Оның айтуынша, бұл құжат – толыққанды бағдарлама емес. Оны әлі де жетілдіру керек. Себебі бағдарлама қабылданардың алдында қаржы институттарында шамадан тыс қаржы жинақталды. Сол себепті Үкімет қаржыны қысқа мерзімде механизмдер арқылы айналымға шығаруға шешім қабылдады. Үкіметтің жоспары бойынша бағдарлама импорттың орнын басуы керек еді. Себебі бағдарламаның алғашқы нұсқасын дайындаған кезде экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) аясында нақты салалар тізімі белгіленді. Алайда кәсіпорындардың қажеттілігін зерттеп, анықтауға мүмкіндік болмай, бастапқы тізімге басымдық берілді. Яғни «бізде не шығаруға болады, қай сала тиімдірек, мүмкіндігіміз неге жетеді, қалтамыз қандай жобаны көтереді» деген сауалдардың жауабы терең зерделенбеді.
Әлбетте, бағдарлама қабылданған 2018 жыл мен қазіргі жағдайды салыстыра алмаймыз. Біздің елде реформа деген түсініктің қадірі кеткенін, оған жұрт тіксініп қарайтынын сарапшылар жиі айтады. Бағдарламаны толыққанды жүзеге асыру үшін несиенің қолжетімділігі маңызды. Сондай-ақ кедергі болатын тағы бір фактор – экономиканы қаржыландырудың төмендігі. Мысалы, қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының жұмыс істейтін мерзімі де, қаржылық капиталы да сын көтермейді. Мысалы, Қытайда осыған ұқсас бағдарлама 1980 жылдардан бері жұмыс істейді. Қазіргі үшінші кезең ҚХР-ды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосты. Ал осындай бағдарламаны 2017 жылы қабылдаған Ресей 2023 жылдан бастап оның екінші кезеңі басталатынын айтып отыр. Көрші ел бұл кезеңде ірі қалалар төңірегінде өнеркәсіп парктерін дамытып, оларда тұтыну тауарларын өндіруді жолға қоймақ.
Б.Зиябеков 2018 жылы бағдарламаның қаржылық капиталы 600 млрд теңге болғанын, кейіннен бұл сома 1 трлн теңгеге қайта қаржыландырылғанын айта келе, оны үстемелетіп қаржыландыра беру мәселені шешпейтінін айтады. «2018 жылдан бері бағдарламаның шарттары алты рет қаралып, жалпы көлемнің бестен бір бөлігі ғана игерілді. Игерілген сома шамамен 200-300 млрд теңгеден сәл асады. Бағдарламаның қоржынында игерілмеген 1 трлн 300 млрд теңге инфляцияға желініп, бос жатыр. Шалғай аймақтағы адамдар бақылаушы органдардан қорқып, бизнеспен айналыспайды. Бұлай жалғаса берсе, ҚЗЭ бағдарламасы да әдемі атауынан басқа түгі жоқ құжаттардың бірі болып қалады» дейді Б.Зиябеков.
Көршіміз Өзбекстан нарықтық экономикаға көшуді нақ осы қарапайым заттар экономикасынан бастағанын білеміз. Орталық Азия елдерінің ішінде ШОБ-тың маңызды рөлі Өзбекстанда нақты байқалады. Мұнда шағын бизнестің үлесі ІЖӨ-нің 53,9 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстаннан әлдеқайда көп. Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шағын бизнесте жұмыс істейтіндердің үлесі экономикалық белсенді топтың 73,8 пайызын құраған.
Ішкі нарықты отандық тауарлармен қамту бір-екі жылмен шектеліп қалмайтынын сарапшылар ғана емес, кәсіпкерлер де айтады. Кәсіпкер Махамбет Асабаев он жылдан бері құрылысқа арналған қолғапты шығарумен айналысып жүргенін, нарықта үлес үшін тартыс «тар жол, тайғақ кешумен» бірдей екенін айтады. Тауарға пайдаланатын шикізаттың 90 пайызы елде шығарылса ғана отандық тауар болып саналады. ҚЗЭ бағдарламасы шеңберінде дайындалған тауарларды қазақстандық өнім деп танудың өзі күрделі процесс екен. Демек, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкер тауарға пайдаланатын шикізатты да елімізде шығаратынын дәлелдеу керек. «Мен ҚЗЭ бағдарламасының бірнеше кезеңге бөлініп, ұзақ мерзімді қамтығанын қалаймын. Бұл тәжірибе Ресей, Түркия, Қытай елдерінде сыннан өткен. Қаржыландырылған жобалардың оқ бойы озық шыққандары үстемелетіп қаржыландырылса, кәсіпкер бизнес-жоспарын әртараптандырады, тауар шикізатын өзі дайындауға мүмкіндік алады», дейді кәсіпкер.
