Аймақтар • 05 Сәуір, 2022

Дайындық тастүйін

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күннің күрт жылуы Қарағанды облысында су тасқыны қаупі бар аумақтар үшін алаңдаушылықты күшейтіп жіберді. Әсіресе, Қарқаралы және Шет аудандарындағы Жарлы, Нұра, Шерубай-Нұра өзендері арналарының бойындағы елді мекендердің тұрғындары мазасыз күндерді бастан кешуде.

Дайындық тастүйін

Таяуда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов аталған аудандарды шолып шықты. Жеті жыл бұрын Қарқаралы ауданындағы Жарлы өзенінің бойында орналасқан Тегісшілдік ауылы су астында қалып, күрделі жағдай қалыптасқан болатын. Сонымен қатар Жарлы, Көктас елді мекендеріне су тасқынынан келер қауіп мол. Бүгінде апатты жағдай қайталанбау үшін Жарлы өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізіліп, қорғаныс біліктері күшейтілген. Шет ауданында Қызылқой, Талды және Шерубай-Нұран өзендерінің тоғысында орналасқан Қызылқой ауылы жіті назарда тұр. Бүгінде ауылдың өзен жақ беті биіктігі бір метрлік, ал кейбір жерлерде бір жарым метрлік білікпен қорғалған.

Жергілікті ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов елді мекендердің айналасындағы қорғаныс үйінділерінің жыл сайын нығайып келе жатқанын айтады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта су өткізу құбырлары мен су бұру арналарын белсенді түрде тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Еріген қар суының аулаларды басып қалу қаупі де ескерілген.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Қарағанды облыстық ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов аймақтағы су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол 31 наурыз бен 4 сәуір аралығында Төтенше жағдай департаментінің облыстық су тасқынына қарсы штабына аула аумақтарын су басу қаупі туралы 125 хабарлама, сондай-ақ автожолдардың үстінен су жүріп кету фактілері бойынша 18 дабыл келіп түскенін мәлім етті.

– Аулаларды су басудың барлық жағдайы бойынша суды сору және бұру, арықтар мен арналарды тазарту, инертті материалдарды төгу және қаптар төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Су тасқыны басталғаннан бері 31 693 текше метр су сорылып, 1 700 метр арық тазартылды. Су басу қаупінің 11 жағдайы бақылауда, оның тоғызы Қарағандыда және екеуі Бұқар жырау ауданында орын алды, – деп атап өтті М.Қатпанов.

Қарағанды облысының елді мекендерінде және жолдарында су тасқынына байланысты күрделі жағдай әзірге қалыптаса қоймаған. Құтқарушылар уақытпен санаспай жұмыс істеп жүр. Жалпы, су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына 250-ден астам адам және 106 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда облыс жолдарындағы Бүркітті-Егіндібұлақ-Қоянды және Теміртау-Қызылқайың (Чкалова-Березняки) сынды екі учаске басты назарға алынған. Ал Қарқаралы ауданындағы Қоянды ауылынан 12 шақырым жерде көлік қозғалысы барлық көлік түрі үшін жабылыпты. Сонымен қатар өзендер мен көлдерде мұз жару жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мысалы, Нұра, Есен, Жарлы, Сабыр-Қожа, Жаманкөл өзендерінде және Қарасор көлінде 14 жарылыс ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, өңірдегі ірі су қоймаларынан су ағызу жұмыстары жалғасуда.

Брифингке қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин қазіргі уақытта облыстың барлық аудандағы су тасқыны қаупі бар 158 елді мекеннің қатаң бақылауға алынғанын айтты.

– Барлық ата-аналардан балалардың үйден шығуын, қар еріп біткенше қараусыз жүруін шектеуді сұраймын. Оларды судың жанында ойнауына қатаң тыйым салу керек. Қалада және барлық елді мекенде көптеген арна бар, олар ашық жатқандықтан суға кету қаупі өте жоғары деңгейде. Мәселен, қазір олардың бәрі суға толы тұр, – деп қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын еске салды В.Басин.

Жалпы, құтқарушылар алдағы күндері, нақтырақ айтқанда, 4-11 сәуір аралығында облыстың барлық аумағында күн жылып, ал 6-7 сәуірде жаңбыр жауатынын хабарлады. Осыған орай, олар тұрғындарға мейлінше сақ болып және оларды өз аумақтарында су тасқынының алдын алу шараларына белсене атсалысуға шақырды. Ең бірінші кезекте арықтар мен аула­лар­ды қардан тазарту керек екендігін баса айтты жауапты мамандар.

 

Қарағанды облысы