Қоғам • 05 Сәуір, 2022

Ауыл мектебі қар суынан құлап қалды

320 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылындағы негізгі мектеп ғимаратын наурыздың 28-інде күрт еріген қардың суы құлатып кетті.

Ауыл мектебі қар суынан құлап қалды

Бұл жөнінде оралдық Салтанат Сағынғалиева хабарлады. Осы ауылда туып-өскен, мұғалімдік еңбек жолын осы жерден бастаған ол оқиғаға жаны күйіп, шағын ауылдың мәселесіне осы кезге дейін көңіл бөлмей отырған аудан басшылығына үлкен өкпесін айтқан.

«Қабырғасы сонау 1988 жылы қала­нып, содан бері бір күрделі жөндеу көр­меген мектептің қалай құламай тұрға­нына таңым бар. Алғашқыда от жағып, күлімсі иіс пен ыстың ортасында талай сабақ оқыған кездерім есіме түседі. Бертін келе көгілдір отынның қызығын көре бастады. Мектеп әкімшілігі оқу­шылардың білім алуына барынша жағдай жасап, өз жыртығын өздері жа­мап әлек. Ауыл боп жаңа корпусты да өздері жалғап салып алды. Аудан тара­пы көмек қолын созбады. «Сен тиме­сең, мен тимен» боп аядай ғана ауылға атқамінерлердің біреуінің де жаны ашымады. Қазіргі жағдайы өте мүшкіл. 2022 жылдың 28 наурызында қырдан келген қызыл су мектептің жалғанған бөлігін түгелдей дерлік жалмап кетті. Кітап­тар мен құжаттар суға кетті. Ұстаздар мен ауыл халқы шарасыз күйде. Қоскөл ауылдық округі әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы қолдарында бір күрегі жоқ, не алып келген техникасы жоқ, келіп құр сөзбен жұбатқандай кейіп танытып ке­тіп қалды. Ауыл азаматтары өз техни­каларын жұмылдырды. Трактормен құм төсеп, қызметкерлер біресе су, біресе кітап пен құжат тасып шаршады. Келген атқамінерлер «осы мектепті жап­пай отырғанымызға рахмет айтың­дар» дегендей сөзбен түйреп, қорқыт­қандай болды. Халықтың осы жерде шоғыр­ланып, түтінін түтетіп отырған­дағы себебі – балаларының білім алатын мектебі ғана. Мектеп жабылса, ауыл да үдере көшпек...»

Шынында да шағын ауылдарды ұстап тұрған мектеп екені, мектеп жабылса, ауыл жойылатыны туралы талай айтылып жүр. Біз дереу аудан басшылығына хабарласып, мәселенің мән-жайын білдік.

Шалғын ауылы – бұрынғы Қоскөл кең­шарының бөлімшесі. Аудан орта­лығы Қаратөбе кентінен тіке­лей дала жолымен жүргенде 120 шақырым­дай болса, қазіргідей лайсаңда Жым­питы кенті арқылы айналып қана бара аласыз. Ол – 200 шақырымдық жол. Соның өзінде Ақтөбе-Самара күре жолынан Шалғынға дейін баратын 12 шақырым дала жолы көлікті де, жолаушыны да әбден сынайды. Қаратөбе аудан­дық білім бөлімінің басшысы Берік­жан Ғарапшиев оқыс хабарды естіген бойда таңертең жолға шығып, Шалғын ауылына түс ауа әрең жеткенін айтады. Әсіресе соңғы 12 шақырым көлікті 3 сағат тұсаған.

– Шалғын ауылында 38 үй бар, оның 8-і – шаруа қожалығы. Соңғы он жыл бойына оқушы санын 41-42-ге әрең жеткізіп, негізгі мектеп мәрте­бесін сақтап келеміз. Ауылда өсім болма­ғанымен, көшу де жоқ. Тұрғындар мектептің сақталғанын қалап отыр. Биыл ауылда 8 отбасы патронаттыққа бала тәрбиелеп алуға өтініш берді, – дейді Берікжан Ғарапшаұлы.

