Экология • 31 Наурыз, 2022

Орманымыз ойсырамасын десек...

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қасиетті Көкшенің бір байлығы – қолдың саласындай ақ қайыңдары мен мәңгі жасыл қарағайы. Қымбат қазынаның экологиялық және экономикалық ресурс екені белгілі. Оның үстіне баға жетпес ұлттық игілік.

Орманымыз ойсырамасын десек...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бір қарағанда, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ішінде жүргендей көрінгенімен, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы небәрі 405,4 мың гектар алқапты құрайды. Орман жайын­да орынды сөз сабақтағанда, көкөскін көмкерген алқаптар 225,7 мың гектар жерді алып жатқанын айта кеткен ләзім. Шын­туайтында, облыстың орманды алқабы жалпы көлемнің 2,6 пайызы ғана. Демек бағалы бай­лықтың барына мейлінше мән беріп, көздің қарашығындай сақтап, көлемін жыл сайын кө­бейтіп отыру міндет.

Сыңсыған орманның сұлбасы ғана қалып, қоры азайған да уа­қыт болған. Өтпелі кезеңде об­лыстың орманды алқаптары ойсырай шығынға ұшырады. Оның ішінде орманның басынан бақ тайдырған оқиға – дала өртінің жиі орын алуы болды. Ауыл ша­руашылығы құрылымдарының көктемгі дала жұ­мыстары кезінде сабан өртеуі, егіс­тік алқаптарына зиянды химиялық тыңайт­қыш­тар себуі біршама алқаптың жойылы­п кетуіне себепші болды. Заңсыз ағаш кесу де залалын аз тигізген жоқ. Облыс ор­талығына жақын жердегі елді мекендердің маңындағы қайыңды алқаптар құрып кетудің аз-ақ ал­дында қалды. Ендігі міндет – адам қолынан ойсырай зардап шеккен орманның орнын толтыру. Бұрынғы қалпына жетсе, табиғаттың сыйы мелдектеп тұрар-ақ еді. Өткеннің өкінішті кемшілігін толтыру бағытында қазір тәп-тәуір шаруа тындырылуда.

Табиғи қорды еселей толтыру жолы – көшет егу арқылы жасанды орман алқаптарының көлемін молайту. Бұл үшін әри­не, тұқымбақтарда ағаш кө­шет­терінің саны көбейе түсуі қажет. Ұмтылыс бар. Мәселен, 2009 жылдан бастап 17,6 мың гектардан астам алқапқа ағаш көшеттері отырғызылды. Бурабай баурайындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары топы­рақ құрамын зерттеп, қандай ағаш түр­лерін өсіруге мүмкіндік бар екенін електен өткізіп, қыруар жұмыс істеді. Осындай тындырымды жұмыстың нәти­жесінде, елорда мен Щучинск қаласы бағытындағы күре жолдың қос қап­талында орман алқаптары пайда болды. Қазір жанға сая жасыл бақ жаз бойы көз қуантып, көк аспанға бой салып қаулап өсіп келеді. Ел игілігінің молайған тұсы да осы жер. Сөзімізді деректермен байытар бол­сақ, ең алдымен, Шор­танды кентінен Щу­чинск қаласына дейін 2,6 мың гектар алқапқа ағаш көшеттерінің отырғызылып, жапырақ жайғанын айта кету керек.

Орман қашанда қамқорлықты қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйек­тегі Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық жағдайды жақсарту жө­ніндегі практикалық іс-шараларды іске асыруға кірісуді тапсырған болатын. Оның ішінде ел Президенті 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Осы тапсырманы жүзеге асыру барысында өңірде 2021-2025 жылдары 24,5 мың гектар жерге 150 млн түп қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.

– Өткен жылдың көктемінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелері жоспардағы 970 гектардың орнына, 1 370 гектар алаңда көшет отырғызу жұмыстарын жүргізді, – дейді облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров, – биыл

1 280 гектар алаңда 9,3 млн дана ағаш көшеттерін отырғызу жос­парлануда. Жыл сайын жалпы ауданы 171 гектар орман шаруашылығы мекемелерінің 11 орман тұқымбағында өз қажет­тіліктерімізді қамтамасыз ететін 10 млн-нан астам ағаш-бұта тұқымдас екпе және үшжылдық көшет өсіріледі. Келесі жылдары ағаш отырғызу үшін осы материалдарды өсіру көлемін ұл­ғайту бойынша жұмыс жүргі­зіліп жатыр.

Былтыр орман шаруашылығы меке­мелері жапырақты ағаштың 10 тоннадан астам тұқымын және 185 тонна қарағай бүршігін жинап алыпты. Шаруашылықтарда 7 бүршік кептіргіш бар. Осы құрал арқылы 150 тоннадан астам бүршік өңделіп, 1 500 кило қарағай тұқымы алынған. Тұқымның қажет­тілігіне орай, алдағы уақытта жалпы көлемі 86 гектарды құрайтын 2 тұқымбақ салу көзделуде. Мамандардың айтуына қарағанда, орман көлемін ұлғайту үшін бұл өте қажет. Әзір­ге тұқымбақтардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзір­ленген.

Өңірдегі орман көлемін ке­ңейтуді басты мақсат етіп отыр­ған жауапты мекемелердің жыл сайынғы ісін тара­зыға тартар болсаңыз, оң сипаты басым. Ауыз толтырып айтуға әбден лайықты сан салалы жұмыс жүргі­зіліп жат­қанымен, алдағы міндет жүгі же­ңілдей қоймайды. Орманды өңір сана­тындағы Көк­шетау үшін бұл бағытта кезек күт­тір­мей­тін жауапты шаруа шаш етектен. Ормандарды табиғи түрде қайта түлетуге, ағаш кесу көлемін қысқартуға, орман-тоғайды қо­қыстардан тазартуға, елді мекен­дердің айналасында жасыл ай­мақтар құруға, ормандарды өрт­тен қорғауға жәрдемдесу бойынша шаралар қабылдау қажет.

 

Ақмола облысы