Экономика • 31 Наурыз, 2022

Астығымызға сұраныс артуы ықтимал

270 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қақтығыс салдарынан гумани­тарлық апат алдында тұрған Ук­раина кесе-көлденеңдеген қиын­дықтарға қарамастан көктемгі егіс жұмыстарына кірісті. Елдің бірнеше облысында оқ пен от­тың дүрілі ғана емес, дала жұмыс­тарының дүбірі де естіле бастады. Бірақ...

Астығымызға сұраныс артуы ықтимал

Коллаждарды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бірақ геосаяси жағдайға байланысты Украинадағы биылғы егістік көлемі шамамен 30 пайызға қысқармақ. Мұның елдің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ бүгінге дейін Украина астығын импорттап келген елдер де әбігерге түспек. The Page іскерлік басылымының дерегіне қарағанда, Украина Солтүстік Африканы, Қиыр Шығысты, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл дегеніміз – шамамен 100 млн адам. Осыны ескерсек, әлемдегі ең ірі астық өндіруші 10 елдің қатарына кіретін Қазақстан үшін де, өзге мемлекеттер үшін де жаңа нарықтардың есігі ашылғалы
тұр.

Украина елдегі жағдайға байланыс­ты жоғары маржиналды дақылдардың, атап айтқанда, күнбағыс пен жүгерінің алқаптарын азайтты. Есесіне азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан өндіруге оңай мәдени маңызы бар егіс алқаптарын көбейтуге ден қоюда. Бұларға бұршақ, арпа және сұлы жатады. Қысқасы, Украина экспортқа бағдарланған дақылдардан бас тартып, ішкі нарықта тұтынатын азық-түлік дақылдарына көше бастады.

Деректерге сүйенсек, биыл Украи­на­дағы негізгі жаздық дақыл­дар егілген алқап шамамен 6 млн гектарды құрамақ. Бұл был­тыр­ғы көрсеткіштен 1,6 млн гек­тар­ға аз. Күздік дақылдар дәні 7,7 млн гектарға себілген. Бұл 2021 жыл­ғы көрсеткіштен 0,4 млн гектарға артық.

– Әрине, Украина астықсыз қалмайды. Өйткені былтырдан қалған қоры бар. Оның үстіне гео­саяси жағдай шиеленісе түскен сәтте-ақ азық-түлік экспортына шектеу қойды. Әлемнің әр түкпірінен гуманитарлық көмек те көрсетіледі. Есесіне, Украина астығына арқа сүйеп алған елдер тығырыққа тіреледі. Өйткені бұл ел әлемдегі ауыл шаруашылы­ғы тауарларын экспорттайтын көшбасшы мемлекеттердің бірі. Демек Украина экспорттың жолын бітесе, әлемдік нарықтағы азық-түлік бағасы өседі, тапшы­лық орын алады. Бұл Еуропаға әсер ете қоймас. Дегенмен Азия, Африка және Қытай қина­лады. Солтүстік Африка мен Түр­кия ас­тықсыз, Азия мен Қытай жү­гері­­сіз қалуы мүмкін, – дейді Dragon Capital-дың инвести­ция­лық банкирі Сергей Фурса.

Украинадағы еңбекке жарамды адамның барлығы дерлік қолына қару асынып, Отанын қорғауға кіріскенін ескерсек, көк­темгі дала жұмыстарына жұ­­мыс күші жетіспеуі мүмкін. Демек елдегі астық өнімділігіне бұл да белгілі бір деңгейде кері әсер етеді. Мұны Украинаның аграр­лық саясат министрі Николай Соль­ский де мойындады.

– Бүгінгі таңда Украина шаруа­ларына мемлекеттік қолдаудың бір ғана түрі қолжетімді. Яғни олар жеңілдетілген несие ғана ала алады. Әскери қақтығыстар орын алмаған облыстар аталған мемлекеттік қолдауды пайдаланып жатыр. Ең бастысы, шаруа­ларда тұқым мен тыңайтқыш жет­кілікті. Жасыратыны жоқ, жанармайға қатысты мәселе де бар. Дегенмен бұл да шешілетін шаруа. Биылғы егістіктің көлемі қанша болатынын дөп басып айту қиын. Бәрі болжам күйінде қалып отыр. Кадр жетіспеушілігі қинап тұр. Білікті мамандардың барлығы Отанды қорғауда, – дейді Николай Сольский.

Соғыс азық-түлік инфляция­сын күшейткені рас. Жыл басында әлемдік азық-түлік бағасы рекорд­тық деңгейге жетті. Мәсе­лен, ақпан айында азық-түлік бағасы 24 пайызға өсті. Бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда 4 пайызға жоға­ры. Инфляция Еуропаны да айна­лып өткен жоқ. Euronews-тің жазуын­­ша, Ресей мен Украина ара­­сын­­дағы қақтығыс басталған сәтте-ақ бидай бағасы 50 пайызға қымбаттаған.

Ресей мен Украина әлемде тұтынылатын дәнді дақылдардың 30 пайызын өндіріп отыр. Украи­наны «әлемдегі астықтың сар­қылмас қоры» дейтіні де сон­дықтан. Территориялық тұрғы­дан алғанда бұл ел Ресейден 28 есе кіші болса да, әлемдегі бидайдың 16 пайызын, жүгерінің 12 пайызын беріп отыр. Шиеленіс басталған кезде Украина негізгі азық-түлік түрлерінің экспортына тыйым салды. Ресей де дәл осындай қадамға барды. Демек Украинадағы соғыс әлемдік азық-түлік дағдарысына алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл жағдай әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатып отыр.

