Қоғам • 06 Сәуір, 2022

Taza Sessiya таңдауы – адалдық

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясының жастар қанаты Қазақстанның жоғары оқу орындарын сыбайлас жемқорлыққа тексерді. Taza Sessiya акциясы аясында жүргізілген жасырын сауалдамаға 64 жоғары оқу орнынан 20 мыңға жуық студент қатысты.

Taza Sessiya таңдауы – адалдық

Жыл сайын ұйымдастырылатын акция биыл төрт күн бойы өткізілген. 28-31 наурыз аралығында белсенділер 64 университетке барып, Қазақстан бойынша 20 мың студентке сауалдама жүргізді. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, акцияның басты шарты – адалдық пен анонимдік.

«Мен барлық мүдделі тұлғаларды осы іс-шараға қатысуға шақырамын. Тек бірігіп, біз университеттердегі сыбайлас жемқорлықты жойып, отандық білім беру деңгейін арттыруға үлес қоса аламыз», деді ол акция басталған күні.

Белсенділер жоғары оқу орындарының саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін, бірақ бәрі бірдей Taza Sessiya-ға қатысуға келісімдерін бермегендері туралы айтты.

«Өңірлерде университеттер мен колледждер сыбайлас жемқорлыққа толы. Бұл студенттер мен оқытушылар үшін әдеттегі тәжірибе. «Сабақта отырғыңыз келмейді ме? Шоколад алып бер де, кете бер!». Ең өкініштісі, студенттерге бұл жағдай ұнайды», деді акцияға қатысушылардың бірі.

Сауалдама жүргізуге тәуелсіз бақылау-
шылар, соның ішінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, блогер Алмас Сағынұлы және экстремалды спортшы Сәкен Кагаров, басқа да қоғам қай­раткерлері, сондай-ақ жергілікті атқа­рушы органдар жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері тартылды.

Amanat партиясының жастар қанаты акцияның қорытындысын биыл сәуір айының соңында жариялауды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Taza Sessiya акциясы 8 жылдан бері өткізіліп келеді. Мәселен, 2020 жылдың нәтижелері бойынша сұралғандардың 12,5%-ы өздері оқитын ЖОО-да сыбайлас жемқорлық фактілері бар екенін мәлімдеген.

2020 жылы сауалдамаға 20 710 адам қатысса, оның 63,3 пайызы – 2 және одан жоғары курс студенттері. Студенттер сыбайлас жемқорлықпен көбінесе емтихан тапсыру кезінде бетпе-бет келген. Бұл тура­лы акцияға қатысушылардың 23,8 па­йызы мәлімдеді. Сонымен қатар сол жылғы рейтингтің антилидері «Астана» медицина университеті болды. Қорытынды бо­йынша «параның орташа мөлшері» де анықталған. Мәселен, 400 мың теңгеге студенттерге ақылы оқу түрінен бюджеттік оқу түріне ауысуды, 260 мың теңгеге әскери кафедраға түсуді, 150 мың теңгеге дипломдық жұмысты «өте жақсы» етіп қорғауды, ал сессияны 22 мың теңгеге «автоматпен» тапсыруды ұсынған. Өткен жылы акция университеттердің қашықтан оқытуға көшуіне байланысты өткізілмеген еді.