«Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалы шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын халыққа насихаттау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шапағатын көрген нысандар бойынша баспасөз турын өткізді. Баспасөз туры кезінде журналистер осы бағдарламаға қатысқан «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Абадан-пласт» сияқты кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорындарға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының несие пайыздық мөлшерін субсидиялау, инженерлік инфрақұрылым жүргізу сияқты бағыттары бойынша қолдау көрсетілген. Бұл бағдарлама экономиканың басым секторларында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
«Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ – Қазақстандағы машина жасайтын ең үлкен зауыттардың бірі. Қазіргі уақытта аталған зауыт өнімділігін екі есе арттыру мақсатында өз құрал-жабдықтарын жаңартуда. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы бойынша өнімдерін өңдеуге арналған автоматты линиялар сатып алды. Алынған қондырғылар өнімнің саны мен сапасын арттыруға көмектеседі. Бұл кәсіпорын сорғы штангаларының Қазақстандағы жалғыз өндірушісі, осы өнім бойынша Қазақстан нарығындағы үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп, осы өнім импортын азайтып келеді.
Баспасөз турының екінші нысаны «Абадан-Пласт» ЖШС болды. Бұл кәсіпорын 2011 жылдың желтоқсан айында құрылған. «Абадан-Пласт» ЖШС біржолғы пластик ыдыс өндірісімен айналысатын Батыс Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Серіктестік «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша пластик өнімдерін жасауға арналған құрал-жабдықтар сатып алды. Өндірістің технологиялық желісінің құны – 26,4 млн.теңге, соның ішінде 60 пайызы – өз қаржысы, 40 пайызы несиеге алынды. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жартысына субсидия берілді. Өндіріс 2013 жылдың наурыз айында іске қосылды. Өндіріс қуаттылығы сағатына 30 мың дана пластик ыдыстар шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында жаңа 13 жұмыс орны ашылды, оның 11-і жұмыспен қамту орталығы арқылы алынған жұмысшылар.
Жалпы, 2013 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде субсидиялау бойынша жергілікті кәсіпкерлердің 10,6 млрд. теңге құрайтын 87 жобасы мақұлданды, соның ішінде 5,8 млрд. теңгені құрайтын 70 жобаның субсидиялау келісімшарттарына қол қойылды. Кепілдеу бойынша 331 млн. теңге құрайтын 6 жоба мақұлданды, кепілдік құны – 165 млн.теңге. Гранттық қаржылау бойынша жалпы құны 38,5 млн. теңге құрайтын 14 келісімшарт жасалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.