● Биылғы эпидемиологиялық кезеңге, оның ішінде кенелерге қарсы күреске республикалық бюджеттен 614 млн.теңге бөлінді. Ресми дерекке жүгінсек, елде Hyalomma атты кене түрі кең тараған екен. Ол қауіпті ауруларды тасушы болып саналады. Негізінен бұл кене Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысында кездеседі.
● Елордадан Қарағанды облысының Көкпекті ауылы тұрғындарына құны 10 млн. теңгеден асатын гуманитарлық жүк жөнелтілді. Астана қаласы әкімдігінің дерегіне жүгінсек, азық-түлік пен материалдық тауарлардың жалпы салмағы 20 тоннаны құрайды.
● Алматы қаласында Қазақстан мен Ресей елінің бірлескен «Гем» медициналық зертханасы ашылды. Жаңа зертханада биохимия, гормондар, микробиология, цитология, онкомаркерлер сынды 1000-нан аса бағытқа диагностика жасау қызметтері көрсетіледі. Мамандардың айтуы бойынша, бұл орталық сырқаттың алдын алуға мүмкіндік береді.
● Шығыс Қазақстан облысында «Мейірім» атты қайрымдылық акциясы негізінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 151 жасөспірімге өткен жылы пәтер кілті табыс етілді. Ал келер жылдың соңына дейін осындай санаттағы 260-тан аса балаларды баспанамен қамту жоспарланған. Аталмыш қайырымдылық акциясы 3 жылдан бері жалғасын тауып келеді.
● Петропавл қаласында «Саламатты Қазақстан» тақырыбында көрме-жәрмеңке өтті. Онда мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер туындылары қойылды. Көрмеге келушілер балғындардың қолынан шыққан дүниелерді сатып алды.
● Батыс Қазақстан облысында 1 мамырдан бастап Ұлы Отан соғысы ардагерлері коммуналдық төлемдерден босатылады. Қазіргі кезде жергілікті жерде 232 соғыс ардагері есепте тұр. Бұл тұста соғыс жылдарында тұтқында болғандар мен қоршауда қалғандарды қоса есептегенде, барлығы 259 адам жоғарыда аталған мүмкіндікті пайдаланады.
● Атырау облысында келер жылы қуаттылығы 2 мың тоннаға жететін құс фабрикасы іске қосылады. Ал қазірге кезде Жылыой ауданында бір құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Осы арқылы жергілікті өңірде тауық еті мен жұмыртқа көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
BNews.kz, Nur.kz, Egemen.kz хабарлары бойынша дайындалды.