Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевпен кездесу болды. Онда Қазақстандағы қазіргі кездегі салық жеңілдіктерінің тиімділігі туралы мәселелер талқыланды.
Кездесуді аша келіп, комитет төрағасы Рашит Ахметов экономиканы мемлекеттік реттеуде салық жеңілдіктері маңызды құрал екенін және өндірісті дамытуға, оны жетілдіруге және қажетті инфрақұрылым нысандарын жасауға оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда жалпы сомасы 1 251,7 миллиард теңге болатын 281 салық жеңілдіктері қарастырылып отыр. 2008 жылмен салыстырғанда салық жеңілдіктерінің саны 65 пайызға ұлғайған.
«Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қолданыстағы барлық салық жеңілдіктеріне ревизия жасау және олардың мейлінше тиімді болуы қажеттігі туралы атап өтті», деді сенатор.
Кездесу барысында сенаторлар салық жеңілдіктерін есептеу әдістемесі, олардың берілуіне моноторинг жасау, салық төлеушілердің босаған қаржы ресурстарын өндірісті дамытуға пайдалануға кепілдік жүйесін заң жүзінде бекіту қажеттігі, құнды қағаздар нарығын салық жеңілдіктерімен ынталандыру жөнінде өзекті сауалдар қойды.
Е.Досаев қазіргі кезде қолданыстағы салық жеңілдіктері бойынша мекемеде ревизия жүргізіліп, талдау жасалып жатқаны және оның нәтижесі бойынша Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленетіні туралы хабарлады. Соған сәйкес, заң жобасы биылғы қыркүйек айында Парламентке ұсынылатын болады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.