Қаржы • 06 Сәуір, 2022

Қазақстанға келетін ақша азайды

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанға сырт елдерден қаржы аударымы жүйесі арқылы жіберілетін қаражат көлемі күрт қысқарып кеткен. Оның көлемі қаңтарда 13,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 30,5 пайызға аз.

Қазақстанға келетін ақша азайды

Finprom.kz жазуынша, шет мемлекеттерден жіберілген қаражаттың үштен екісі доллармен аударылған. 2022 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша, доллармен аударылған қаражат бүкіл көлемнің 63,9 пайызын құрайды. Аударымдардың 25 пайызы теңгеге тиесілі. Ал рубльмен жіберілетін аударымдар осымен төртінші жыл қатарынан қысқарып келеді. 2022 жылдың қаңтарында Ресей ақшасымен келген қаражат небәрі 6,1 пайыз болған. Аударымдардағы еуроның үлесі – 4,9 пайыз.

Америка валютасымен келген бір аударымның орташа чегі соңғы бір жылда 780-нен 758 долларға азайған. Теңгемен келген бір аударымның орташа чегі 127,7-ден 190,9 мың тең­геге көбейген. Рубльмен жасалған аударымдардың да орташа чегі 22,5-тен 23,6 мың рубльге көбейіпті. Еуро валютасындағы аударымдардың орташа чегінде 436-дан 400 еуроға дейін төмендеу байқалады.

Қаржы аударымы жүйесі арқылы жіберілген ақшаның басым бөлігі Өзбекстаннан келген – 2,5 млрд теңге. Одан кейін Оңтүстік Корея (2,1 млрд теңге) және АҚШ (1,9 млрд теңге) тұр. Бұған дейінгі мерзімдерде лидер болып келген Ресей 1,6 млрд теңгемен төртінші позицияға орналасқан.