– Украина мен Ресейдің дәнді дақылдар өндірісінде алар орны ерекше. Сондықтан соғыстың салдары егін егу, егін ору, экспорттау бағыттарына кері әсер етеді. Әлемдік азық-түлік саласындағы сәтсіздіктерге санкциялар емес, соғыс кінәлі. Өйткені азық-түлік санкциялары енгізілген жоқ. Азық-түлікке ешқандай шек­теу қойылмады. Сондықтан кінә­ні соғыстан іздеу керек. Со­ғыс ашар­шылыққа алып келуі мүм­кін, – дейді Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл ша­­руа­шылығы ұйымының мәлі­метін­ше, мыңдаған украина­лық тұр­ғылықты жерінен кетуге мәж­бүр болғандықтан, елдің ауыл ша­руа­шылығы саласына жұмыс қолы жетпей жатыр. Сондай-ақ Украинаның Қара теңіздегі порт­тық инфрақұрылымы іс жүзін­­­де жұ­мыс істемейді. Ресей­ге қар­сы санк­циялардың сал­дары­нан құн­сыз­данған рубль бағаға ғана емес, ел­­дің агро­­өнеркәсіптік кеше­нін­дегі ең­бек өнімділігіне де әсер етуі ықтимал.

Жасыратыны жоқ, қазір әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі үлкен тәуекелдер алдында тұр. Ресейдің жекелеген елдерге астық экспорттауға тыйым салғанын, Украинаның негізгі азық-түлік тауарларына шектеу қойғанын жоғарыда айттық. Жығылғанға жұдырық демекші, жылына 3 млн тонна астық өнді­ретін Сер­бия да экспортты тоқ­татты. Өйт­кені Сербияның асты­ғы­на деген сұ­раныс күрт өскен. Әсіресе, ас­тық­­т­ың айнала­сын­дағы жағдайға Африка елдері алаңдаулы.

Халықаралық астық кеңесі наурыз айындағы шолуда Ресей-Украина қақтығысын әлем­дік нарықтың негізгі тұрақ­сыз­дан­дырушы факторы ретінде атап өтті. Өйткені екі ел де астық, майлы дақылдар экспорты бойынша әлемдегі көшбасшы саналады.

«Қақтығыстың жалғасуы және ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының өсуі әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы қауіпті күрт арттырды. Мұндай алаңдау­шы­лық әсіресе, импортқа тәуел­ді Таяу Шығыс пен Африка ел­дерінде ерекше байқалады. Жағ­дай тез өзгеріп отыр. Сон­дық­тан дәл қазіргі сұраныс пен ұсы­ныс белгісіздіктің жоғары деңгейіне ие. Бірінші кезекте экспорттық ағындар бұзылуы мүмкін. Украинаның Қара теңіз порттарында коммер­ция­лық тиеу тоқтатылды. Теміржол бағыт­тары елдің батыс шекаралары арқылы экспорттың белгілі бір көлемін өтей алады. Алайда оның жалпы саны шектеулі бол­мақ. Инфрақұрылымдық объек­тілердің бұзылу ауқымы әлі нақты бағаланған жоқ. Бірақ порттарға, теміржолдарға және қоймаларға келтірілген залал ұзақмерзімді перспективада жеткізілімдерге әсер етуі ықтимал», делінген Халық­­аралық астық кеңесінің мәлімдемесінде.

Ресей мен Украина астық экспортын шектесе, өнімділік төмендесе, әлемдегі жағдайды қалай реттеуге болады? Екі елдің орнын кімдер толтыра алады? Қазір әлемдік қауымдастықты осы сұрақтар мазалап отыр. Ха­лық­аралық астық кеңесі Үнді­с­тан, Еуроодақ, АҚШ, Бра­зи­лия сияқты елдер экспортты арт­тыр­ған күннің өзінде Қара теңіз аймағындағы жеткізілім­дер­дің төмендеуін ішінара ғана өтей алады. Сондықтан Қазақ­стан­ға жаңа мүмкіндік туып тұр. Біз­дің ел әлемдегі астық экспорттайтын ТОП-10 елдің қатарына кіреді.

Қазақстан былтыр 15,6 млн тонна астық өндірді. Бұл кейінгі жылдардағы ең төменгі көрсет­кіш. Біздің республика 7,8 млн тонна астық экспорттауға әзір. Бұл да кейінгі жылдардағы ең төменгі нәтиже. Аталған көр­сет­кішті арттыруға болады. Өйткені Қазақстанның ішкі нарығындағы тұтыну көлемі 2,7 млн тоннаға тең. Сонда біздің ел 12 млн тон­наға жуық көлемдегі өнімді экс­порттауға қауқарлы.

Естеріңізде болса, былтыр Ау­ған­с­тандағы жағдай шие­леніс­­кен сәтте Қазақстанның ас­тық экспорттаушылары дәс­түрлі на­рық­тан айырылып қала­мыз деп дабыл қаққан еді. Ал жаңа нарық­тар­ды табу қиын. Тап­қан күннің өзінде бәсе­ке­лес­тік­ке шыдас беріп, нарық­тан орын алуы керек. Бұл айтуға ға­на оңай. Енді, міне, Ресей мен Ук­раи­на ара­сын­да­ғы қақ­ты­ғыс Қазақ­стан секіл­ді жа­ңа на­рықтарға шыққысы келе­тін ел­дерге мүмкіндік ұсынып отыр. Дағдарысты қиындық емес, беріл­ген мүмкіндік деп қарау керек деген тәмсіл осындайда ойға оралады.