Аймақтар • 05 Сәуір, 2022

Көкшеге көктем келді қаупін ертіп

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірде күннің күрт жылынуына байланысты қасат қардың мұрты бұзылып, күрт ери бастады. Әрине, оңтүстік аудандарда күн райы соңғы тәуліктерде жылына түсті. Қауіп те көбейді. Облыс орталығынан 20 бірлік техника мен 50 адам көмекке аттанды.

Көкшеге көктем келді қаупін ертіп

Қар суы қаншалықты мол болға­ны­мен, сіреу болып қатқан топырақ жіби қойған жоқ. Былтырғы құрғақ­шы­лық жылы кенезесі кепкен өлке­нің өңіріне көктемгі ылғалдың пәлен­­дей пайдасы болмай тұр. «Түс­ке дейін мүйіз, түстен кейін киіз» дегендей, мол судың ылғалы түнде мұз болып кеуіп, күндіз бу болып ұшып кетіп жатыр.

Зеренді ауданының аумағында Иванов, Айдабол, Алексеев сияқты 3 су бөгеті, 1 су қоймасы бар. Қызыл су мөлшерден асып, қауіп тудыратындай болса, кәдеге жарататын 150 бірлік инженерлік және көмекші техника мен жүзу құралдары алдын ала дайындалған. Аудандағы тиісті мекемелер 4 су айдайтын мотопомпа сатып алыпты. 60 кереует пен 180 төсектік орын әзірленген. Денсаулық сақтау нысандары қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Жедел жәрдем бригадалары жасақталған. 5,3 тонна жанар-жағармай, 1 958 тонна инертті материал, жүздеген құм салынған қаптар әзірленген. Ақпан айынан бері ауданның елді мекендерінен 5 423 шаршы метр қар шығарылған. Ұзын-ырғасы үш шақырымға жуық арықтың бойы аршылып, қарғын су еркін ағып өтетіндей жағдай жа­салған. Облыс орталығының ірге­сін­дегі Шағалалы су қоймасына тө­ніп тұрған қауіп жоқ.

Шағалалы өзенінің Красный яр кентін жанап өтетін тұсы жыл сайын қауіп төндіруші еді. Өзен аңғарынан асқан қызыл су кенттің шеткі көше­ле­рін бірнеше мәрте басып қалған. Өйткені шеткері көшелер өзен­ге тым жақын салынған. Был­тыр өзен жиегі мықтап бекі­тіл­ді. Жағалауды көтеруге 7 млн теңге бөлініп, иге­ріл­ген. Облыс орталығын қақ жарып өтетін Қылшақты өзені де қар суы мол болған жылдары жағалаудан асып, жайылып кетуші еді. Өзен жиегі біршама биіктетілген екен. Демек, жылдағыға қарағанда, жағ­дай біршама тәуір.

– Су тасқынына қарсы атқары­ла­тын іс-шаралар шеңберінде Целиноград ауданындағы жергі­лік­ті атқарушы органдарға дер кезін­де көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар департаментінің қуатты күш­тері мен қажетті құрал-жабдық­тар жіберілді. Бүгін арнайы жабдық­тал­ған топ аттандырылды. Топ құра­мында 15 бірлік техника мен алпыс­қа жуық адам бар, – деп хабарлайды облыстық департаменттің баспа­сөз қызметі.

Департамент бастығының орынбасары Манарбек Шапағатовтың айтуына қарағанда, гидрологиялық бекет­тер ұдайы бақылауда. Су қой­маларындағы мұздың қалың­ды­ғы да есептелуде. Мәселен, Астана су қоймасындағы мұздың қалың­дығы 82 сантиметр болса, Сілеті су қоймасындағы мұздың қалың­ды­ғы – орташа есеппен 90 сантиметр деңгейінде. Егер күн күрт жылынып, қызыл су қарқыны артса, өзге өңірлерден көмек келеді.

Қарғын судың қаупі көп Аршалы ауданы да жауапты кезеңдегі да­йын­дықты ширата түсуде. Бүгінге дейін елді мекендерден 900 текше метр су шығарылды. Қызыл су тұрғын үйлерді басып қалмас үшін қасат қар әлі де қауіпсіз жерлерге тасымалдануда. 6 мың текше метр қар шығарылып, жүз метр көлеміндегі жылғалар тазартылды. Ауданға құ­ра­мында 12 адамы бар үш техникамен жарақтанған топ көмекке келді.

Алдын ала болжам бойынша кеш келген көктем өңірдің он ауданында қауіп тудырғаны белгілі болған. Міне, осы өңірлер қазір ерекше назарда. Тасқынға тосқауыл қоятын жұмыс та тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Он ауданның аумағынан 98 285 текше метр су шығарылып, елге зияны жоқ еңістеу жерлерге төгілді. Судың жолын бөгеуге де қам жасалуда. 11 990 дана құм салынған қаптар толтырылды. Оның 4 710 данасы өзен аңғарларының еңістеу жерін бекіту үшін пайдаланылды. Бес ауданның аумағында жалпы ұзындығы 21 130 метрді құрайтын арықтың бойын тазарту жұмыстары жүргізілді. Мұндайда ең қауіптісі, елді мекендердің ішіндегі кептелген қасат қар. Күрт еріген кезде ыл­дидағы ғимараттарды басып қал­уы әбден мүмкін. Міне, осындай қа­уіп­тің алдын алу үшін облыстағы елді мекендерден 274,42 мың текше метр қар шығарылды.

Дәл қазір облыста қызыл суға байланысты оқыс оқиғалар туралы шетін хабарлар жоқ. Көктемгі сынақтан көп болып жұмылып, қысылмай өтсек, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Ақмола облысы