Бұл бағдарламаның орындалу мерзімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жылдың аяғына дейін ұзартылып, қосымша 1 трлн қаржы бөлінді. Енді бағдарламаға қалай ілесіп кететінімізді 2022 жылдың екінші жартысы көрсетеді.
Үкімет тарапынан бізді күтіп тұрған нәтиженің нақты көрсеткіші туралы мәліметтер жұқалап болса да айтылып жатыр. Ел ішінде шағын кәсіпорындар ашуға ниет бар. Нанотехнологияларды шығара алмасақ та балға мен шегені, кесе мен шәйнекті өзімізде шығаруға мүмкіндік бар. Мысалы, Қапшағай қаласында кезінде КСРО-ға мәлім болған Қапшағай фарфор ыдысын шығаратын әйгілі өндірістің жұрнағы сақталып қалғанын естідік. Сондықтан кәсіпкер ҚЗЭ бағдарламасы операторына жобасын ұсынбастан бұрын «ертеректе біздің аймақ қандай заттар шығарумен дараланған еді, соны жалғастырса қалай болады?» деген ойды бір саралап шыққаны артық болмайды.
М.Асабаевтың айтуына қарағанда, қаржылық және интеллектуалдық мүмкіндігімізбен iPhone мен Tesla өнімдеріне балама болатын тауарларды дәл қазір шығара алмаймыз. Бірақ әлем дамып жатыр, уақыт бір орында тұрмайды. Дамыған әлеммен бірге жастарымыз да өсіп жатыр. Дамыған елдермен салыстырғанда бізде адам капиталында өсім бар, демографиялық дағдарыстың ауылы алыс. 19 миллионнан асқан халықтың 27 пайызы 18-30 жас аралығындағы жас буын. Жастардан көп үміт күтуге болады.
М.Асабаев айтып өткендей, нарық заңы бойынша экономикамыздың негізін қарапайым заттар экономикасынан бастауға мүмкіндік берілуі керек еді. 1990-жылдардың басында қарапайым киім-кешек тігіп, оны сатумен айналысқандар бизнесін дамыта берсе, бүгінде ірі фабрика иелеріне айналар еді. Шикізатты шетелге экспорттағандар, шетелден тауар әкеліп сататындар бизнес заңын басқа арнаға бұрып, жабайы нарыққа айналдырып жіберді. Осылайша, «тез байып кетудің төте жолы» бизнестің мүмкіндігін тоқтатып тастады. Тіпті қазақтың кәде-сыйларының сүйегін қырғыз, қуыршақтарын Қытай дайындап, оны «өзіміздікі» деп сатқан күндер де болды. Дәл қазір бизнесте жүрген азаматтардың қаншасы алыпсатарлықпен айналысатыны, қаншасы тауар шығаратыны беймәлім.
Постиндустриалды қоғамнан ақпараттық-технологиялық қоғамға ауысқанымызды айтып өткен сарапшы жоғары технологиялар жасап, туристерді ғарышқа жібере алмасақ та импорттық тұтыну тауарларының өндірісін алмастыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Қазақстанда қарапайым заттардың экономикасын қалай қалпына келтіруге және оны тартымды және тиімді етуге болады деген мәселе Үкіметті ғана емес, бизнесті те шындап ойландыруы тиіс. Содан кейінгі мәселе – кез келген тауардың сыртқы көрінісі, дизайны бағасына да, сұранысқа да әсер етеді. ХХI ғасырдың тұрғынын өткен ғасырда айналымға шыққан тауар үлгісімен қарата алмайсың. Сапасы, сыртқы көрінісі бір-бірімен үйлесіп тұрған тауарлар кез келген уақытта жоғары сұранысқа ие. Сол себепті қарапайым заттар экономикасы маман даярлаумен қатар жүруі, ЖОО бағдарламаларына бұл бағыт академиялық сағат ретінде енуі тиіс», дейді М.Асабаев.
АЛМАТЫ