![Жаңару жасандылықтан арылудан басталады](/media/2022/04/01/kazahstan-2-retina.jpg)
Жолдаудың әр сөйлемін шұқшия оқуға тура келді. Бабаларымыздың «Іштен шыққан жау жаман» сөзі мысалға келтіріліпті. Жолдауда «Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды» делінген. Осы тұста «Сол белгілі адамдар кімдер?» деген сұрақ көңілде көлденеңдей береді. «Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасаса» бұл да ашық айтылуы керек деген ойдамын.
Әрине, Елбасының өткен отыз жыл ішіндегі еңбегін ешкім жоққа шығара қоймас. Бірақ халық тарапынан оған таңылып жатқан кінәлар мен айыптаулардың бәрін терістеу билік пен жұртшылық арасын бітістіре түседі дегенге сене қою қиын. Сол күндері Қауіпсіздік кеңесі бұғып қалды. Кәрім Мәсімов неге сатқындық әрекетке барды? Міне, осы және басқа сұрақтар ел тағдырына алаң әрбір қазақстандықты ойландырып жүргені анық. Жолдауда «Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз» делінсе, бұл жайындағы толық ақпаратты ел халқының тездетіп білгенін қалар едік.
Жолдаудағы мына жолдар көңілге үміт ұялатады: «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек». Солай болса жақсы ғой. Көңілімізде жүрген көп қыжылды дөп басқан. Шындыққа жанаспайтын жалған көрсеткіштер мен мәліметтерді беріп отырған әртүрлі деңгейдегі статистикалық құрылымдар. Сірә, кезінде оларға «жоқты бар етіп көрсету» тапсырмасы берілген. Олар ол жүктемені күні бүгінге дейін бұлжытпай орындауға әбден бойлары үйреніп кеткен. Ағаттықты дәл сол күйінде көрсетпеудің зардабы қандай болатынын өмірдің өзі көрсетіп берді.
Жолдаудағы мына жолдарды көрегендік деп бағалаймын. «Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды... Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүргізуге жол ашады».
«Барлық азаматқа бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады». Өте дұрыс айтылып отыр. Шексіз билікте шекесі шылқығандар өздерінің негізгі міндетін, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне жауапты екендіктерін ұмытып та кеткендей. Билікке шексіз қомағайлық, мақтау-мадақтауға малдану кімді болсын басқару тізгінінен айырылуына, айналасындағы сыбайлас топтардың уысынан шыға алмай қалуына апарып соқтыратынын өмірдің өзі, мына қаңтар оқиғасы анық көрсетті. Мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастау, мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы, оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтетін де өткен уақыттың бізге көрсеткен шындығы.
Жолдауда өкілді билік тармағын қайта құру мәселесі кең қамтылған. «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді»... Міне, көңілде жүрген ащы шындықтың бірі осы. Кезінде өзіміз бір шетінде жүрген жұмыс болған соң білетініміз, сайлауға келмеген адамдардың орнына өздеріне қажетті кандидатура үшін топтап бюллетень салып, өтірік сайлау өткізу жазылмайтын дертке айналды. Халықтың көптеген өкілінің «бірде-бір дұрыс өткен сайлауды көрген жоқпыз», деуі рас сөз. Әйтпесе, бүкіл Қазақстан бойынша бір кандидатураның 90 пайыздан аса дауыс жинауы ешқандай ақылға сыймайды. Демек өтірікті де ойланбай айтатын дәрежеге жеттік.
Жолдауда сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңарту, құқық қорғау органдарын күшейту бойынша көтеріліп отырған мәселелер егер жергілікті жерлерде бұрынғы көз де, бой да үйренген таптаурын жасандылықтан арылып, шындыққа негізделіп жүргізілсе, жаңару мен жаңғыру жолына түсіп, Жаңа Қазақстан құрарымыз анық.
Жолдаудың жетінші бөлімінде бұқаралық ақпарат құралдарының да тың міндеттері белгіленген. «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек» делінген. Демек газеттердің үстінен қарап, редактордың билігіне қол сұғушы қандай да бір құрылымның болуы – бұдан әрі тиімділігін жоғалтатыны анық. «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек», делінген Жолдауда. Ендеше, «төртінші биліктің» өз құзыреті шеңберінде қанатын еркін жазатындай жағдайы болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың соңғы бөлігінде отандастарға арнаған сөзінде: «Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан құндылық жоқ... Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз», деді. Бұл әрбір елжанды, саналы отандастың мәңгілік өзгермейтін жүрек үніне айналып, сол жолда бірлігімізді көрсеткенде ғана жаңа Қазақстанның жарқын бейнесін көре аламыз.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері