04 Сәуір, 2014

Ұлтаралық келісім инновациясы

431 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БІЗДІҢ ОТАНЫМЫЗ – БІРЛІКТІҢ БЕРЕКЕЛІ БЕСІГІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметі баспасөз мәслихатын өткізді DSC_2332 Онлайн арқылы өзге өңірлердегі БАҚ және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан жиынды Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Болат Садықов жүргізді. Ол сессия қарсаңындағы еліміздің ұлтаралық келісім моделіне арналған жиын­ның тұңғыш рет шығыста өткі­зілуінің негізі бар екенін атап өтті. Себебі, өңірде 105 этнос өкілі бас қосқан, 103 этномәдени бірлестік қызмет атқарады. Еліміздегі ең алғашқы Достық үйі 1992 жы­лы Өскеменде ашылды, деді Б.Садықов. Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі жөнінде аталған ұйымның хатшылық меңгерушісі Еркімбек Аязбаев жан-жақты мәлімет берді. 1995 жылы құрылған ҚХА қызметі облыстағы өрісін 9 Достық үйімен, 2 жастар ұйымымен, қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін «Ассамблея жаршысы» газетімен және ғылыми-сараптамалық топ­тың қызметімен жан-жақты жүр­гізуге мүмкіндік алып отыр. – Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді, бірлікті сақтауға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың саясатын өңірі­міздегі барлық ұлт өкілдері қол­дайды. Осыған орай аймақта қоныстанған этностар арасындағы достықты нығайтуға жергілікті атқару органдары да үлкен үлес қосып, оған жаңа мазмұн мен серпін беріп отыр, – деді Е.Аязбаев. Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің көзайымына айналған этнографикалық кешен алғаш рет Өскемен қаласында рекордтық қысқа мерзім ішінде салынды. Этноауылдың алғашқы қонағы Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев болды. 2010 жылы Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VII форумы барысында пайдалануға берілген кешен аумағында ғылыми әдебиеттен және мұрағаттан алынған материалдар бойынша тұрғызылған 16 үй-жай және XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында шығыс өңірінде өмір сүрген ұлыстардың қонысжайлары орналастырылған. Осы мәлі­мет­терді жеткізген облыстық сәу­леттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты қорық-мұражайының директоры, орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Николай Зайцевтің айтуынша, бүгінде этнографикалық кешеннің аумағында 44 нысан бар. 2011 жылдан бері сол жағалауда орналасқан кешенге келушілер саны 700 мыңға жуық адамды құраған. Облыстық Достық үйінің не­гізін салушылардың бірі, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик Елбасының елі­міздегі бірінші Достық үйін ашу салтанатында ғимараттың құр­метті қонақтары қолтаңба қал­дыратын кітапқа «Қазақстан халқының достығы – еліміздің баға жетпес құндылығы» деп жазғанын ризашылықпен есіне алды. Ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрін насихаттайтын Достық үйі құрылған сәттен бастап мәдениет пен тілді түлету мектебі жұмыс істейді. Онда әр ұлыстың тілімен бірге, мемлекеттік тілді оқыту да жолға қойылған. – Көптеген бастамалардың орталығына айналған шығыс өңірі Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында Президенттің тікелей қолдау білдіруімен «Бей­бітшілік пен келісімнің жол картасы» акциясын, Достық үйлері жетекшілерінің І конгресін өткізді, – деді Лео Шик. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ орыс тілі кафедрасының профессоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-са­раптамалық тобының жетекшісі Люция Абдуллина 1997 жылдан бастап өңірдегі екі ірі уни­вер­ситеттің ғалымдары этнобір­лестіктер көтерген барлық бастамаларды ғылыми тұрғыдан сараптауға қомақты үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Өткен жылы Қазақстан мен іргелес ау­мақтардағы этнодемографиялық үде­рістер жөнінде ғылыми еңбектер жинағы жарық көрген. Сондай-ақ, ғалымдар ұлтаралық келісім моделін инновациялық технология­лар тұрғысынан жетілдіре түсуге ден қойып отыр. Бұл ретте, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірге Достық үйінде G-global жобасы аясында «Қазақстандағы этноәлеуметтік үдерістер, өңірлік деңгейде зерттеулер жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбында семинар өтті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ фи­лософия және адамды да­мыту мә­селелері кафедрасының меңгерушісі Нелли Краснобаева ұлтаралық қарым-қатынастарды ғылыми тұрғыдан жетілдіру өте нәзік мәселе екенін, терең білік­тілікті қажет ететіндігін, сондық­тан ғылыми-сараптамалық топ мүшелерінің негізінен тіл және этнодемографиялық саясатты қам­тыған екі бағытта қызмет етіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ТМД кеңістігінде ұлтаралық қарым-қатынастарды тәжірибелік конференциялар, маңызды басқосулар төңірегінде талқыға салып қана қоймай, оны мемлекеттік басқару мен өңір­лік саясатта нақты жүзеге асыра білді. Мәселен, Ресей Федера­циясының субъектілерімен, Қы­тай және Моңғолиямен қол қой­ылған меморандумдардың аясында, сондай-ақ, этномәдени бір­лестіктердің халықаралық ынты­мақтастығы бойынша инте­грациялық байланыстар арта түсуде. Алдағы уақытта да этно­ор­талықтар «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық жобасына қатысуды жоспарлап отыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.