
Екіншісі – Ұлытау облысының құрылуы. Жезқазған өңірінің, Ұлытаудың тарихи әділеттілік орнату тұрғысындағы жалпы руханият алдындағы рөлін ұлықтауға қатысты қадамды дұрыс деп есептеймін. Бұдан бөлек, қазіргі таңда халқымыздың әлеуметтік проблемаларын шешуде Алматы облысын Жетісу және Алматы облысы деп екіге бөлу – құптарлық іс.
Шынын айтсақ, осындай қадамдар арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, сол жерлерде мекендеген халқымыздың өмір сапасын көтеруге қатысты нақты қадамдар жүзеге асырылады.
Мәжіліске қазіргі таңда 20 заң қабылдау туралы нақты тапсырма берілді. Бұл – үлкен жауапкершілікті іс. Бұдан бөлек, Мәжілістің жалпы халық алдындағы жауапкершілігін арттыру механизмдері енгізілді. Осыған байланысты қазір Мәжілісте екі рет республикалық бюджеттің орындалуы туралы есеп берілуі – республикалық бюджеттің жұмсалуын бақылауда, халықтың мұқтажына сәйкес шешімдерді жүзеге асыруда өте қажет механизм. Бұған дейін бізде ондай мүмкіндік болған жоқ. Құжатты бір рет қана қабылдайтынбыз. Осылайша, үш жылдың бюджетін бекітетін едік. Енді жылына екі рет есеп береді. Бұл, біріншіден, бюджетті нақты нысандарға бөлуге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар шұғыл төтенше жағдайлар кезінде бюджетті икемдеуге жол ашады.
Тағы бір мәселе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Мәжіліс депутаттарының абыройы мен жауапкершілігін арттыру мәселесі айтылды. Еліміздің амандығын, халқымыздың, территориямыздың, мемлекеттілігіміздің тұтастығын сақтауда бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Сонымен қатар әрбір сөзімізге, ісімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек. Алдағы уақытта депутаттар 20 заң жобасын талқылап, оларды қабылдауға байланысты тиімді жұмыстар жүргізеді.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты