ИНТЕГРАЦИЯ ИГІЛІГІ
Жақында ғана, 29 наурыз күні «Егемен Қазақстан» «Жасампаз жобаға – жиырма жыл» деген ортақ тақырыппен арнаулы нөмір дайындаған болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық Одақ құру жөніндегі бастамасын жария етуінің дәл жиырма жылдығына орайластырылған материалдар Қазақстан басшысының Еуразиялық экономикалық қауымдастықты, Кеден одағын құру, Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру идеяларының бәрі де кезең-кезеңімен жүзеге асып келгенін көрсеткен, алдағы кезде Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындықтың барысын ашқан еді. Газет бүгінгі нөмірде де осы аса маңызды тақырыпты жалғастырып, «Интеграция игілігі» ортақ атауына топтастырылған жарияланымдарды 3-бетте оқырмандар назарына ұсынып отыр.ИнЕУ
Павлодардағы бұл университет Ресейдің Сібір өлкесі мен Қазақстанның Алтай аймағындағы әмбебап мамандар дайындайтын бірегей сапалы оқу орны болып отыр
Жуырда ғана өнертапқыштық бастамаларды дамытуға қосқан үлесі үшін Ресей Жаратылыс тану академиясы президиумының шешімімен павлодарлық ғалым, ИнЕУ-дің химия және металлургия кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Иршек Ибраев Альфред Нобель медалімен марапатталды. Бұл оқу орны үшін үлкен жетістік. Студенттер үшін мақтаныш. Университетте Еуропалық Одақтың қолдауымен «Жаңғыртылмалы энергетиканың» бірегей зертханасы құрылды, оның біздің елімізде, ТМД елдерінде баламасы жоқ көрінеді. Оқу орнының ауа райын бақылайтын өзіндік жеке метеорологиялық стансасы бар. Экономика ғылымға, инновацияға, жаңашылдыққа сенеді, білім ғылым арқылы беріледі деген осы. Облыс орталығындағы біз ИнЕУ деп жазып отырған осы Инновациялық Еуразия университетіне жақында Ресейдің Барнаулдағы И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінің студенттері де келіп қайтты. Сонымен қатар, осы аралықта Алтай мемлекеттік техникалық университетінде ИнЕУ-дің де студенттері оқып-білім алу үшін Барнаулға аттанған болатын. Шекаралас өңірлер үшін жол ашық. Мақсат – ел студенттерінің екі елдің профессорлары өткізетін инновация, жаңа технологиялар тақырыбындағы лекцияларына қатысып, өзара ой-пікір бөлісіп, білім деңгейлеріне баға беру. Яғни студенттер екі апта бойы Барнаул мен Павлодарда лекциялар тыңдап, сабақ оқиды. Бізге келген барнаулдық студенттер ИнЕУ-дің стандарттау және машина жасау кафедрасында «Азық-түлік өнеркәсібіндегі тиеу-түсіру және тасымалдау-қоймалық жұмыстардың механизмі» мен «Тоңазыту техникасының негіздері» пәндері бойынша лекция тыңдады. Бұл тақырыптағы сабақтарды техника ғылымдарының кандидаты, профессор П.Дубровин, аға оқытушылар Наркен Алғазинов, Т.Әкімбаевтар жүргізді. Оқу орнының стандарттау жүйесі және машина жасау кафедрасының аға оқытушысы Наркен Алғазиновтың айтуынша, сабақтар барысында ресейлік студенттер өздерінің білімділіктерін көрсете білді. Екі апталық оқу соңында Алексей Анохин, Денис Бехтев, Виктор Дзюбин, Алексей Ольховскийге оқыған пәндері және игерілген кредиттер саны көрсетілген көшірмелі транскрипттер берілді. Біз, Алтай мемлекеттік техникалық университеті азық-түлік өндірісінің машиналары мен аппараттары факультетінің 4-курс студенттері, университетіміз бен ИнЕУ арасында өтетін студенттердің білім алмасу бағдарламасына қатысуға келдік, дейді Денис Бехтев. Яғни бұл өз мамандығың бойынша қосымша білім алу деген сөз. ИнЕУ-дің оқытушы-профессорлық құрамына рахмет. Және де біз екі апта бойы достық қарым-қатынаста тұрған студенттік жатақхананың қонақжайлығына ризамыз. – Ал, жалпы, екі елдің студенттері өзара білім алмасу арқылы тығыз байланыста болу үшін біздің тарапымыздан барнаулдық студенттерге тағылымдамалық бағдарламалар жасалынды. Оған өздері таңдаған пәндер бойынша дәрістік, тәжірибелік сабақтар, сонымен қоса бос уақыттарын қызықты өткізу жоспары енді, – дейді ИнЕУ-дің инженерлік академия факультетінің деканы Абылай Жүнісов. Университет техника ғылымдарының докторы, профессор, ректор Асқар Камербаевтың басқаруымен жоғары технологиялар заманының талаптарына сай экономиканың әртүрлі салалары үшін біліктілігі жоғары мамандар даярлайды. Елімізге кәсіби кадрларды даярлауда өндіріс орындарымен бірлесе жұмыс жасауда. Сонымен қатар, көршілес Ресейдің ынтымақтастық ұсыныстарына орай инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды бірлесіп даярлауға қол жеткізді. Мысалы, Түмен мемлекеттік мұнай-газ университетімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын қолдау туралы келісімге де қол жеткізілді. ИнЕУ-ді «Еуропа ЖОО-ларының Ұлы хартиясына» қосу туралы Болон келісіміне қол қойылды. Өңірдің аймақтық инновациялық жүйесін қалыптастыру бағдарламасының қатысушысы саналады. Экономикалық, ғылыми-техникалық ілгерілеу және жоғары білімді дамыту, сонымен қатар, кәсіпорын базасында оқу-өндірістік орталықтар құру мақсатында Қазақстан және Ресей университеттері мен кәсіпорындарын біріктіретін «Ашық корпоративтік университет» консорциумын ұйымдастырушы аталып отыр. Алдағы уақытта ИнЕУ-ге студенттер үшін танымдық, инновациялық лекциялар оқу үшін Тува мемлекеттік университетінің профессоры Манчык-Сат Чодураа келмекші. Жаһандану үдерісінде Еуразиялық тұтастықтың қажеттігі, осы кеңістікте интеграциялық үрдістердің өмірлік маңыздылығы, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде мәлімдеген еді. Сол сәттен бері өз дамуын алған бұл еуразияшылдық идея қолдау тауып, қазір өмірге белсене еніп келеді. Ал, ең бастысы, екі ел жоғары оқу орындарының оқытушы құрамын экономиканың негізгі салалары – өндірістер, жабдықтар мен машина жасау өндірісіндегі біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсаты біріктіреді. Сондықтан да, мұндай еларалық ынтымақтастық байланыстар екі ел студенттерінің Ресейдің және біздің еліміздің оқу орындарынан білім алып, ізденулеріне, болашақта білікті маман болуларына мүмкіндік беріп отыр.Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.ИНТЕГРАЦИЯ ИГІЛІГІ