Спорт • 05 Сәуір, 2022

Футзалдан БАҚ лиганың оныншы маусымы мәресіне жетті

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада футзалдан Қазақстан БАҚ өкілдері арасындағы BAQ liga чемпионатының Х маусымы мәресіне жеттті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футзалдан БАҚ лиганың оныншы маусымы мәресіне жетті

Төрт айға созылған дүбірлі додаға барлығы 13 команда қатысып, «Қазмедиа» орталығы чемпион атанды.

2021 жылы 5 желтоқсанда басталған футзалдан BAQ liga чемпионаты биыл «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойына арналған болатын. Әр жексенбі сайын елорда журналистерінің басын қосқан BAQ liga чемпионаты «А» және «В» лигаларына бөлінді. Бас жүлдені «7 арна» командасы мен «Қазмедиа» орталығы сарапқа салды. Нәтижесінде чемпиондық ойын «Қазмедианың» пайдасына шешіліп, 4:1 есебімен жеңген олар тұңғыш рет BAQ liga чемпионы атанды. 2-ші орын «7 арнаға» бұйырса, «National Geographic Qazaqstan» командасы үздік үштікті түйіндеді. Ал «В» лигасында «Еуразия+ОРТ» командасы жеңімпаз атанып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұжымы күміспен күптелді. Үшінші орын «Kazaknews.kz» командасына бұйырды.

ы

Сондай-ақ үздік ойыншылар да марапатталды. Команда капитандары арасындағы дауыс беру нәтижесінде «А» лигасының үздігі «Қазмедиа» ойыншысы Құмарбек Азат атанса, «В» лигасында «Еуразия» бірінші арнасының қызметкері Жандос Манашев үздік танылды. Ал былтырдан бастап тағайындалған Амангелді Сейітхан атындағы арнайы жүлде биыл «Хабар 24» редакторы, «Қазмедиа» қақпашысы Қанат Базылханға бұйырды.

Марапаттау рәсіміне ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «7 арна» бас директоры Ерлан Игісінов, «Қазақ радиолары» ЖШС-ның бас директоры Ернұр Бурахан, ҚР Мемлекеттік хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес және «БАҚ лига» ҚҚ Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли қатысты.

в

Айта кетсек,  байрағын 2016 жылдың 10 желтоқсанында желбіреткен BAQ liga – Қазақстан БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, редакциялар арасында көпір орнатып, әріптестік татулықты арттыруға бағытталған жоба. Бес жылдың ішінде BAQ liga аясында БАҚ өкілдері арасында 10 футбол маусымы, 2 волейбол маусымы өтіп, оған барлығы 70-тен астам редакциядан 1000-ға жуық БАҚ қызметкерлері қатысты.

Енді шағын футболдан БАҚ лиганың жазғы чемпионаты мамыр айында басталады.