05 Сәуір, 2014

Сау барды. Мүгедек болып қайтты

426 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
...Кешкісін телеарналар әр жердегі кезекті трагедия туралы хабар таратып жатты. «Кезекті» дейтініміз мұндай жағдайлардың соңғы кезде жиі орын алуынан еді. Қызылорда облысындағы бір бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан оралдық жас жігіт әскер қызметіне өз аяғымен барып, еліне табытта қайтыпты... Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Осыған ұқсас басқа жағдай. Бұл да әскерге қатысты. Әскерге сау барып, үйі­не мүгедек болып қайтқан азамат туралы. «Менің балам Айзат Айтоллаев өткен жылы күзде әскер қатарына шақырылды, – дейді «Егеменге» жазған арызында Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының тұрғыны Мұрат­бек Арапов, – ол Алматы облысы Ұзынағаш кентіндегі Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты №28237 әскери бөлімге 4 қарашада келді. 2013 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік мерекесі күні әскери ант қабылдады. Сол кезде мен және анасы Алмагүл екеуміз баламыздың жанында болып, нағыз Отан қорғайтын азамат болдың деп, қуанып едік. Арада бір ай өткеннен кейін баламыздың әскери госпитальге түскені туралы хабар келді. 2014 жылдың 31 қаңтар күні әскери бөлімге келіп, бөлім командирі Қуаныш Нұртазинге жолықпақшы болдым. Бірақ реті келмеді. Рота командирі Жақсылық Хамитов та кездеспеді. Алматы қаласындағы №239 әскери госпитальге балам Айзатты іздеп кел­дім. Бірақ дәрігерлер мені баламмен кездестірмеді. Емдеуші дәрігер майор Әнуар Қожахметов телефон арқы­лы Айтоллаевтың бастан ауыр соқ­қы алғандығын, қатты ауыратынын, есін жиі жоғалтатынын, талып қала­тынын айтып, ұзақ мерзімге емделу керектігін ескертті. Бұдан әрі әскери қызметке жарамайтындықтан комиссиялау арқылы қайтаратындары туралы түсіндірді. Балам Айзат кіші командирлердің ұрып-соғатыны туралы маған телефон арқылы айтып берді. Кіші сержанттар Е.Үсембаев пен М.Әлікбаев 2013 жылдың 17 желтоқсаны мен 31 желтоқсаны аралығында қарауылдық қызметке шыққанда «жарғыны білмей­сіңдер» деген желеумен үнемі ұрып-соғады екен. Тек менің баламды ғана емес, басқа жауынгерлерді де осылай ұрып-соғуды әдетке айналдырған. Бірақ олар ешқандай қарсылық көрсетпеген, ауыздарын ашпаған, соққыны қарсы­лықсыз қабылдаған. Ал менің балам намысқа тырысып, ұрғызбауға тыры­сып, қарсыласқан. Осылайша, үне­мі таяқ жеудің салдарынан Айзат үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында есінен айырылып құлаған. Сол күннен 9 қаңтарға дейін Ұзынағаштағы әскери-санитарлық бөлімде жатқан. 10 қаңтар күні ғана Алматы қаласындағы №239 әскери госпитальге алып келген. Қазір баламның денсаулығы нашар, жиі-жиі талып құлайды. Әскерге дейін денсаулығы мықты баланың жағдайы бұдан әрі қандай болатыны маған бел­гісіз. Дәрігерлер ешқандай кепілдік беріп тұрған жоқ. Әскерге сау келіп, елге мүгедек болып қайтатыны жанымды ауыртады. Мен осы жағдайды толық баяндап, Алматы қаласындағы әскери гарнизонның прокуроры С.Сәдуақасовқа және Төтенше жағдайлар жөніндегі министр В.Божконың атына арыз бердім. