Қаржы • 03 Сәуір, 2022

Ақшаны қай валютамен жинаған тиімді?

1971 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Теңге қайта нығая бастады. Ұлттық валюта курсы қай межеде тұрақтайды? Теңгенің күшеюі біз үшін пайдалы бола ма? Дәл қазір айырбастау бекетіне жүгірудің қажеті бар ма? Депозитті немен сақтаған тиімді: теңгемен, бәлкім доллармен? Сарапшылар алуан түрлі пікір айтады.

Ақшаны қай валютамен жинаған тиімді?

Қаржыгерлердің айтуынша, соңғы күндері долларға шаққан­да­ғы курсы 460-қа дейін төмен­деген теңге, жақын арада тіпті 445-455 ме­жесіне жетуі әбден мүмкін. Те­леграм­дағы RiskTakersKZ сарапшылары азаматтарды қысқа мер­зімді трейдингпен айналысып, спе­куляция жасамауға шақырады.

«Адамдардың 510-мен, тіпті одан да жоғары курспен доллар сатып алып, енді ақшасынан айы­рылып жатқан мысалдары кездесуде. Теңге әлсіреген кезде дол­­лар сатып алып пайда табамын деу көп жағдайда жүзеге аса бермейді. 2020 жылдың наурыз-сәуір айларын еске түсірейікші. Мұнай бағасы күрт құлдырап, теңге құнсызданып кетті, адамдар эмоцияға беріліп валюта сатып алуға жаппай жүгірді. Сосын сәл уақыт өткен соң курс қайта нығайды, ал көптеген спеку­лянт­ кері конвертациялауға үлгермей де қалды. Мұндай кезді біз құбыл­ма­лылықтың тым жо­ғар­ғы кезеңі деп сипаттаймыз. Сон­дықтан ондайда асықпай бақы­лап, тепе-тең курс орнайтын уақыт­ты күткен абзал. Біздіңше, қазіргі курстың өзін тепе-тең деуге кел­мейді», деп мәлімдейді канал.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов теңге қайта нығайған кездің өзінде доллар сатып алуға асығудың қажеті жоқ екенін айтады.

«Бизнеспен айналыспайтын достарыма айырбас бекеттеріне жүгіріп, ақша тауып қалуға асықпаңдар дер едім. Қаржы ке­ңес­шісі бола тұра менің өзім ешқандай валютаны сатпаймын және сатып алмаймын. Біз – Қа­зақ­станбыз және біз есеп айы­ры­суды теңгемен жүргіземіз. Әдетте, саясаткерлердің ойынынан кейін тыныштық орнап, сосын активтер қайта қалпына келе бастайды. Сондықтан менің айтарым – кез келген курсты байыпты қабылдау қажет, барлық қиын ахуал бірте-бірте түзеледі», дейді Р.Рысмамбетов.

Жалпы, ақшаны қай валютамен жинаған жөн? Әрине, көпшілік арасында теңгеге деген сенімнің төмен екені белгілі. Талай мәрте күрт құлдырап, опық жегізген валютамен салым жасауды құп көретіндер де, көр­мейтіндер де бар. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Мерей Исабеков бұған орай былай пікір білдіреді: «Сыртқы әсерлерге қарамастан доллар негізгі резервтік валюта болып қала береді. Сол себепті ақшаның бір бөлігін доллармен сақтап және оны инвестициялау тиімді болар еді. Сол арқылы сіз өз жинағыңызды курс тәуекелдерінен сақтай ала­­сыз. Ал бір бөлігі теңгемен тұр­сын. Яғни оны кез келген қа­жет жағ­дайда есеп айырысу үшін қол­дана бересіз. Сонымен қатар әртараптандыру туралы да ұмытуға болмайды. Мейлінше портфельге өзге де валюталарды қосып, жоғалтып алу қаупін төмен­дете аласыз».

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев қазақстандықтардың төл валютаға деген сенімі тым төмен екенін, сол себепті қоғам­дағы қаржылық мінез-құлықтың да тым құбылмалылығы байқа­ла­тынын жеткізді.

