Үкімет • 05 Сәуір, 2022

Үкімет шетелдегі қаржыны елге қайтару жолдарын қарастыруда

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды күшейту жөніндегі ұсыныстарды талқылау бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет шетелдегі қаржыны елге қайтару жолдарын қарастыруда

Осылайша, ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Комиссия құрылды, оның аясында бес Жұмыс тобы әрекет ететін болады. Аталған Жұмыс топтары ақшалай қаражаттың жылыстауы бойынша талдау жүргізіп, капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру, шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдауға байланысты тиісті ұсыныстарды әзірлейді.

Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Ынталандыру шараларының бірі – келіп түскен валюталық түсімнің 80%-ына айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларын оңайлатылған тәртіппен өтеу.

Сондай-ақ резидент еместерге дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою, резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты шектеу шаралары ұсынылады. «Трансферттік баға белгілеу туралы» ҚР Заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді.

«Одан бөлек, капиталды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ капиталды елден шығаруды салықтық әкімшілендіруді күшейту бойынша да шаралар пысықталып жатыр. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар Мемлекет басшысының атына жолданады», делінген хабарламада.