Қоғам • 30 Наурыз, 2022

Әйел қуаты

624 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоғамның түрлі саласында ерекше табыстарға қол жеткізген және Қазақстанның атын асқақтатқан аналар өте көп. Олардың өмір жолдары талайға үлгі-өнеге.

Әйел қуаты

Нарықтың талабы қатты. Барлық салада заманға сай түбе­гейлі өзгерістер мен жаңа бағыт­тар таңдалды. Бұрын шетел­діктерге ғана тән болып келген өмір сүру дағдылары, қызмет көрсету және тұтыну те­тік­тері басқаша сипатқа ие болды.

Өзгеріс лебі медицина саласын да қағыс қалдырған жоқ. Ортада бәсекелестік пайда болып, емделушіге сапалы және тиімді қызмет көрсетуде шын жүйріктер, істі тиімді ұйымдастыра алғандар ғана таңдалатын кезең келді. Заман бағытын алдымен аңғарған ревматолог, реабилитолог дәрігер Сара Шажайқызы Дүсіпова өз бағытын ертерек таңдады.

Ақтөбе мемлекеттік медицина институты «Емдеу ісі» факуль­тетінің 1992 жылғы түлегі Сара Шажайқызы өзі алғаш еңбек жолын бастаған Ақтау қала­сын­дағы №1 емханада 20 жылға жуық еңбек ете жүріп, шет­елдік меди­цинаның дамуы мен отан­дық медицинаның беталысын бақы­лап, салыстыруды естен шы­ғарған жоқ. Нәтижесінде, 2012 жылы «Ақерке» атауымен жеке емдеу орталығын ашып, өз бетін­ше медициналық қызметті бастады.

– Бұл қадамға бір жағы тұрмыс­тық қажеттіліктен барғанымды жасырмаймын. Отағасым марқұм болған соң маған небәрі 25 мың теңге зейнетақы тағайындалды. Бұл қаражатқа бес баланы бағып-қағып, оқытудың қиын екендігі айтпасам да түсінікті. Кейін қайта есептеткенімізде 97 мың теңге тиісті болды. Бірақ мұның өзі біздің отбасының қажетін толық өтемейтін еді, – деп еске алады С.Дүсіпова.

Алдымен сапалы қызмет көрсетуді, ауру жанға қамқор болуды ойлаған ол төңірегіне сауатты, танымал, білікті-білімді мамандарды топтастыра бастады. Арада 6 жыл өткенде «Даму» қорының қолдауымен зәулім ғимаратты толық сатып алып, емхананың қызмет көрсету ауқымын кеңейте түсті. Бұрын шағын ғимаратта орналасқан клиника енді өз алдына заманауи ғимаратқа ие болумен қатар тұрғындарға жан-жақты және сапалы қызмет көрсетуді басты орынға қойды, осылайша, «Еркемед» көпсалалы меди­циналық орталығы нығая түсті. Келесі жылы мемлекеттік конкурсқа қатысып, емхана қыз­метін көрсетуге арнайы рұқсатқа қол жеткізді.

Қазіргі таңда Ақтауда «Ақерке» мен «Еркемед» жеке емханаларын білмейтін адам жоқ. 50% жоғары санатты дәрігерлер, жалпы 200-ге жуық адам қызмет көрсететін клиника заманауи аппараттармен жабдықталған.

– Дәрігерлеріміз арасында тәжірибелі мамандар да, болашағынан үміт күттіретін жастар да жоқ емес. Жоғары санаттағы дәрігер, Ресей, Латвия елдерінде білімін жетілдірген гастроэнтеролог, аллерголог, педиатр Бибігүл Жайылғанова, оңалту орталығының бас маманы, жоғары санатты реабилитолог-дәрігер Саламат Нұрмақов, жас та болса бас маман, өз ісінің шебері, әйелдерге ота жасағанда және бедеуліктің алдын алуда ізденіспен жұмыс істейтін гинеколог Жұлдыз Жеткербайқызы, лор және жоғары санаттағы жалпы емдеу дәрігері Лариса Аллабергенова, «Еркемед» емханасының бас дәрігері, өз ісінің шебері, мықты стратег магистр Серік Қасым Төреханұлы мен бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары Ботагөз Қуанышқызы – емхананың да, елдің де белді, беделді дәрі­герлері. Дәрігерлеріміздің білі­мін, тәжірибесін арттырып, заманауи  аппараттармен жұмыс істей алатын маман болуы үшін қолдау көрсетуді ұмытпаймыз, – дейді С.Дүсіпова.

