Мұны ауылдағылар жақсы сезініп отыр
Үржар ауданының жеке кәсіпкері Нұрзия САҒАТПЕКОВА жергілікті іс-шараларға белсене қатысып, қаржылай қолдау көрсетіп жүреді. «Гүлназ» ЖШС-іне жетекшілік етіп отырған ол бүгінде қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Нұрзия ханыммен әңгімелескенімізде мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске жасалып отырған қолдауды ауылды жерлердегі кәсіпкерлер де сезініп отырғанын жеткізді. – Нұрзия Нұрахметқызы, үржарлық кәсіпкерлер арасында әлеуметтік іс-шараларға жиі атсалысып жүретініңізді байқаймыз. «Кәсіп түбі – нәсіп» дегендей, аудан тұрғындарына нәсіп болып отырған кәсібіңізді алғаш қалай бастағаныңыз есіңізде ме? – Мен 1961 жылы Үржар ауылында дүниеге келдім. 1979 жылы осы ауылдағы Абай атындағы орта мектепті, 1983 жылы Аң терісі және былғары техникумын тауартанушы мамандығы бойынша бітірдім. Тоқсаныншы жылдары заман аунап түсті ғой. Біз де сол кезден бастап түрлі кәсіп істедік. Тәуелсіздік алғанымызға бөркімізді аспанға атып қуанғанымызбен, нарықтық қоғамның аңысын аңдап еңбек ету керек болды. Мен де сол жылдары белең алған саудагерліктен шет қалмадым. Тоқсаныншы жылдардың басында көпшілікпен бірге сауда жасадым. Мәскеу, Ташкент қалаларына дейін тынымсыз жүретінмін. Үржардың атақты шұжығын сыртқа, сырттан қат тауарды ауылға тасыдым. Өстіп ала сөмкеден басталған саудамыз үздіксіз еңбектің нәтижесінде өрістеп, өзіміздің отбасылық бизнесімізді құруға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде «Гүлназ» ЖШС-нің жетекшісімін. Бүгінгі таңда Үржар ауданын әлеуметтік баға бойынша тауарлармен қамтамасыз етеміз. Осыдан үш жыл бұрын аудан орталығында «Гүлназ» сауда үйінің құрылысын жүргіздік. Бұл әмбебап сауда кешені аудан тұрғындарына түрлі қызмет ұсынады. «Гүлназ» сауда кешенінің жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Бұл дүкенді кеңейту үшін банктен несие алып жұмыс істедік. Азық-түлік және шаруашылық тауарлары саудаланады. Негізінен, Семей мен Алматы қалаларынан тасымалдаймыз. – Тауарды әлеуметтік бағада ұсынғанымен, кәсіпкерлер де белгілі дәрежеде пайда табу керек екені белгілі. Үржар – шеткі аудандардың бірі болғандықтан, оған тауар тасымалдау да оңай шаруа емес. Мұндай жағдайда әлеуметтік бағаны қалай сақтауға болады? – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағаның өсіміне жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар жүктегенін білеміз. Бұл, әсіресе, қарапайым ауыл тұрғындары үшін қажет. Біз де Елбасы саясатын өз тарапымыздан қолдаймыз. Ал біздің қолдауымыз нақты іс жүзінде жүзеге асады. Яғни қымбатшылықты болдырмау, оның алдын алу үшін мейлінше күнделікті тұтынушыларымызға аса қажетті азық-түлік бағамын бұрынғы деңгейінде қалдырғанды жөн көріп отырмыз. Біз көбінесе тасымалдау шығынын ақтауды ойластырамыз. Мысалы, сауда орталығында нанның бірінші сұрыптағы бір бөлкесі – 45 теңгеден, қанттың бір килосы 170 теңгеден, күріш 150 теңгеден саудалануда. Сол сияқты, басқа азық-түлікке де баға бұрынғы қалыптасқан деңгейінде қалып отыр. «Кең болсаң, кем болмайсың» дегендей, бүгінгі жағдайды түсініп, осы бағытта жұмыс істеуге басқа әріптестерімді де шақырамын. Оның үстіне, осыдан бір ай бұрын Елбасының пәрменімен кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланды. Содан бері тексеру тыйылды. Бізді санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері мен салық бөлімінің мамандары жиі тексеретін. Қазір жұмысымызға ешкім бөгет келтіріп жатқан жоқ. Негізі, өз қызметін таза атқарған кәсіпкер қандай тексеру келсе де қысылмайды. Тек қағазбастылық қана уақытты алады. Осы жағынан алғанда бізге мораторийдің пайдасы үлкен болып тұр. Қазіргі кезде аудандағы «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына, балалар үйіне, ауданда өтетін мерекелік іс-шараларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмектер көрсетеміз. Жәрмеңкелерге қатысып, төмен бағалармен тауарларымызды сатамыз. Бір жыл ішінде аудан көлемінде 1 миллион теңгеден астам қаржы көлемінде әлеуметтік көмек көрсеттік. Менің ойымша, әр қазақстандық жеке кәсіпкер болса, еліміз жылдан-жылға гүлдене береді. Өйткені, салық түсімінің басым бөлігін шағын және орта бизнес нысандары беретіні белгілі. Сондықтан, шағын және орта кәсіпкерлерді мемлекеттік қамқорлыққа алып отырған Елбасына айтар алғысымыз шексіз. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.ТЖМ автопаркі заманауи көліктермен толықты
Қоғам • Бүгін, 17:15
Мемлекетке тіркелген алтын қоры 522 тоннаға ұлғайды
Қоғам • Бүгін, 17:02
Қырғызстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі ұсталды
Әлем • Бүгін, 17:01
Шығыс Қазақстан облысында жоғалған екі қыз табылмай жатыр
Аймақтар • Бүгін, 16:56
Румыния мен Болгария Шенген аймағына қосылады
Әлем • Бүгін, 16:50
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына барды
Президент • Бүгін, 16:35