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ №28237 әскери бөлімнің басшылары өздерінің іс-әрекеттерін жасырып, жабуда. Баламды дәретханаға апарып ұрған күндердегі бейнежазбаларды жойып жіберген. Керісінше, баламның есінен танып, өзі құлаған кездегі бейнежазбаны сақтап қалып, «өзі құлап, осындай жарақат алды», деп сылтау келтіріп отыр. Бұл мәселеге байланысты тексеру комиссиясы құрылғаны жөнінде айттым. Дегенмен, бұл мәселеге журналистік зерттеудің де жүргізілгенін қалаймын. Сол үшін «Егеменге» арыз жазып отырмын». Арыз жазылғаннан кейін, тексеру міндетіміз. Шағымда көрсетілген жағдайдың жай-жапсарын анықтау үшін Алматының іргесіндегі Ұзынағаш ауы­лына атбасын бұрдық. Бізді №28237 әскери бөлім командирінің тәрбие жә­не әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөнін­дегі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы майор Қуаныш Бейсембаев қарсы алып, аталған мәселе бойынша түсінік берді. «Қатардағы жауынгер Айзат Ай­тол­­лаев 2013 жылы қараша айында Көкшетау қаласынан әскери қыз­метке шақырылған, – дейді майор Қуа­ныш Бейсембаев, – сол жылдың 16 жел­тоқсаны күні әскери ант қабылдаған. Осы уақыттан бері 1-ші құтқару ба­тальо­нының 2-ші құтқару ротасында құтқарушы болып қызмет атқарған. 2014 жылы 1 қаңтар күні шамамен кешкі сағат 17 кезінде Айтоллаев екінші құтқару ротасының әжетханасында басы айналып құлап, жарақат алған. Осы жағдай бойынша сол күні құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілді. Осы хабарламалар негізінде Алматы гарнизоны әскери прокуратурасының қызметкерлері және Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының аға тергеушісі Р.Құрбанов тергеу алды тексеру жұмыстарын жүргізіп, қатардағы жауынгер А.Айтоллаевтың жарақат алуында әскери қылмыс белгілері жоқ болуына байланысты қылмыстық іс қозғамау туралы шешім қабылдаған. Осы уақыттан бері қатардағы жауынгер Айтоллаевқа Алматы қаласындағы әскери клиникалық госпиталінде меди­циналық тексеру жасап, емдеу жұмыс­тары жүргізілді. Қатардағы жауынгер А.Ай­тол­лаев­ты кіші сержанттар Е.Үсем­баев пен М.Әлікбаевтың ұрып-соққаны туралы тексеру жүргізіліп, кіші сержанттар тарапынан әлімжеттіліктің болмағаны және ондай қылмыстық жағдайдың орын алмағаны дәлелденді. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінен де тексеру жұмыстары жүргізіліп, Айтоллаевқа қатысты әскери бөлім қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілгені анық­талған жоқ. Айтоллаевтың әкесінің арызда айтқанындай, ол ешқашан қарауыл қызметіне түс­пеген, сон­дықтан оны қарауыл қызметінде кіші сержанттардың ұрып-соқты дегені шындыққа жанаспайды. Қатардағы жауынгер Айзат Айтоллаев Астана қаласындағы Қорғаныс минис­трлігінің орталық әскери дәрігерлік комиссиясының қаулысы бойынша 2014 жылы 26 ақпан күні денсаулығына байланысты мерзімді әскери қыз­метінен босатылған». Біз Ұзынағаштағы әскери бөлімге барған кезімізде арызда аттары көрсе­тілген кіші сержанттар Е.Үсембаевпен  және М.Әлікбаевпен де кездестік. Олар қатардағы жауынгер А.Айтоллаевты ұрып-соқпағаны жөнінде ант-су ішіп отыр. ...Сонымен, әскерден ауру болып қайтқан Айзаттың әкесінің арызына қатысты әңгімелескен адамдардың барлығы дерлік бұл оқиғада әлімжет­тіктің болмағанын айтады. Осы жағ­дайға байланысты тексеру жүргізген түрлі комиссиялардың шешімдері де солардың айтқанын растайды. Сенейік. Дегенмен, бізді ойландырған бір сұрақ: бұрын-соңды басы ауырып, балтыры сыздамаған Айзаттың әскерге келгеннен кейін талма дертіне шалдығуы неліктен? Осыған қосымша тағы бір сұрақ: егер Айзаттың сырқаты бұрыннан бар болса, оны Көкшетау қаласының әскери комиссариаты әскерге неге қабылдаған? Міне, осы оқиғаға қатысты құрылған түрлі комиссиялар осы сұрақтарға жауап іздемеген. Ал бұл сұрақтарға жауап табылмайынша, Айзаттың әкесінің арызы әлі талай жерді шарлайды. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.