Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әйгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен шын мағынасында «жеті жұрттың тілін білген» дегдар, оңтүстіктен шыққан атақты Бекасыл хазіреттің рухани қарым-қатынасы туралы дерек баспасөз бетінде соңғы жылдары ғана жарияланды. Ол кезінде Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен қағазға түсіп, кейіннен шәкірті Иманғали Мәненұлына мұраға қалған жазба болатын. «Егемен Қазақстан» газеті өткен жылғы қараша айының 27-сінде «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де Бекасыл хазірет бола ма?» деген тақырыппен жариялаған материалда бұл құнды деректің осы уақытқа дейін не үшін жарыққа шықпағаны да түсіндірілген. Біз оның бәрін тәптіштеп жатпаймыз, тек дүниенің ілімін үйренген Бекасыл хазірет пен жұрты «Мәшһүр» атандырған Жүсіп Көпейұлының қарым-қатынасына айғақ болатын тағы да құнды деректердің табылғанын, Бекасыл баба мұрасының оқырмандарымен қайта қауышып, тағы да екі том болып жарыққа шыққанын хабарлағымыз келеді. Жуырда осы жағдайларға орай елордадағы «Назарбаев орталығында» белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Парламент Сенатының тұңғыш спикері Өмірбек Байгелди, Бекасыл әулиенің тікелей ұрпағы, генерал Ержан Исақұлов, белгілі дінтанушы-ғалым Абдулла Жолдасұлы және баянауылдық өлкетанушы Алтынбек Құрманов жиналып, қазақтың ілім-білімге жетік тұлғалары туралы ой бөлісті.
Кеңес өкіметі дәуірінде бек-билер мен көсемдердің әжуаға айналып, керек десеңіз кейбірінің көрген түстей ұмытылғаны, ал жалпы қазақ тарихының кеңестік саясаттың көлеңкесінде қалып қойғаны рас. Бұл туралы ғалым Мырзатай Жолдасбеков жақсы айтып өтті. «Біз уызға жарымай өскен ұрпақпыз. Дүние жүзінің тарихын оқыған қазақ өз тарихын жарытымды оқи алған жоқ. Тарихи дүниелер енді-енді ғана ашылып жатыр. Өз бастауымызбен, асыл мұраларымызбен енді-енді қауышып жатырмыз. Оның бірі Бекасыл бабаның «Жұлдызнама» кітабы. 2003 жылы шыққан «Жұлдызнама» кітабында хазіреттің өз қолжазбасы қоса жарияланды», деген М.Жолдасбеков кітап тұсаукесерінің соңы конференцияға ұласқанын, ондағы баяндамалар «Ұлы даланың мұралары» деген атпен жинақ боп шыққанын айтты. Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекасыл Биболатұлының шығармашылығы зерттелу үстінде екенін, ал хазіреттің өзі туралы қаламгер Мамытбек Қалдыбайұлы «Бекасыл әулие», «Сахара ғұламасы» атты кітаптар жазғанын атап өтті.
Бекасыл Биболатұлының «Жұлдызнама» еңбегі ғылымның философия, астрономия, астрология, медицина, психология, этнография, фольклор, әдебиеттану және дінтану сияқты салаларын қамтып, тіршілікке қажетті сан салалы тақырыптар бойынша жазылған ой-тұжырымдар, ақыл-кеңестер берілген және тылсымдарға толы құнды кітап. Ол алғаш рет 2003 жылы ескі қолжазбалар маманы Мақсұт Шафиғи мен белгілі ғалым, профессор Сәрсенбі Дәуітұлының дайындауының нәтижесінде ел игілігіне ұсынылғанымен, жазбаны зерттеу одан кейін тоқтап қалмады. Аты аталған екі ғалымның тісі батпаған тұстарын белгілі дінтанушы, ғалым, шағатай, араб, парсы және ескі түркі тілдерінің білгірі Абдолла Жолдастың аударғаны тағы бар. Ол 2011 жылы «Жұлдызнама» ғибрат кітабы» деген атпен басылып шықты. Кездесуде Абдолла қажы кітапты аудару барысында өзі білмейтін бұлақтың басынан шыққандай болғанын, ешқандай тілге ұқсамайтын белгілер тапқанын, сөйтіп «бұ жарықтық қанша тіл білген» деп таңырқағанын да баяндады. «Аударма жасағанда факсимилесімен салыстырып отырдым. Не бір жол артық, не бір жол кем шыққан тұстар болған жоқ. Тағы бір айта кететін жағдай, қолжазба аяқталмаған. Бұл оның жалғасы бар дегенді білдіреді. Қолжазбаны оқу барысында Бекасыл Биболатұлының ұқыптылығы да көрер көзге көрініп тұр. Бір кітаптардан алған деректері болса, «мынандай кітаптың мынандай беттерінен алынды» деп ишара жасап отырған», дейді Абдолла қажы.