Аудандық білім бөлімінің басшысы айтқандай, ауылдағы білім ошағы әу баста 1964 жылы бастауыш мектеп болып ашылған екен. 1988 жылы орталау мектепке айналып, негізгі ғимараты салынған. Ол ғимарат тарлық еткен соң, 2007 жылы ауыл азаматтары өздері бас қосып, шикі кірпіштен, саман тастан 4-5 бөлмені жалғап қосқан. 2015 жылы мектеп ғимараты табиғи газға қосылған. Міне, қар суынан бүлінген де осынау іргетасы аласа, жергілікті құрылыс материалдарынан салынған қосымша ғимарат екен.

– Жалпы, Шалғын ауылы – Шилі деген өзеннің жағасында, бірақ шағылда орналасқан, жері құмды өңір. Су келетін реті жоқ. Мектеп айналасы да уа­қы­тында қардан тазартылған. Жыл­да ауыл іргесінде шағылдан ері­ген су сайларға ағып барып, өзенге құйы­латын. Биыл, наурыздың 28-і күні таңда жердегі тоң еріп үлгермей, қар суы терең жолмен ағып келіп, ауыл­ға кіріп кеткен. Сол күні таңда бір қожа­лықтың тракторы осы жерден өтіп, су ағып жатқан арнаның бір шетін бұзып жіберген екен. Сол уақытта су лап қойып, мектеп ғимаратына кірген. Ғимараттың сыртқы корпусы аман. Бірақ ішкі қабырғалары құлап қалды. Айтпақшы, 30 наурыз күні күн райы жылынып, күрт ерігенде ауылға тағы су келді. Бұл жағдай аудандық төтенше жағдай мекемесіне хабарланып, тіркелді. Бұл жолы мектепке су жібермей, аман алып қалды, – дейді Берікжан Ғарапшаұлы.

Табиғаттың тосын құбылысынан Шалғын негізгі мектебінің 4 сыныбы оқитын қосымша ғимараты бүлінген. Бірақ негізгі ғимараты сау. Мектепте 31 наурызда төртінші тоқсанның саба­ғы басталмады. Өйткені мектеп айна­ласындағы су мен балшық тазартылып жатыр. «Бұл күннің сабағы сенбі күніне ауыстырылды» деп хабарлады аудандық білім бөлімінің басшысы.

Енді Шалғын мектебінің болашағы қалай болмақ? Мектеп жабылып, тұр­ғын­дар амалсыз жан-жаққа көшіп кетпей ме? Көпшіліктің көкейіндегі сауал – осы.

«Біз ауыл мектебіне күрделі жөндеу жүргізу үшін 2020 жылы техникалық сараптамаға тапсырыс берген едік. Бірақ сарапшылар «бұл ғимарат күрделі жөн­деуге жатпайды» деген жауап қайтар­ды. Сондықтан аудандық әкімдік пен облыстық білім басқармасы бұл ауылға 2023 жылы модульдік мектеп салуды жос­парлап отыр». Бұл – Қаратөбе аудандық білім бөлімі басшысының жауабы.

Айта кетейік, өңірде ғимараты апат­­тық жағдайға түсіп, оқушылары қо­сым­­ша ғимараттарда білім алуға мәж­­бүр болып отырған мектептер аз емес. Солардың бірі – Ақжайық ауданы Ал­малы ауылдық округіне қарасты Ата­ме­кен ауылындағы Махамбет Өтеміс­ұлы атын­дағы орта мектеп туралы бұрын да жаз­ған едік. Қазір мектеп оқушы­лары ауыл­дық әкімдік, кітапхана, балабақ­ша ғи­ма­рат­тарына бөлініп оқып жүр. Жос­пар бо­йынша бұл ауылға да модуль­дік мектеп ғимараты салынуға тиіс. Бірақ құрылыс қашан бас­талары әлі белгісіз.

 

Батыс Қазақстан облысы