«Егер бір жағдай бола қалса, адамдар бірден айырбастау пункттеріне жүгіреді. Бұл нашар белгі. Әрине, адамдардың жай-күйін түсінуге болады. Алайда бір жағынан қаржылық сауаттылық мәселесін де шетке ысырып тас­та­ған жөн болмас. Көбі теңге курсын 150-ге оралтуды сұрайды және сол кезде сенім қалпына келеді дегендей айтады. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Қаржы мәселесінен сәл де болса хабары бар адам әлемдік валюталардың тап осылай дамығанын біледі. КСРО-дан шыққан өзге елдердің барлығының валютасы бізден бірнеше есе жылдам құнсызданып кетті. Бізден баяу құнсызданған рубль ғана, оның өзі сондай күшті емес. Сондықтан ақша жинар кезде оның мақсатын бірден анықтаңыз. Сонда ешқандай дүрбелеңге салынбай, байыпты шешім қабылдай аласыз», деді А.Чеботарев.

Телеграмдағы Monetarity каналы Ресейдің газды рубльмен сату туралы шешімі нарықтағы жағдайды өзгертпейді деген пікір білдірді.

«Бұл дегеніңіз РФ банктері мен төлем жүйесіне салынған санкцияларды айналып өтуге бағытталған тым қызық ұстаным. Жағдайды құрылымды түрде өзгерте алмайды, импорт үшін де доллар төленеді, яғни кез келген жағдайда конвертация жүреді. Ал теңгенің қазіргі күшеюі бәлкім ел арасындағы байбалам мен дүрбелеңді басар. Бірақ РФ-мен сауда қатынасы, КҚК факторы, бүкіл әлемдік баға өсімі секілді жаңа экономикалық шындықтарға теңге әзірге селт етіп реакция білдіре алмай тұр», деп жазады канал.

Экономист Ғалымжан Айтқа­зин­нің айтуынша, ұлттық валюта бұдан әрі де нығая түсуі мүмкін. AERC Beta LLP бас директоры 1 доллар 445-455 теңгеге дейін нығаяды деп болжайды.

«Осы аптаның басынан бері валюталық саудада теңге кур­сы­ның қымбаттауы ресейлік рубль­дің нығаюына байланысты болды. Алайда мұнай котировкалары біркелкі болмады. Мысалы, 29 наурыз күні Ресей мен Украина арасындағы келіссөз фонында Brent барреліне 110,9 долларға дейін төмендеді. Өз кезегінде рубль курсы қымбаттай бастады (29 наурызда 85,2 доллар). Бұған Мәскеу көрсетіп отырған қолдау да әсер етті. Сондай-ақ ішінара Ресейде валюталық түсімнің 80 пайызына дейін міндетті сату енгізілді және интервенция жүріп жатыр. Қазақстанда да енгізілген валюталық түсім сатылымы төл валютаға қолдау көрсетті. Теңге рубльдің әсерімен тағы да 445-455-ке дейін күш алуы мүмкін. Алайда жағдайды біржақты болжап айту мүмкін емес», дейді сарапшы.

Қазақстан айырбастау бекет­те­рі қауымдастығының басшы­сы Арчин Ғалымбаевтың сөзіне қарағанда, кейбір айырбастау орындары долларды белгіленген курстан төмен сатып жатыр. Бұған нарықта долларды сатудың артық ұсынысы себеп болған.

«Кейбір айырбастау пункттері долларды сату бағамын KASE орташа бағамынан төмен етіп белгіледі. Бұл қолма-қол ақша нарығында доллар ұсынысының артық болуына байланысты. Көп адам оны сатқысы келеді, өйткені доллар бірте-бірте құлдырап жатыр. Яғни қазақстандықтар қолма-қол долларды қазіргі таң­да белгіленген бағам бойынша сатуға тырысуда», деді қа­уым­дас­тық басшысы.

30 наурыз күні KASE-дегі саудада 1 доллардың орташа бағамы 459,15 теңгені құрады. Минималды курс 456,15 теңге болса, максималды курс 466,50 теңге болған. Америкалық валютамен жасалған сауда көлемі 157 млн 615 мың долларға жетті.