04 Сәуір, 2014

Жоғарғы Сот Қарағанды тұрғынының даулы пәтерін заңдастырып берді

632 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
04-04-Zogargi cotСудьялардың қашанда білімді, білікті, үнемі қара қылды қақ жара алатын  адал да әділ болуын талап ететін Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларындағы міндеттерді орындау жолына қойған Жоғарғы Соттың  азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы Шахтинск қаласының 73 жастағы тұрғыны Е.С. Первактың  тұрғын үйге құқығын тану туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады. Мәселе былай болған еді. Қарағанды облысының Шахтинск қаласының әкімі Қарағанды облысының Шахтинск қалалық сотына К-ге жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтату  және үйді коммуналдық меншікке берілді деп тану туралы талап арызбен жүгінді. Ал К. болса даулы пәтерден шығару туралы Е.С. Первакқа қарсы талап қойды. Артынша Қарағанды облысының сот сатылары Шахтинск қаласы әкімінің талап арызын қанағаттандырудан бас тартты, бірақ К-нің қарсы талабы қанағаттандырылды. Мұны өз кезегінде қараған Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы барлық шығарылған сот актілерінің күшін жойып, әкімнің талап арызын қанағаттандыру және К-нің қарсы талабынан бас тарту туралы жаңа шешім шығарды. Жоғарғы Сот 1992 жылғы 10 шілдедегі пәтерді сату-сатып алу туралы шарттың негізінде даулы пәтердің иесі К. болып табылатындығын белгіледі. 1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін даулы пәтерде Е.С.Первак тұрып, осы мүлікті күтіп ұстау бойынша ауыртпалықты көтеріп келген.  Ал 2007 жылғы 2 мамырда даулы пәтерге «иесіз» санаты бойынша дереликция салынған. Бұған қоса, 2013 жылғы 4 мамырда іс бойынша сот шешім қабылдағанға дейін төрт күн бұрын пәтердің иесі – азамат К-нің жүгінуіне байланысты даулы пәтер «иесіз» санаты бойынша есептен алынып тасталған. Әкімнің талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан жергілікті соттар өз тұжырымдарын сот пәтерді иесіз және оны коммуналдық меншікке беру туралы шешім шығарғанға дейін иесі табылса, ол  дереликцияны алып тастауға және пәтерді іс жүзінде иеленуге құқылы екенімен түсіндіреді. Дегенмен, қадағалаушы сот алқасы соттардың бұл тұжырымдарын заңсыз әрі негізсіз деп таныды. «Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы» Жоғарғы Соттың 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес, меншік құқығын сақтау ниетін дәлелдейтін әрекет жасамаған меншік иесі тастап кеткен тұрғын үй тасталған (немесе қалдырып кеткен) тұрғын үй деп аталады. Мұндай тұрғын үйлерге меншік иесімен қараусыз қалдырылған, үйді күтіп ұстау жөніндегі және тағы да басқа міндеттерін орындамай тасталған бос тұрғын үйлер жатады. Ал К. даулы пәтерді сатып алған сәттен бастап онда тұрмаған, мүлікті күтіп ұстау бойынша әрекет жасамаған, мұның нәтижесінде пәтер жартылай бұзылған күйде болған. Е.С. Первак Шахтинск қаласы әкімінің келісімі бойынша даулы пәтерге кіріп, оны жөндеген және осы уақытқа дейін мүлікті күтіп ұстау бойынша шығындарды көтеріп келеді. Керісінше 20 жыл бойы К. даулы пәтерге құқығын мәлімдемеген, мұндай талаптарды ол әкім талап арызды бергеннен кейін ғана ұсынды. Міне, осындай нақты деректер болғасын Жоғарғы Сот Е.С. Первактың даулы пәтерде заңды түрде тұрып жатқандығын және шығаруға жатпайтындығы туралы негізді тұжырымға келген көрінеді. Сөйтіп Е. Превактың тұрғын үйде тұру құқығы қорғалды. Александар Тасболатов. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: www. Newskaz.ru.