Экономика • 03 Сәуір, 2022

Агросектор тәжірибе алаңы емес

356 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біздің елде жаңадан тағайындалған министрлердің дені бұған дейінгі әріптестерінің қолға алған бастамаларын жалғастырмайды. Сондықтан «жұмыс істеп жатырмыз» деп жер-жаһанға жар салу үшін ойдан «велосипед құрастыруға» кіріседі. Бірақ түбінде артық қылам деп тыртық қылып, қоғамның наразылығына ұшырайды. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің субсидиялар санын қысқарту туралы бастамасы осындай келеңсіздіктің кебін киген секілді.

Агросектор тәжірибе алаңы емес

Коллаждарды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Субсидия саны қысқармайтын болды

Жалпы, біздің елдің агросекторы Ауыл шаруашылығы министрлерінің тәжірибе алаңы іспетті. Әрқайсысы тарихта атын қалдыру яки жалпақ жұртқа жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін «тың бастамаларды» қолға алып тыраштанады да жатады. Өкінішке қарай, осының бәрінен зардап шегетін ауылдағы шаруа­лар. Бұл жолы Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қара­шөкеев қызметке кірісе салысымен субсидиялардың санын қыс­қарту керек деп бастама кө­терді. Сөйтіп, айналасына жақ­­таушы емес, жау жинап алған­дай. Шаруалардың мұндай бас­тамаға қарсы шығары әу бас­тан белгілі еді ғой.

Дәлірек айтсақ, министрлік агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған қолданыстағы субсидиялар санын 42-ден 20-ға дейін қысқартуды ұсын­ды. Сөйтсек, мұндай ұсыныс Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агро­өнеркәсіптік кешендегі мемле­кеттік қолдауды жетілдіру туралы тапсырмасынан кейін қол­ға алынған. Бірақ Президент нақ­ты субсидиялар санын қысқар­ту туралы айтқан жоқ. Тек жұ­мыс­ты жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал министр­ліктің ұсынғаны – субсидияларды қыс­қарту.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемле­кет­тік қолдауды жетілдіру үшін арна­йы жұмыс тобы құрылғаны мәлім. Оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары кірді. Бүгінге дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жұмыс тобының үш отырысы және министрлік деңгейінде екі отырыс өтті.

Министрліктің бізге берген ресми мәліметінде отырыстар шеңберінде субсидия алу рәсімін жеңілдетуді, оның бағыттарын оңтайландыруды, барлық субъекті үшін қолжетімділікті қамта­ма­сыз етуді, заманауи технологиялар­ды енгізуді ынталандыруды және агро­өнер­кәсіпке инвестициялар тартуды, нақ­ты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шаруалардың қарсы мін­деттемелер алу нормасын енгізуді көздейтін жаңа тәсілдер таныстырылғаны айтылған.

«Жұмыс топтарының қорытындысы бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүше­лерінен агроөнеркәсіпті субси­дия­лаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныс пен ескерту келіп түсті. Олар субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде жүйелендірілді және ескерілді. Алайда ағымдағы ахуалды және оның даму үрдістерін кешенді талдауды, геосая­си дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін барынша азайту жөнінде барабар шаралар қабылдау қажеттілігін негізге ала отырып, субсидиялаудың жаңа те­ті­гін енгізу мәселесін келесі жылға дейін ке­йін­ге қалдыру және осы жылы агро­өнеркәсіпті мемлекеттік қолдауды қол­да­ныс­тағы қағидалар бойынша жүзеге асыру туралы шешім қабылданды», деген жауап алдық Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне жолдаған журналистік сауалымызға.

Осылайша, Е.Қарашөкеевтің субсидиялар санын қысқарту туралы бас­тамасы кейінге қалдырылды. Демек, шаруалардың үні, депутаттардың сөзі ескерілді.

Шаруалар биыл қолдауға мұқтаж

Мәселен, осы мәселені наурыз айында сенатор Әли Бектаев көтерді. Ол Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында 2022 жылдың екі жарым айы өтсе де, ауыл шаруашылығын субсидиялау тәртібі әлі күнге дейін бекітілмегенін айта келіп, биыл осы мақсатта бөлінетін республикалық трансферттер көлемі азайып, субсидияландырудың түрлері қысқарып, оларды бөлудің тәртібі мейлін­ше өзгеретінін жеткізді.

– Әрине, жемқорлыққа қарсы іс қи­мыл агенттігінің тексерулерінен кейін аграр­лық секторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ ол асығыс, аяқ астынан, 2-3 айдың көлемінде жасалатын нәрсе емес. Әсіресе биыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр жыл болайын деп тұр.

Құрғақшылық, судың тапшылығы, минерал­дық тыңайтқыштар мен пести­цид­тердің қымбаттауы, оның үстіне Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарларының Қазақ­стан­ға ағылуы күтілуде. Ол өз кезегінде біздің шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осыны ескерсек, аграрлық секторды қолдау шаралары арта түсуі керек. Субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті бюджеттерге арта салу да сала проблемасын күрделендіре түсетіні анық.

Әрине, субсидияландырудың тәртібі қатып қалған догма емес. Саланы дамыту­дың мақсаттарына сай өзгертіліп тұруы да керек. Бірақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне «өтпелі кезең» үшін кемінде бір жыл уақыт берілуі тиіс. Өзге­ріс­тер жайы алдын ала ескертілуі керек. Өкінішке қарай, нақты жағдай керісінше болуда.

