– Жылқының өлу себебін анықтау үшін 25 наурызда жергілікті ветеринарлар сынама алып, Ұлттық ветеринариялық референттік орталыққа тапсырды. Аталған орталық мамандары өлген жылқыда инфекциялық жұқпалы аурулар қатарына жататын анемия мен ринопневмонияның белгісі болмағанын анықтады. Алайда ветеринария мамандары өлген жылқыдан паразиттік ауру белгілеріне ұқсас жағдайды байқаған. Сондықтан облыстық ветеринариялық зертханаға паразиттік ауруды анықтау үшін сынама тапсырылды, – дейді А.Саламат.
Оның айтуынша, бірнеше тұрғынның ауырған малына жергілікті ветеринарлар емдеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Облыстық әкімдіктің шақыруымен Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты мен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мамандары келді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 29 наурызда алынған зерттеу нәтижесі жануарларда жұқпалы ауру жоқ екенін көрсеткен. Қызылқоға ауданындағы «Ойтаң» шаруа қожалығындағы қой мен ірі қара малды азықтандыру және тамақтандыру шаруашылығы технологиясын бұзу салдарынан өлгені анықталған. Сонымен қатар Махамбет ауданының «Мутиев Г.Д.» шаруа қожалығы мен Құрманғазы ауданының тұрғыны Самат Елемесовтің малының қырылу дерегі бойынша эпизоотологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
Атырау облысы