«Мәңгілік сарын» деп аталған концертке Тәттімбет атындағы өнер колледжінің қылқобыз класы қабырғасынан 30 жыл ішінде түлеп ұшқан, бүгінде еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүрген өнерпаздар қатысты.
Кеш бағдарламасында Қобыз атасы Қорқыттың күйлері, өнер иесі Ықылас Дүкенұлының шығармалары және халық композиторларының туындылары Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен тыңдарман қауым назарына ұсынылды.
Сонымен қатар мәдени іс-шарада қобыз класының негізін қалаған Жаңқаш Ықыласұлы Жұмабековтің шәкірттері – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнерлерін ортаға салып, көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды.
Сондай шәкірттердің бірі – Ақтөбе қаласынан осы кешке арнайы келген Аяулым Жетпісбаева өзінің ұстазына деген зор құрметін шынайы сезіммен жеткізді.
– Мен Жаңқаш Ықыласұлынан тәлім алып, Алматы қаласына 2012 жылы аттандым. Консерваторияға түсіп, қобыз аспабын жетік меңгеруді жалғастырдым. Қазір Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп жүрмін. Осы мерейтойлық концертке мен Медет Есбергенов есімді заманауи сазгердің «Күз» шығармасын ала келдім, – деді алыстан ат арытып жеткен шәкірт.
Сондай-ақ Жаңқаш Жұмабековтің тағы бір шәкірті, талантты әнші Қазыбек Әдікей ұстазының құрметіне «Қара-ай көзім», «Ағажай, Алтайдай жер қайда» сынды халық әндерін тамылжыта орындап берді.
Сахна төріне көтерілген Жаңқаш Жұмабеков бұл кештің әрісі Қойлыбай бақсы, берісі Дәулет Мықтыбаевтан қалған өнерді сабақтастырып, насихаттау тұрғысынан ұйымдастырылған іс-шара екенін айтты. Сондай-ақ ол қылқобыз сыныбын бітірген шәкірттердің бағындырған белестерін, орындаушылық шеберліктерін тыңдарманға тарту етудің де мақсаттың бірі болғанын атап өтті.
– Өйткені шәкірт бойында ұстазға беймәлім болып келген қырлардың осындай дүбірлі шараларда ашылуы әбден мүмкін. Дарыны мен шеберлігі үйлескен тұста ғана олар танымалдылыққа ие болады. Ал қобызшылар оның ішінде мен баулып өсірген шәкірттер танымал болса, ол менің де жеңісім деп білемін, – деп ағынан жарылды маэстро.
Кеште қылқобыздың үніне арналып әрленген халық әні «Дайдидау» тұңғыш рет тыңдарман талқысына ұсынылды. Сонымен қатар Әлқуат Қазақбаевтың «Шабыт» атты шығармасы қылқобызда оркестрдің сүйемелдеуімен бірінші рет орындалды.
Аталған кеште Қарағанды қаласында қылқобыз өнерінің өркен жаюына сүбелі үлес қосқан тұлғаның бірі, әнші, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры болған Мейірхан Адамбековтің ұлы Алданыш та өзінің өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ол үлкен сахналарда марқұм әкесі жиі айтатын, халықтың сүйікті әндеріне айналып кеткен «Сағындым», «Шайтанкөл» шығармаларын нақышына келтіре орындап берді.
Бұған қоса концертте Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен де бірнеше күй орындалып, дәстүрлі әншілер әннен шашу шашты.
Сара Зейнелқызы есімді Қарағанды қаласының тұрғыны концерттен алған әсерін былайша жеткізді:
– Қобыздан күңіреніп шыққан күй сазы ғасырлар үнін, өмір тынысын, халықтың шер-мұңын, арманын баяндап тұрғандай. Адам баласының жанын тітіркендіретіндей, жақсы әсер қалдыратындай әдемі концерт болды. Қазақ өнері дами берсін.
Жалпы, екі сағат бойы тыңдарман қауымды уысында ұстаған керемет кеште ұзын саны 30-дан астам туынды орындалды.
ҚАРАҒАНДЫ