Кездесу барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Бекасыл хазіретпен байланысы туралы әңгімелеген Алтынбек Құрманов әулие туралы жастайынан біліп өскенін, оған өз атасының немере інісі, Мәшһүр Жүсіптің шәкірті Иманғали Мәненұлының себеп болғанын баяндады. «Иманғали Мәненұлы өткен ғасырдың 30-жылдары қудаланып, Баянауыл өлкесінен Қарағанды облысына кеткен. Сонда көп жылдар мұғалімдік қызмет атқарып, тек жетпісінші жылдардың басында ғана елге оралды. Араб, шағатай тілдерін меңгерген адам болды. Ол кісі Мәшекеңнің қолжазбаларын өзі ауызша айтып, маған осы күнгі жазуымызға түсіртіп отыратын. Сол заманда Мәшһүр Жүсіп атамызда Бекасыл әулиенің кітаптары болыпты. Атамыз оны Иманғали атамызға берген. Мен сол кітаптарды Бекасыл әулиенің шөбересіне табыстағым келеді», деген өлкетанушы ғалым Бекасыл Биболатұлының амалдар туралы кітабының 30 парағын, сондай-ақ, хазіреттің өзі кезінде тұтынған Әптиек Құранның жұрнағының көшірмесін Ержан Исақұловтың қолына ұстатты.
Алтынбек Құрмановтың айтуынша, «патша ағзамға тіл тигізді» дейтін атақты үш кітабы шыққан соң Мәшһүр Жүсіп өз елінде біршама уақыт бой тасалап, оңтүстікке үш-төрт рет сапар шеккен. Сол сапарлар барысында Бекасыл хазіретпен бірге жүруі, рухани байланыста болуы бізге қолжазбалар, көне кітаптар арқылы жетіп отыр. Оның бірі былтыр газетімізде жарияланған көлемді материал болса, тағы бірі Бекасыл әулиенің «Нұрлы өрнектер» («Зикзал») кітабына енген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған «Жаратушының періштесі» атты еңбек екен. Бұл тәмсілді, оған қоса «Ұлсыз патша туралы хикаятты» Бекасыл хазіреттен тыңдағанын Мәшһүр Жүсіп сол жазбасында баяндаған. Айта кететін жайт, Бекасыл Биболатұлының жоғарыда аталған «Нұрлы өрнектер» еңбегі осымен үшінші рет баспадан жарық көруде. Оның алдында «Жұлдызнама» деген атпен жарияланғанын айттық. «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-рухани мұраларына арналған көптомдық» жобасы негізінде, «Қазыналы Оңтүстік» айдарымен баспадан шыққан жүзден аса кітаптың жеті томы Бекасыл хазіреттің шығармашылығына арналған. Бұл туралы генерал Ержан Исақұлов «Бабамыздың «Жұлдызнама» кітабы әлі де ғалымдардың күш жұмылдырып, көз майын тауысып зерттеуін қажет ететін үлкен дүние. Онда тіршілікке қажетті ілім-ғылымның көбі шоғырланған. Сондықтан, баспадан үшінші рет шығаруды қолға алдық. Бұл жолы мәтінді транскрипциялап, қолжазбадан аударған араб, түркі, шағатай тілдерінің маманы, Орталық Азия мен ислам мемлекеттеріне танымал аудармашы Зәріпбай Оразбай болса, кітаптың ғылыми кеңесшісі әйгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, ал кітапты баспаға дайындап, түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Қазыбек Тәжиев. «Қазыналы Оңтүстіктің» 119-дан бастап жеті томы бабамыздың еңбегіне арналды. Соңғы бес томы биыл жарық көреді», деді.
Ел-жұрты «Бекасыл әулие» атандырған, өзі де бар ғұмырын ілім-білім меңгерумен, елге керекті еңбек жазумен өткізген Бекасыл Биболатұлына тиісті дүниені бірқанша рет баспадан шығарумен, ол туралы көркем шығармалар жазумен іс бітпейтіні тағы белгілі. Кездесуде Мырзатай Жолдасбеков: «Мәшһүр Жүсіп туралы бұл арада бөлек тоқталып жатпайын. Өйткені, ол арнайы сөз ететін тақырып. Ал Бекасыл әулиеге келер болсақ, бұл кісіні жан-жақты зерттеу әлі қолға алынған жоқ. Оны шұқшиып, тарихтың тасасынан аршып алу ғылыми зерттеу институттарының жұмысы және ол ешқашан толастамайтын шаруа», деді. Белгілі ғалым оның арғы-бергі замандағы адамзаттық деңгейдегі даналардың бірі екеніне шүбә келтірмеді.
Сөз соңында айтарымыз, ұлы даланың дана тұлғалары арасындағы рухани байланысқа өзек болған оқиғалар туралы басқа да құнды деректер табылып жатса, оның оқырман назарынан тыс қалмайтыны анық. Ал осы жылы баспадан шығуы тиіс Бекасыл Биболатұлы мұраларының, яғни бестомдықтың да оқырманмен қауышатын күні алыс емес.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».