Кеше түс қайта арнайы өткізілген жалпы отырыста үш мәселе қаралды. Депутаттар күн тәртібінде Мәжіліс Төрағасын, оның орынбасарын және палатаның Әлеуметтік-мәдени комитетінің басшылығына кандидаттарды сайлау мәселесін қарады.
Парламент ғимаратына арнайы келген бұрынғы Мәжіліс Төрағасы, қазіргі Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалған Нұрлан Нығматулин палатадан өз өкілеттігін тоқтату туралы ұсынысын ортаға салды. Ол ұсыныс депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Бұдан кейін отырысты жүргізу Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченкоға табысталды. Вице-спикер өз кезегінде күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе – Мәжіліс төрағалығына кандидатты сайлау екендігін жеткізді. Бұл лауазымға үміткерлер палата депутаттарының арасынан таңдалады. Ол мемлекеттік тілді еркін меңгеруі және жасырын дауыс беру арқылы жалпы депутаттар санының басым бөлігінің қолдауына ие болуы тиіс. Конституцияға сәйкес Мәжіліс Төрағасы лауазымына кандидатты депутаттар өздері ұсынатындықтан, бұл лауазымға Парламент Мәжілісінде көпшілік саналатын «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Қуаныш Сұлтанов ұсыныс тастады.
Депутат сөз ретінде Мәжілістің бұрынғы Төрағасы атына жылы лебіздерін білдіре келіп, «Нұр Отан» партиясының фракциясы Мәжіліс Төрағасы лауазымына осы кезге дейін Төраға орынбасары қызметін атқарып келген Қабиболла Жақыповтың кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Аталған кандидатура бойынша өз пікірлерін білдірген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Надежда Нестерова, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі Владислав Косарев және Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев ұсынылған кандидаттың саяси тәжірибесі мол екенін тілге тиек ете келіп, оның көппартиялы Парламенттің өркендеуіне сүбелі үлес қосарына өз сенімдерін білдірді.
Бұдан кейін депутаттардың жасырын дауыс беруі үшін арнайы жарты сағаттық үзіліс жарияланып, есеп комиссиясының жеті мүшесі жасақталды. Есеп комиссиясының төрағасы депутат Асқар Базарбаевтың мәлімдеуінше, жасырын дауыс беру барысында Мәжілістің 103 депутаты Қ.Жақыповтың кандидатурасын қолдаған. Бұл кандидатураға бір депутат қарсы болған.
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов орынбасарлық қызметке палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваны ұсынды. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, бірауыздан қабылданды. Сондай-ақ, кеше Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасына да кандидат ұсынылды. Депутат Майра Айсинаның ұсынысымен аталған тұрақты комитет төрайымдығына бұған дейін комитет хатшысы болып келген Гүлнар Ықсанова лайық деп табылды. Осылайша, кешегі жалпы отырыста депутаттар күн тәртібіне шығарылған үш мәселені де оң шешіп алды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».