Биыл наурыз айы басталысымен 4 дәрігер демалыссыз жұмыс істейтін «Чекап» эксперттік эндоскопия орталығы ашылды. Пациентті 5-7 минутқа ұйықтатып, өңеш, тік ішекті қарайтын, өңешті кеңейтіп баллон қоятын, қатерлі ісікті алдын ала анықтайтын, тыныс алу жолдарына түскен бөгде нәрселерді алатын, кісі ағзасын толық тексеруден өткізетін мұндай аппарат әзірге Ақтауда жоқ. Ал гинекологиялық, пластикалық бағытта кеспей ота жасайтын лапароскоп биыл сәуір айынан бастап қолданыла бас­тады. Озонмен, лазермен емдеу арқылы қанды сұйылтып, инфаркт, инсульт ауруларының алдын алуға қолданылатын аппарат та облыс бойынша тек «Ақ­ерке» емханасының енші­сінде. Емхананың арнайы аппа­раттар­мен жан-жақты аллер­гиялық тесттер жасап, гастро­энте­рология, кардиология бойынша толық тексеруден өткі­зуге мүмкіндігі бар. Бүгінде Маң­ғыстау облысы бойынша 15 мың­нан астам адам тіркелген емхананың Атырау, Орал, Ақтө­бе қалаларында дәрігерлік тексерістен өткізетін бөлімшелері бар. Ақтауда бөлімшелерін ашқан емхана басшылығының алдына қойған арман-жоспарлары аз емес. Солардың бірі – Маңғыстау облысының Бейнеу, Түпқараған және Маңғыстау аудандарынан өз бөлімшелерін ашу.

«Еркемед» – Маңғыстау об­лысы бойынша Қазақстан респуб­­ликасында медицина­лық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы бұйрыққа сәйкес ашылған алғашқы емхана. «Еркемедте» мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көр­сетіледі. Медицинадағы қар­қынды даму үрдісіне ілесу үшін білім жетілдіру, біліктілік арттыру іс-шараларынан өзі де, дәрігерлері де қалыс қалмайтын Сара Шажайқызы кітаптарға еніп, Мемлекет басшысының, облыс әкімінің алғысхаттарына ие болған дәрігер. Ұлттық құн­дылықтарды қастерлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлесін қосып жүрген Сара елдік іс-шаралардан тыс қалмайды.

Отағасы Досан Ешмановты Маңғыстауда білмейтін адам кемде-кем. Тәжірибелі мұнайшы білім саласына келіп Ақтау қаласындағы политехникалық колледжді абыройлы басқарып, бірнеше жүздеген жас маманның сауатты техникалық мамандық алуына себепші болды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарып жүріп аяқастынан әп-сәтте о дүниеге аттанып кете барды. Соңында қалған үл­пер­шектей бес қызын Сара жа­быр­қатпай өсіріп, қалаған мамандықтарына қол жеткізуіне күш салды. Тұңғышы инженер және қаржыгер мамандықтарын игерген Қаракөз – «Еркемед» емханасының құрылтайшы директоры, әрі қаржы саласы бо­йын­ша басқарушы, Мөлдір – Санкт-Петербург медициналық университетінің 5-курс студенті, болашақ пластикалық хирург, Іңкәр Қазақ-орыс медицина университетінің 2-курсында оқыса, Меруерт пен Ақерке – мектеп оқушылары.

Адал еңбекпен, ақыл-білім­мен елге қызмет еткен және жұрт ықы­ласына бөленген Сара Шажай­қызы бастаған ұжымның алдына қойған міндеттері айқын әрі ауыр. Бұл міндеттердің жүзеге асуы халық үшін маңызды.

 

Маңғыстау облысы