Қазақстан • 30 Наурыз, 2022

Депутаттар үндеу қабылдады

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің отырысы өтті.

Депутаттар үндеу қабылдады

Қоғамдық бірлестік төраға­сы Төлеубек Мұқашев жүр­гі­зіп отырған жиында Түр­кіс­тан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев Мемлекет бас­шысы тарапынан өңірге жақсы көңіл бөлініп жатқанын, кие­лі қала – бірлік пен татулық­тың орталығы ретінде дами­тынын атап өтті. Сонымен қатар биылғы Жолдауда аза­маттық қоғамды дамыту, мәс­лихаттардың рөлін көтеру және өзге де саяси рефор­ма­лар­ды жүзеге асыру жөнін­де маңызды тапсырмалар жүк­тел­геніне тоқталды. «Пре­зи­дент азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру керектігін, олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс» дей келе бірқатар міндеттер жүктеді. Бұл ретте облысымызда жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттар бірлесе жұмыс атқарып, өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүр», деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі ел бірлігін нығайтуда Түркіс­тан тәжірибесі жоғары баға­ланғанын атап өтті. Жолдау­дағы басым бағыттарға тоқ­талып, облыстың даму бары­сы­мен таныстырды. «Үш жыл­дан астам уақыт ішінде Түркістан өңірі жақсы дамыды. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 2,5 есеге артты. Облыста мұнай өңдеу зауыты және өзге де ауқымды жобалар қолға алынып, құрылысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығын әртарап­тандыру, жаңа технологияларды енгізу, жаңбырлатып, тамшылатып суғару арқылы өнім көлемі арта түсті. Жылына 40 мыңдай жұмыс орнын ашу межесі қойылып, бұл жүзеге асу үстінде. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс саласында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. Былтыр 700 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді. Бір Түркістан қаласының өзінде 15 мыңдай пәтер салынып, 100 мың тұрғынға сай пәтер мен инфрақұрылым жасақталып отыр. Түркістан қаласындағы үйлердің 90 пайызына газ берілді. Экология жақсарды. Су каналдары бетондалып, жаңа су қоймалар пайдалануға берілуде. Міне, осы жобалар арқылы Түркістанның экологиясы жақсарып, жасыл қалаға айналады деген сенім мол. Барлық саладағы жұмыстар жалғасын таба береді. Мұның бәрі ел бірлігінің, атқарушы ор­ган мен мәслихаттардың бір­лес­кен жұмысының жемісі», деді Өмірзақ Шөкеев.

Отырыста жергілікті және өңірлерден келген мәслихаттар хатшылары баяндама жасап, өз пікірлерін білдірді. Жаңа Қазақ­станды құру үшін қуатты мәсли­хаттар мен білікті депутат­тарды қалыптастыру жол­дары айтылды. Сондай-ақ «Қазақ­стан мәслихаттары депутат­тары бірлестігі» республи­калық қоғамдық бірлестігінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Жиын соңында депутаттар Президент Жолдауын жүзеге асыру бо­йынша қазақстандықтарға арналған «Жаңа Қазақстан­ды бірге өркендетейік!» атты Үндеу қабылдады.  

 

ТҮРКІСТАН