Руханият • 01 Сәуір, 2022

Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдығына орай жинақ шықты

805 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдығына орай «Сейітқали Меңдешев. Құжаттары мен материалдар жинағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдығына орай жинақ шықты

Сейітқали Меңдешев Кеңес дәуіріндегі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан бірегей тұлға, қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру, кеңестік билік органдарын жергіліктендіру жолында, 1921-1922 жылдардағы аштыққа қарсы күресті ұйымдастыруға, қазақ ағарту және ғылым салаларының негізін қалауға ерен еңбек сіңірген қайраткер.

«Кітапты шығарудағы мақсат – Қазақ республикасының құрылуы мен қалыптасуына ерен еңбек сіңірген Сейітқали Меңдешевтің тарихи тұлғасы, оның қазақ халқына сіңірген қызметі арқылы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, отандық тарихи тұлғатану ғылымына үлес қосу, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеу, Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарға және бүкіл әлемге паш ету», дейді шараны ұйымдастырушылар.

С. Меңдешевтің 140 жылдық мерейтойына тарту болған жинақ ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, идея авторы С. Шілдебайдың ғылыми жетекшілігімен құрастырылған.

Осы жинақ арқылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының архивтерінен анықталған С. Меңдешевтің құжаттары мен сөйлеген сөздері, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары тұңғыш рет жиналып, ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Жинаққа 93 тарихи құжат, С. Меңдешевтің 44 мақаласы мен 22 фотосы енгізіліп, фотодағы көптеген қайраткерлердің кім екендігі тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан анықталған. Ресей мен Қазақстан архивтерінен жиналған тарихи фотолардың 10-нан астамы бұрын-соңды белгісіз болып келген суреттер.

Тұсаукесер рәсімін Алматы қаласындағы «Ғылым Ордасында» ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Ғылым Ордасы» РММ бірлесе отырып ұйымдастырды.

Шараға отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, студенттер, магистранттар, докторанттар және БАҚ өкілдері, C.Меңдешевтің туыстары мен жерлестері, сондай-ақ, осы тақырыпқа қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.