Қоғам • 05 Сәуір, 2022

Такси қызметімен заңсыз айналысқандарға айыппұл салынбақ

668 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елде заңсыз такси қызметімен айналысқандар қатаң жазаланатын болады. Қазір олардың көлігін айып тұрағына қою мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz 31 арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Такси қызметімен заңсыз айналысқандарға айыппұл салынбақ

Заңсыз такси қызметін көрсеткендерді әкімшілік жазаға тарту заң жобасы өткен жылдың тамыз айында ұсынылған еді. Алайда, кейін толықтыруға жіберілді. Енді жаңа нұсқасы «Ашық үкімет» порталында жарияланды. Бұл жолғы ұсыныста әкімшілік жаза қатаңдатылған.

«Бұл заң жобасы заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан адам анықталған жағдайда оның көлігін тәркілеп, айып тұрағына қою үшін дайындалған.Яғни құқық қорғау органдары заңсыз такси қызметі мәселесін шешкенше көлік айып тұрағында тұрады», деді Әділет министрлігі заңнама департаменті әкімшілік заңнама басқармасының басшысы Салтанат Серікбаева.

Жаңа заң жобасында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан жеке тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш, шенеуніктерге 25, ал заңды тұлғаларға 25-тен 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.