
Демократия, либерализм, ашық ақпарат кеңістігі, барлық құжаттарды талқылау, облыстардың жандануы, соны сипаттағы Жаңа Қазақстанның бағыты құптарлық. Бұл бүгінгі заманды ғана емес, еліміздің ертеңін ойлаудан туған ұмтылыс деп есептесек, қателеспес едік. Бұл міндет баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Ел болашағы қашанда жастардың қаншалықты білімді, тәрбиелі болуына байланысты. Біз осы орайда ұрпақ ұлағатына, тәлімі мен тәрбиесіне, білімі мен білігіне айрықша назар аударуымыз керек.
Жаңа Жолдаудың мән-маңызы айрықша екенін жан жүрегімізбен жете сезініп отырмыз. Әр сөздің астарындағы терең мазмұнды ақыл таразысына салып зерделесеңіз, міндет жүгі айқындала түсер еді. Ең алдымен бекем бірлікке назар аудару керек. Сүттей ұйыған бірлік болса ғана береке үйіріледі. Күні кешегі қаралы қаңтар оқиғасында ел тұтастығына сызат түсе жаздаған уақытта егемендігімізді сақтап қалған құдірет – ел Президентінің жанына топтасқан бірлік дер едім.
Мен Ақмола өңірінде қызмет ететіндіктен өлкеміздегі бар жұмыстың өрге басуына мүдделімін. Жергілікті өзін өзі басқару жүйесін нығайту, яғни азаматтарды өз аймағын басқаруға тарту, қызықтыру, өзекті мәселелерді жылдам шешу арқылы облыс пен қаланың қарқынды дамуына қол жеткізуге болады деп есептеймін. Сондай-ақ қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайту шараларын және әйелдер мен балаларға қатысты жазаны қатайту қажеттігін атап өтпеске болмайды.
Жайлагүл САҒЫНДЫҚОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры