04 Сәуір, 2014

Өркениеттілік тұғыры

367 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Біздің «Стратегия-2050-дегі» басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға негізделуге тиіс. Н.Ә.НАЗАРБАЕВ. _______________ Президентіміз Н.Ә.На­­зар­­баевтың Жолдауын күн­де оқи­тын ба­ғыт-бағ­дарымызға айнал­дыр­­дық. Жолдау әр­бір жанға маз­мұн­ды­лығымен, нақтылы­ғымен айрықша әсері болды ғой деп ойлаймын. Иә, КСРО-ның күйреуінен кейін, 1997 жылдан бастап, мем­­лекетіміздің егемендігі бақы­тын баянды ету жолында Пре­зи­дентіміз Н.Ә.Назарбаев жылма-жыл ха­лыққа Жолдауын арнап келеді. Әрбір Жолдау жас мем­лекетіміздің үдемелі дамуына басты да нақты жоспарлар мен бағдарламалардың орындалуына серпін туғызар леп беруде. Басына қонған бақты оның қадіріне жететін жандар ғана ба­ғалайтындығы сөзсіз. Сол ба­­­қыт­тың қазақ халқына қон­ға­­нына бүгінде 22 жыл болды. Оны ұшы­рып алмау біздің ен­ші­мізде. Мемлекет іргетасының нық та берік қалануы үшін Елбасы халқымызға «Қазақстан-2030» Жолдауын ұсынғаны белгілі. Сол «Стратегиялық» кітапшасын мезгіл-мезгіл ашып қарап қоя­мын да қатты қуанамын. Неге дейсіз ғой. Негесі сол, халқы­мыз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ Елбасын дұрыс таң­даған екен. Шындығы сол, біз­дің аға-ұрпақ, әке-шешелеріміз тәуел­сіздікті ғасырлар бойы аңсап келген, тұрмыстың тауқыметін тартқан жандар ғой. Дұрыс басшыны адаспай таңдай білген. Еш қателеспепті. Ал қазіргі таңда «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының ор­нын әдемі алмастырған «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынты­мағы жарасқан мемлекет болып қалыптасуымыздың бірден-бір кілті екені бәрімізге мәлім. Ұлы Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: ес­тіп, көріп, ұстап, татып, дү­ниедегі жақсы, жаманды тани­­ды, білгені, көр­гені көп адам білімді болады», деген. Міне, ұлы Абай айт­қан­дай, біздің Елбасымыз 22 жыл ішінде адамзат тамсанар қы­руар жұмыстар атқара отырып, Қа­зақ­станды дүниежүзіне та­нытты. Бір ғана мысал. Елбасының ең көрегендігі мынада, жаһандануға бет бұрған тұста келген тәуел­сіз­дігіміздің беріктігін жасайтын да, оны жалғастыратын да келешек жастар екендігін алыстан болжай білуі. Сондай-ақ, Жер-Ана­ның тіршілігінде тыныс алған адамзаттың жаңа құралдармен жұмыс істеулері, ғаламторлар арқылы байланысы, табиғи апаттармен күрес, т.т. үшін бүгінгі күн­ге лайықты мамандарды дайын­дау бірінші кезекте екенін ұғынуы. Ұғына отырып, оны іс жүзіне асыруды мақсатты әрі бірінші орында тұрған басты міндет етіп қоюы. Оны орындады да. Қандай қиындықтар бол­са да алғашқы жылдардың өзін­де-ақ жастарды «Болашақ» бағ­дарламасымен оқытты. Енді, міне, олар лек-легімен келіп, жау­апты қызметтердің алғашқы табалдырығын аттауда. Бүгінде қырыққа таяған біз­дер Кеңес өкіметі ыдырар алдында мектепті аяқтауға жақын қалған, жоғар­ы оқу орнының табал­ды­рығын енді ғана ат­таған жастар едік. Жас мемлекетіміздің Конституциясын жа­зуға атса­лысқан Ғ.Са­пар­ғалиев пен М.Бай­маха­новтардан ма­шықтанып, олар­дан қазақ халқының келе­шегін бол­жауға, ол үшін жас­тардың қосар үлесінің не бол­мақ екенін оқып-үйрендік. Тоқ­та­май жетілдіріп әлі де үйрену үс­тін­деміз. Өйткені, жаһандану аясы өте күрделі үдеріс екені то­лық­қанды мойындауды талап етеді. Қатарластарымыз үшін тәуел­сіздік дәмінің адам айтқысыз тұщы­лығын көріп-біліп өсуіміз біз­дерге бірден-бір бағыттаушы күш болды. Тәуелсіздік тұғырын нық ұстауда алғашқы күннен-ақ жан-жақты дамудың баспалдағын дұрыстап шегелеп қағысуда, оның қиындықтарына төзіп, өз үлес­терімізді қосуда ізденіс үстіндеміз. Елбасының әр Жолдауы жо­ғарыға шығатын баспалдақ іспет­тес. Әр баспалдағымыз дұрыс әрі бекем екенін қадағалаған құрылыс шеберлері секілді халықтың да назарында. Президент Н.Ә. Назарбаевтың биылғы 2014 жылға арналған Жолдауы мүлдем ерекше. Бұл Жолдау мемлекетіміздің алғашқы 22 жылдық тойын жалғастырар, 2050-ге жол сілтер айқындықты көрсетеді. Қаншама үлкенді-кі­шілі жобалар жүзеге асса, ендігі 5 жылдыққа қыруар шаралар қа­былдануда. Халық игілігі үшін барлық бағыт дерлік қамтылған. Бүгінде ТМД елдерінің көбі­сінен ілгері басқанымыз, енді бо­лашақта 30 елдің қатарына да қо­сыларымыз қуанышқа ай­нал­­ғаны белгілі. Сондықтан да, бү­кіл халқымыз, тіпті, дүниежүзі саясаткерлері де Жолдау жария­ланған сағаттан бастап өздерінің жоғары баға­ларын бере бастады. Мен өз отбасыммен Жолдауды бағдаршамымыз, адастырмас компас ретінде қабылдаймын. Қызметіміздегі іс-шараларды орын­дау бір басқа, ал, отбасы­мыз­дағы басты бағдарымыз – өсіп келе жатқан қызымыз бен ұлы­мызды Назарбаев зияткерлік мектебіне даярлау. Өйткені, әрбір отбасы өз балаларын бүгінгі үде­мелі даму үдерісіне ілесе ала­­­тын­дай етіп, қамқорлықпен өсі­руі­, соған бар күш-жігерін жұм­сауы керек екендігін айтар едім. Әйт­пегенде бала-шаға­мыздың көш­тен қалып қоятыны айтпаса да түсінікті. Дархан ЖАБАЕВ, Қаржы полициясы академиясының аға оқытушысы, қаржы полициясының капитаны.