Қазақстан • 02 Сәуір, 2022

Рамазан – төзімділіктің, берекенің және рухани жаңарудың айы - М.Әшімбаев

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рамазан – төзімділіктің, берекенің және рухани жаңарудың айы - М.Әшімбаев

«Еліміздегі барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Рамазан – төзімділіктің, берекенің және рухани жаңарудың айы. Шын мәнінде, осы отыз күнде сабырлық, кешірімділік, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер кеңінен дәріптеледі. Көмекке зәру жандарға демеу болатын ізгі амалдар да осы айда көбірек қолға алынады. Сондықтан Рамазанды халықтың ырысын арттырып, ынтымағын нығайтатын ай деп қабылдаймыз», деп жазды Сенат төрағасы өзінің Facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол пандемияға байланысты соңғы екі жыл ішінде ораза кезінде түрлі шектеулердің болғанын айтты.

«Биыл індеттің беті қайтып, мешіттерге емін-еркін баруға мүмкіндік туып отыр. Бұл қазақстандық мұсылмандар үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Қасиетті айдың келуімен құттықтай отырып, ниет еткен жандарға ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын деймін. Әр шаңыраққа шаттық, амандық және береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ораза қабыл болсын!», деді Мәулен Әшімбаев.