Ел тарихының күрделі кезеңінен жан-жақты және терең сыр шертетін бұл кітап қазақ және орыс тілдерінде 100 дана таралыммен жарық көрген. Жинақ авторларының бірі профессор Айнаш Мустояпова жобаның университет ректоры Нұрлан Дулатбековтің идеясымен дүниеге келгенін айтады. Жалпы бұл игі істі жүзеге асыру мақсатына аталған оқу орнының 4 млн теңге көлемінде грант бөлгенін де ерекше атап өтуге болады.
– Жобаға кіріскен кезде біз алдымызға қолға алған жұмыс турасында қоғамға ғана емес, ғылыми ортаға да ақпарат беріп отыру міндетін қойдық, – дейді А.Мустояпова. – Біз жинаған материалдар Қарағанды облысында күштеп ұжымдастырудың, кәмпескелеудің қалай жүргізілгенін, астық пен мал азығының қандай жағдайда дайындалғанын, сонымен қатар тұрғындардың осы науқаншылықтарға қайтіп қарсылық көрсеткені турасындағы күштік құрылымдардың есептерін қамтыды.
Іс-шара барысында аталған университеттің Археология, этнология және отан тарихы кафедрасының профессоры З.Сақтағанова, Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Мустояпова, ассистент-профессорлар Ж.Ибраимова, Л.Харитонова баяндама жасап, қозғалған тақырып төңірегінде құнды пікірлерімен бөлісті.
Тұсауы кесілген туындыны тарихшылар мен филологтердің бір жылдан астам уақыт айналысқан ғылыми жобасының нәтижесі деп сеніммен айтуға болады. Кітапты құрастырушылардың бірі, филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова жаңа туындыда бұрын жарияланбаған мұрағат материалдары мен ашаршылық куәгерлерінің естеліктері жинақталғанын атап өтті.
– Жобаның мақсаты мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ сол қайғылы кезеңдер туралы әңгімелер сақталған отбасылардың естеліктері мен сұхбаттарын жинау болды. Жиналған материалдар Қарағанды облысындағы сталиндік ұжымдастыру салдарының толық көрінісін оқырман назарына ұсынады, – дейді Л.Харитонова.
Кітап жазу барысында авторлардың көп тер төгіп, табанды түрде еңбектенгенін айтқан ләзім. Соның нәтижесінде тарихшылар жүзге жуық мұрағаттық құжаттар тапқан. Тіпті, олардың 80%-дан астамы бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер болып шықты. Жалпы, мұндай ауқымды зерттеудің тұңғыш рет аймақтық бөлімде жүргізілгенін айта кеткен жөн.
Жаңа туындыға филолог мамандардың да қосқан үлесі қомақты. Мысалы, олар далалық іздеу тәсілімен елді мекендерді аралап, тірнектеп дерек жиған. Ашаршылық кезеңінің тікелей куәгерлері бүгінде өмірде жоқ болса да, ғалымдар олардың ұрпақтарын тауып алып, суыртпақтап сыр тартқан. Соның нәтижесінде аталған жинаққа ашаршылықты бастан кешкен 100 отбасының тарихы кірген екен.
«Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық: архивтік құжаттар мен естеліктер жинағы» туындысын Қарағанды университетінің баспасынан сатып алуға болады. Ал ҚарУ-дың ректоры Нұрлан Дулатбеков алдағы уақытта бұл еңбекті еліміздің кітапханаларына да таратудың жоспарда бар екенін айтады.
ҚАРАҒАНДЫ