Балама жолдар қарастырыла ма?
Кен орындары бірнеше күн қатарынан резервуар паркін толтырып, жұмысты жалғастыра алады. Алайда Новороссийск теңіз портында жылжымалы айлақ қондырғысын жөндеу барысы ұзаққа созылса, бұл барлық ірі кен орнындағы өндірістің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұны ведомство басшысы да жоққа шығармады.
«Десек те жағымды мәліметтер де бар. Айталық, Каспий құбыры консорциумындағы әріптестерімізбен техникалық кеңес өткізіп, 1-жылжымалы айлақтық қондырғының (ЖАҚ) жұмысы басталып, танкерлер жүк тиеуге кірісетініне қанықтық. Бұл бізді айтарлықтай шығындардан құтқаруға негіз беріп отыр. Сондықтан дауыл басылған соң 1-ЖАҚ іске қосылуымен бірге танкерлер жұмысқа кірісіп, 2-3 жылжымалы айлақ қондырғысын жөндеу жұмыстарын әріптестеріміз үш аптада аяқтап, барлығы қалыпқа келеді деп үміттенеміз», деді еліміздің бас энергетигі.
Құзырлы орган басшысы Қашаған кен орнындағы өндірістің тоқтатылуы жөніндегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
«Қашаған ешқандай да 2 айға жөндеу жұмыстарына жабылмайды. Жоспарлы жөндеу жаз айларына белгіленген. Ол штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Егер де 1-ЖАҚ жұмысы қалыпқа келсе, онда айтарлықтай қауіп туындап, шығын көп болатындай жағдай орын алмайды. Бұл үшін кен орнындағы өндірісті тоқтатудың қажеті жоқ. Күнделікті штаттық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлбетте, тиісті мәселелерді шешу керек. Сондықтан мамандармен жедел кеңесіп, балама бағыттарды жан-жақты пысықтаймыз. Бірақ бұл біздің күнделікті жұмысымыз екенін еске сала кеткен жөн. Сол себепті Қашағанның 2 айға тоқтайтыны туралы ақпарат қисынсыз әрі шындыққа жанаспайды», деді Б.Ақшолақов.
Әйтсе де аталған жағдайға байланысты жауапты ведомство энергия тасығыштарын әлемдік нарыққа іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін балама жолдарды да қарастыратынын жеткізді.
114,4 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндірілді
Былтыр елімізде электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд киловатт-сағатқа немесе 106%-ға жетті. Күзгі-қысқы кезеңде электр қуатының тапшылығын болдырмау мақсатында былтырғы қарашада Жамбыл МАЭС-тің 3-блогы іске қосылып, биыл қаңтарда 4-энергоблок өз жұмысын бастады.
«Қазір генерациялау секторын қолдаудың қолданыстағы тетіктерін күшейту қажеттілігі туындап отыр. Сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қуат нарығы шеңберінде шекті тарифті арттыру талап етілмек.
Ұсынылып отырған шараларды толығымен іске асыру үшін Энергетика министрлігіне тиісті құзырет беріп, энергия өндіруші ұйымдар тарапынан қарсы міндеттемелер енгізу жолымен жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау жүйесі жетілдіріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Энергиялық теңгерім әзірленіп, 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну шамамен 153 млрд киловатт-сағатқа жетеді. Максималды электр жүктемесі 2035 жылға қарай 22,7 гигаватқа дейін ұлғаяды. Қуат резервін 10%-ға дейінгі көлемде қамтамасыз ету қажеттілігін ескеріп, 2035 жылдағы қажеттілік шамамен 25 гигаватты құрауы мүмкін. Осылайша, жұмыс істеп тұрған энергия көздері халықтың және экономиканың электр энергиясына болжамды сұранысын жаба алмайды. Бұл ретте 2035 жылға қарай жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуға тура келеді.
Сонымен қатар генерациялау секторына экологиялық әсерді төмендетіп, оның ішінде парник газын азайту, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелерге бірқатар фактор әсер ететінін атап өту қажет. Осыған байланысты энергия теңгерімін дәстүрлі және жаңғырмалы энергия көздерінен қалыптастырумен бірге АЭС-тен генерацияны енгізу сценарийі қарастырылуда», деді Б.Ақшолақов.
Жалпы, 2035 жылға қарай іске қосуға қажетті жаңа энергетикалық қуаттардың құрылымы келесідей. Атап айтқанда, 5 киловаттан жоғары газ генерациясына, 6,5 гигаватт жаңғырмалы энергия көздеріне, 2 гигаваттан жоғары су электр стансаларына, сол секілді 1,5 гигаватт көмір генерациясына және 2,4 гигаватт атом генерациясының үлесіне тиеді. Бұл энергия жүйелерін реттеуге байланысты көршілес елдерге тәуелді болудан арылуға мүмкіндік беріп, базалық және реттеушілік қуат тапшылығын жабуға жол ашады, деді министрлік өкілдері.
Инвестициялық жобалар қолға алынды
Бұдан бөлек, электр энергиясына деген орта мерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация көздерін енгізуге байланысты бірқатар жоба қолға алынды. Министр айтқандай, бірнеше инвестициялық келісім жұмыс істеп тұрған стансаларға өз қуаттарын жаңғырту мен қайта жаңартуды жүргізуге септеседі. Мәселен, 2022-2025 жылдарға арналған жалпы инвестиция көлемі 491 млрд теңгеден асып, 1 733 мегаватты іске қосуға мүмкіндік беретін жобалар орындалып жатыр.
«Екібастұз 2-ГРЭС-те №3 блогының құрылысы, сондай-ақ Алматы энергия кешенінің энергия көздерін жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып келеді.
2022 жылы жиынтық қуаты 1 200 мегаваттан асатын маневрлік қуат жобаларына қатысты аукционды сауда-саттық өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде батыс және оңтүстік аймақтардағы энергия жүйесін күшейту, сол секілді батыс аймақты бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», деді Энергетика министрі.
Бұған қоса бас энергетик Жаңғырмалы энергия көздерін дамыту бойынша жоспар асыра орындалғанын айтты. Жиынтық қуаты 393 мегаватты құрайтын ЖЭК-ке байланысты 19 жоба іске асырылды. Инвестицияның көлемі шамамен 400 млн теңгеге жетіп отыр. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес жиынтық қуаты 2010 мегаватт болатын ЖЭК-тің іске қосылған нысанының саны – 134.
Б.Ақшолақов цифрлы майнинг субъектілерін анықтауға байланысты жұмыстар да жалғасып жатқанын жеткізді. Министрлік аталған субъектілерді реттеу үшін цифрлы майнинг қызметін лицензиялауды енгізу, цифрлы майнинг субъектілерінің энергияны тұтынуға байланысты квоталарын белгілеу, жаңа майнерлер үшін қуаттарды қосуға мораторий енгізу, цифрлы майнинг субъектілерін жаңғырмалы энергия көздерінен және импортталған электр энергиясын тұтынуға ауыстыруға ұсыныс білдірді. Министр бұл амалдың электр энергиясын өндіріп, тұтыну нарығындағы теңгерімді теңестіру және негізсіз тапшылықты болдырмау үшін қолға алынғанын айтты.