05 Сәуір, 2014

Әріптестікке қашықтық кедергі келтірмейді

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ақордада Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Сьерра-Леоне, Мальта, Португалия, Хорватия, Кипр және Чад Респуб­ликаларының елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады. Екі­жақты кездесулер барысында мемлекетаралық қарым-қатынас­тардың жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Елшілер алдында сөз алған Әділбек Жақсыбеков жаһандану жағдайында саяси-экономикалық, сауда, ғылым, мәдениет және өзге де салалардағы ынтымақтастықты дамыту мемлекеттердің ұлттық мүдделеріне сай келетінін жеткізді. Сондықтан, тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша өзара байланыстарды кеңейтуге айрықша мүдделі екендіктерін атап өтіп, сан түрлі бағыттар бойынша ықпалдастықты жандандыру жайын талқыға салды. Мәселен, олардың қатарында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, өзара инвестиция және сауда, энергияның балама көздері мен агроөнеркәсіп кешені, білім және ғылым, туризм және басқа да перспективалы салалар бар. Мемлекеттік хатшы өз кезе­гінде аталған мемлекеттердің Тө­тенше және өкілетті елшілерінің қызметтері Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық әлеуетін нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді. Сенім грамотасы тапсырыл­ған­нан кейін Төтенше және өкілетті елшілер журналистердің алдына шығып, өз ой-пікірлерін жеткізді. Мәселен, Мемлекеттік хатшыға Се­нім грамотасын табыс еткен Джон Сар Фрэнсис Ямбасу – Атлант мұхитының батыс жағалауында орналасқан, халқының саны 6 млн. адамды құрайтын Сьерра-Леоне мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі. Джон Сар Фрэнсис Ямбасу Қазақстанға, оның ішінде Астанаға шақырылғанына ризашылығын білдіре келе, алдағы уақытта екі­жақты әріптестікті дамытуда сенім үдесінен шығуға күш салатынын жеткізді. Ол – «Біз Еуропалық Одақ­тың бір бөлшегіміз. Сондай-ақ, бірқатар өңірлік ұйымдардың белді мүшесіміз. Еліміз пайдалы қазба байлықтың мол қорына ие. Бізде 20 млрд. тоннадан астам темір кені бар», дей келе болашақта Қазақ­стан мен Сьерра-Леоне арасында тығыз ынтымақтастық орнай­тынына сенімділік танытты. Сөзінің соңында елші Қазақстан халқын, олардың тұрғындарын Атлант мұхитының жағалауында ор­наласқан елге турист ретінде келуге, екіжақты кәсіпкерлікті дамы­туға шақырды. Мальтаның Төтенше және өкі­летті елшісі Джон Дебоно да өзінің әріптесі секілді Қазақстанға шақырылғаны үшін алғысын білдірді. «Мен Мальта деп аталатын шағын мемлекеттен келдім. Болашақта біздің мемлекеттеріміз арасында тығыз байланыстар орнайды деген үмітім бар. Біз екі ел арасын жалғайтын әріптестікті туризм саласынан бастау қажет деп есептейміз. Мальта – Еуропалық Одақтың және басқа да өңірлік ұйымдардың мүшесі. Бұған қоса, еліміз Афри­ка құрлығының солтүстік бөлі­гімен шектесетіндіктен, осы елдер­мен тығыз байланыс орнатқан. Сондықтан, дәл осындай ынты­мақтастық Қазақстанмен де нығая түседі деп ойлаймыз», деді Джон Дебоно. Оның пікірінше, әріптестік байланыс екі елдің дамуына оң ықпал ететін болады. Португалия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Марио Годиньо де Матуш: «Мен бүгінде Ресей жерін­де тұрамын. Ал Астанада біздің елшіліктің арнайы офисі бар. Оны менің әріптесім басқарады. Сондықтан, Қазақстанда орналасқан бұл офиспен тығыз байланыс орнатқанымызды толық сеніммен айта аламын. Қазақстан мен Португалия арасындағы қарым-қатынастың нығаюына сеп болған бірқатар екіжақты жобаларымыз бар. Олар мәдениет және басқа да маңызды салаларды дамытуға бағытталған», деді. Ол Португалия Қазақстаннан алыс орналасқанына қарамастан, бұл қос тарап арасындағы әріптестіктің дамуына кедергі келтірмейтініне сенім білдірді. Сондай-ақ, ол мамыр айында Астана экономикалық форумы өтетінін, осы ауқымды шараға белсене қатысатындарын жеткізді. «Жалпы, біздің елдеріміз арасындағы байланыс тек осы форум аясында ғана емес, бұдан да кең ауқымда нығая түседі деп ойлаймыз», деді сөзін қорытындылаған елші. Хорватия елшісі Игорь Показ Қазақстанның үлкен мемлекет екенін айрықша атап өте келе, елімізбен кең ауқымдағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытылып отырғанын, себебі, қос тарап арасындағы әріптестік әлеуеті өте жоғары екенін жеткізді. Біздің ойымызда жүрген жобалар толықтай жүзеге асырылуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Әрине, Хорватия шағын мемлекет болғандықтан, оны Қазақстанмен салыстыра алмаймыз. Алайда, біздің елдеріміздің артықшылықтары мен әлеуеттері зор, сондықтан, оларды ортақ мақсат жолына пайдалануымыз керек деп есептеймін», деді ол өз сөзінде. И. Показ Хорватияның Еуропалық Одақтың құрамындағы ел ретінде Қазақстанның осы Одақтың нарығына кіруіне қолдау көрсетуге әзір екендігіне де тоқталды. Сондай-ақ, ол екі елге туризм, инвестиция салаларында да байланыс орнатуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Кипрдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Георгос Касулидис «Кипр – көпшілікке танымал, туризмі дамыған ел. Бүгінде Қазақстан мен Кипр арасындағы ынты­мақ­тастық жақсы жолға қой­ыл­ған. Әрине, бұл байланыс­ты әлі де дамытуға болады. Біз ал­дағы уақытта, міне, осыған күш салатын боламыз», десе, Чад Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Юссуф Абассалах «Біз де екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Чад Республикасы Орталық Африкада орналасқан. Аумағы үлкен мемлекет. Елімізде Қазақстандағыдай түрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанған. Ал, ынтымақтастық тетігін бекіту екі ел үшін де тиімді деп ойлаймын», деген ойымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі таңда елдердің арақашықтығы ынтымақтастық орнатуға кедергі емес. Сондықтан, ол қос тараптың мүдделерін көздейтін әріптестік байланыс жандана түсетініне сенім білдірді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».