Бірінші вице-премьер Роман Скляр мырзаның қатысуымен өткізілген субсидиялау тәртібінің таныстырылымында айтылғандай, қаржылай қолдаудың ақпараттық жүйесі 2022 жылдың 1 шіл­десіне ғана дайын болмақ. Ал оңтүс­тік­те басталып кеткен көктемгі дала жұ­мыс­тарының проблемалары шаш етектен. Жанармайға, минералды тыңайтқышқа, ағын суға қатысты түйінді мәселелердің бірде-біреуі шешілген жоқ. Соған қара­май субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқастынан өз­гер­­тілмек. Аграрлық сектор – экспери­мент жасайтын алаң емес. Керісінше, әсіресе биыл ауыл шаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет.

Мүмкін, «Жасыл даму» компания­сы­ның есепшотындағы утиль алымнан құралған 200 млрд теңгеден астам бос қалдықтың бір бөлігін аграрлық сек­тор­ға жұмсаған дұрыс болар. Қазіргі таң­да халықты автокөлікпен емес, азық-түлік­пен қамтамасыз ету маңыздырақ, – дейді Ә.Бектаев.

Шенеуніктердің кесірі шаруаларға тимесін

Ал Мәжіліс депутаты Альберт Рау қол­даныстағы субсидияларды 2025 жыл­ға дейін қалдыру керек деген пікір айтты.

– Өңірлерді аралаған кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көптеген өтініш айтады. Олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің саладағы мемлекеттік қолдау жүйесін өзгерту қадамдарына алаңдаулы. Министрлік ұсынған субсидия түрлерін қысқарту, тауарлық-спецификалық субсидиялардан бас тарту ұзақ мерзімді инвестицияларды талап ететін агроөнеркәсіп секторларына залал келтіреді. Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай елдің тауық етіне, сүт өнімдері мен ет өнімдеріне, алмаға және тағы да басқа тауарларға деген қажеттілігін то­лық қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте алға қойылған міндеттерге табысты қол жеткізу агроөнеркәсіптің импорттық секторларын мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді көздейді. Себебі аталған секторлардағы инвестициялық жобалар капиталды және тиісті қолдауды қажет етеді.

Қазақстанда сүт өндіру және қайта өңдеу ел қажеттілігінің 70 пайызын ғана қамтамасыз ететіні белгілі. Сүт тап­шы­лығы шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Сонымен 1000 басқа кемінде елу тауарлы-сүт фермасын іске қосу керек. Егер қазір қолдау шараларынан бас тартсақ, онда жаңа жобаларды бастауға ниеттілер мүлдем болмайды. Сондай-ақ жемшөп өндірісіне, оның ішінде суармалы жүйелерді дамытуға қатысты субсидиялау деңгейін сақтау қажет. Өйткені тұрақты жемшөп базасынсыз жоғары өнімділікке қол жеткізу мүмкін емес.

Сүтке арналған спецификалық суб­си­­дия­лардың төлемдерін облыстық деңгейге беру де дұрыс емес. Бұл олар­ды жоюмен тең. Сонымен қатар бір­қатар субсидияны алып тастау бі­рін­ші қажеттіліктегі азық-түлік баға­сы­ның өсуіне әкеледі. Осының салдарынан ЕАЭО-дағы әріптес елдерден келетін импорт көлемін арттыра­ды. Бұл елдерде аталған өнімдерге қатысты суб­сидиялар деңгейі біздікінен жо­ға­ры. Қазірдің өзінде Ресейдегі сүт өнім­де­рі экспортының ең үлкен көлемі Қазақ­стан­ға тиесілі, – дейді А.Рау.

Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігін де ақтап алуға болады. Өйткені субсидия үлестіруде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары. Бұл жердегі ақша айналымы да қо­мақ­­ты. Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруа­шы­лы­ғын субсидиялауға 374,9 млрд теңге жұмсалса, осы жылға 309,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Сон­дықтан министрлік Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігінің нұсқа­масын ес­кер­мей тағы отыра алмайды.

– Министрлік бірқатар қолдау шараларынан бас тартып, оларды жеңілдетілген несиемен алмастыруды ұсынып отыр. Демек, қаражат тағы да фермерлерге емес, банктерге түседі. Иә, субсидияларды бөлу мен пайдалануда заң бұзушылықтар бар. Бірақ көп жағдайда мұндай кемшіліктер шенеуніктер тарапынан жіберіледі. Ендеше, шенеу­нік­тердің кесірінен шаруалар неге зардап шегуі тиіс? Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын әкімшілендіруді, оның ішінде Qoldau-ды тәртіпке келтірудің орнына, олардың күшін жоюды жөн көреді. Ел Президенті әр жаңа министрдің келуімен агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың ойын ережелері жиі өзгеретінін қатаң сынға алғаны есімізде. Бірақ бұл жолы ойын ережесін түбегейлі өзгерткісі келеді. Сондықтан Үкіметке 2025 жылға дейін агроөнеркәсіптің импортқа тәуелді секторларын мемлекеттік қолдау шаралары мен деңгейін сақтауды ұсынамыз, – деді А.Рау.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, шару­­алардың жаппай қарсылығы мен депутаттардың дәйекті пікірлерінен кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі субси­дия­ларды оңтайландыру ісін кейінге қал­дырды. Бірақ бұл мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. Дегенмен, ел Үкіметінің қоғамның үніне құлақ асқанын атап өтуге тиіспіз.