Бұл суретте соншалықты алып бара жатқан оқиға да, тартыс та жоқ. Кәдімгі қарапайым қазақ отбасындағы көрініс. Ауылдағы үй деп айтуға болады. Жер үстелге жайылған дастарқан басында орамал тартқан, жасы алпысқа жақындап қалған апа, оның екі жағында, осы үйге қандайда бір жақындығы бар ер адам мен оның зайыбы отыр. Қонаққа келген екі кішкентайдың да аузы бос емес. Соларға шай құйып беріп отырған жас келіншектің жүзі қуаныштан бал-бұл жайнайды. Үстелдің іргесінде оншақты кесе тізіліп тұр. Соған қарағанда үйге тағы да қонақтар келетін секілді. Суреттен осы шаңырақтағы айрандай ұйыған береке мен бірлікті, қонақжайлылықты, бастысы, қазақы мейірімділікті көресіз. Осыны автор өзі жас болса да терең түйсініп, бояу түсімен шынайы бейнелеген.
Жалпы бейнелеу өнері де әдебиеттегі секілді, реализм, модернизм, натурализм, авангардизм дейсіз бе, түрлі ағымдарға бай. Алайда өнер туындысы өз топырағынан жаралып, ұлттық нақышта болғанда ғана оның ғұмыры ұзақ болатыны анық. Әрине, бұл шығармашылық иесі тек дәстүрді ғана ұстансын деген сөз емес, түрлі ағымдардың да дамып, өнер көкжиегінің кеңейгені жөн. Дегенмен, өз басым, көркем шығарма болсын, картина болсын, одан алдымен ұлттық ерекшелікті күтемін.
Осы тұрғыдан келгенде, Нұрболаттың туындылары қазақы нақышқа толы, сырлы бояуға бай екенін байқайсыз.
Оның «Бозжыра шатқалы» деген тағы бір тамаша еңбегі бар. Бозжыра – Маңғыстау облысындағы жұмбақ тау. Қазір бұл жерді көруге еліміздің тұрғындары ғана емес, шетелдік туристер де ынтығып тұрады. Ғалымдар Бозжыра тауының жұмбақ формалары 10 миллион жыл бұрын болған ежелгі мұхиттың түбіндегі шөгінділердің желдену процесінде пайда болған деседі. Осы ғажайып шатқалды суретші өз картинасында әсерлі бейнелеген. Тау етегінде жайылып жүрген түйелердің бейнесі де көзімізге жылы ұшырайды.
Сондай-ақ суретшінің «Ошақ» деген туындысының да жөні бөлек. Осы суретті көргенде ауылдағы бала күнім есіме түсіп, анамның ошақ жағып, бауырсақ пісіретін сәті көз алдыма келді. Дәл осы көрініс картинада айна-қатесіз бедерленген. Халқымыз ошақты – кие санаған. Үлкендердің «Ошағың сөнбесін» деп бата беретіні де тегін емес. Автор өз жұмысында осы қасиетті ұғымды, ата-баба дәстүрін бүгінмен сәтті үйлестірген. Бұл жайында суретші бір сұхбатында: «Бала күнімізде шешелеріміз «ошақты теппе», «ошаққа су құйма», «ошақтың төбесіне шықпа» дегенді жиі айтатын. Біз осыдан-ақ ошақтың шаңырақ үшін үлкен киесі барын біліп өстік, оған құрметпен қарадық. Менің ұғымымда ошақ пен отбасы егіз ұғым әрі бұл татулық пен бақытты өмірдің символы. Шығармама осыны арқау еттім», дейді.
Нұрболат өз шығармашылығында ауыл және отбасы құндылықтары тақырыбына мақсатты түрде барған секілді. Әсіресе оның «Тыныштық» деген картинасындағы әкесі мен баласының жып-жылы үйде шахмат ойнап, мамыражай отырған сәтіндегі көрінісі жүректі шым еткізеді. Туындының атауы да тегін емес, шынында, тыныш, бейбіт өмір болған жерде ғана береке, ырыс, бақыттың жақын жүретіндігін жете түсінгендейміз. Сондай-ақ «Немере», «Әңгіме», «Ою», «Ақ дастарқан», «Төртеу», «Кір», «Ақпан» секілді картиналарындағы кейіпкерлер де кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген адамдар бейнесі болғанымен, солардың болмысы арқылы қоғамдағы көпшілік байқай бермейтін сырлы сәттерді, нәзік көріністерді бояу құдіретімен көркем кестелеген. Оның табиғат көріністерін бейнелеген туындылары да тартымдылығымен жылы әсерге бөлейді.
Дарынды жастың өнеріне білікті мамандар да бейжай қараған емес. Белгілі өнертанушы Самал Мамытова жас қылқалам шебері алғашқы жұмыстарынан бастап, өмір суреттерін әсерлі бейнелейтіндігін жазады. «Нұрболаттың кескіндемесі – бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің ерекше қоспасы, ол өзіне ұнайтын көріністерді жиі өзгертеді, «жылы» мен «суық» түстерді айқын түрде салыстыра, түрлі-түсті контрастарды қолдана отырып түс «дыбысын» арттыруға тырысады. Оның туындыларындағы сағымнан бас тартуға композициялық шешімдер, фактураның түрлілігі әсер етеді», дейді.
Бүгінге дейін Нұрболат Асқардың Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана емес, 2018 жылы Италияның Флоренция қаласында «Өмір» атты жеке көрмесі өтіп, шетелдіктерді өнерімен тәнті етті. 2016 жылы «Шабыт» XIX халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде «Бейнелеу өнері» аталымында Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Басқа да өнер байқауларында жүлдегер атанды.
Суретшіге әлемдегі барлық әдемілікті көре білетін қасиет берілген. Осы қасиет біздің кейіпкеріміздің бойында молынан бар. Оның әр туындысынан сұлулық пен жылылықтың, мейірім мен әдептің, қуаныш пен бақыттың жылы лебі есіп тұрады, сіз соның шуағына шомылғандай күй кешесіз.