Суретті түсірген Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ
Сыртымыздан сынағандарды естігенде, Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз ұлдай жан-жағынан қорғаштауға тырысасың. Ал кейде бір мемлекеттің астанасы деген дардай даңқы болған соң, келеңсіздіктер мен кемшіліктерге жол бермесе екен деп кейитініміз белгілі. Қыс келсе, қар басып, көктем келсе, батпақ пен суға белшесінен бататын қала тұрғындарының қапаланатындай жөні бар. Жуырда сол жағалауда орналасқан Binom Turan мектебіне кіреберіс жолдардағы көріністер сөзіміздің дәлелі болса керек. Әлеуметтік желілердегі бейнелерден әуреге түскен ата-ана мен оқушыны көруге болады. Балтырынан балшыққа батқан балалардың білімге деген құштарлығы төмендемей ме?!
Үйінен үкілеп жіберген перзентінің лай кешіп, лас болып келгені қай ата-анаға ұнайды дейсіз? Әлеуметтік желіде Әлия есімді ата-ана аталған оқу ордасына деген арыз-шағымын былай деп жеткізеді.
«Мектепке баратын жол мәселесін тез арада шешуді талап етеміз. Балалар батпақтың үстіне құлап жатыр. Бару да, келу де мүмкін емес. Неге тезірек шешпейсіздер?! Бала мынадай жолмен мектепке жеткенше оқуға деген ынтасы қашып кетеді немесе жол жөнделіп, жер кепкенше онлайн режімге көшіріңіздер», дейді ол.
Жоғарыдағы жайтқа байланысты мектеп әкімшілігімен сөйлескенімізде: «Біз мектептің ішкі жұмысына ғана жауап береміз», деп қысқа қайырды.
Мектептен жақын маңдағы аялдамаға дейінгі қашықтық – бір шақырымдай. Осының бәрінде оқушылар мен олардың ата-аналары аяқ астындағы сазды илеп, үлкен шалшықтардың үстінен секіруге мәжбүр. Көлікпен келетіндер үшін де оңай емес. Бірақ киіміңді кірлетіп жаяу жүргеннен көлікпен келген анағұрлым оңайға түсері анық. Дейтұрғанмен, елдің бәрінде темір тұлпар бар деп айта алмайсыз.
Тағы бір жайт, биылғы оқу жылында бірден үш BINOM School алғашқы оқушыларын қабылдады. Олар – Nova City шағын ауданында, Байтұрсынов көшесі ауданында (SARYARQA) және Жағалау шағын ауданында (TURAN). Жобаны BI Group инновациялық құрылыс холдингі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекет-жекешелік әріптестігі (МЖӘ) қағидаты бойынша іске асыруда. Жоғарыдағы көтерілген мәселе бойынша компания мамандарына хабарластық.
«Binom Turan мектебіне кіреберіс жолдарға қатысты айтар болсақ, МЖӘ шарты бойынша BI Group компаниясы мектеп пен алаңішілік желілерді салуды жүзеге асырды. Оқу орны аумағынан тыс объектіге инженерлік коммуникациялар мен кірме жолдарды салу және пайдалану мемлекеттік серіктестің міндеттемелеріне кіреді. Осы мәселе бойынша қосымша ақпарат алу үшін сіз Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне жүгіне аласыз», деді компания өкілдері.
«Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, осы жылы кіреберіс жолдарды асфальтбетон жабынымен қамтамасыз ету, абаттандыру және көшелерді жарықтандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды салу» жобасын жүзеге асыруда. Бұл – Е17, Е20, Е33, Е45 көшелерінің құрылысы (Жағалау ауданы, Binom білім беру мекемесі). 2021 жылы сумен жабдықтау, шаруашылық-тұрмыстық және жаңбыр кәріздерінің инженерлік желілерін орнату және қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Осы жылы жоба аясында кіреберіс жолдарды асфальтбетон жабынымен қамтамасыз ету, абаттандыру және көшелерді жарықтандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ көліктердің қауіпсіз қозғалысын және көліктердің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жақын арада жол бөлігін уақытша инертті материалмен толтыру жұмыстары жүргізіледі», деді аталған басқарма өкілдері.
Азаматтардың арыз-шағымының нәтижесінде Жағалау ауданындағы Binom мектебіне уақытша жаяу жүргіншілер жолы төселді. Алайда City Transportation Systems ЖШС баспасөз қызметі мектепке баратын жолдың қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты №7, 61 автобустар «Binom» мектебіне уақытша қатынамайтынын, «Жағалау-4» аялдамасынан кері бұрылатынын айтты.
Қалай болғанда да, балалардың алаңсыз білім алуы үшін осындай олқылықтарға жол берілмегені жөн. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесек» болмай ма?! Бұрын «Білім инемен құдық қазғандай» деуші едік, енді «Білім балтырдан балшық кешкендей» деп жүрмейік...