Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Әділ Ахметов биылғы мамырдың бірінші аптасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Ж.Соареш тағайындаған парламентаралық байқаушылар құрамында бұрын өзі елші болған Британияда өткен кезекті парламент сайлауының барысымен танысып қайтқан болатын. Төменде сенатордың аталмыш сайлаудан ойға түйгендері мен көкейге тоқығандарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ең алдымен Британия Парламентінің Қауымдар және Лордтар палатасынан тұратынын еске сала отырып, оның Еуропадағы ең ірі парламент екенін атап өткен жөн. Себебі, Лордтар палатасының бір өзі 740 адамнан тұрады. Лордтардың басым көпшілігін өмірлік мерзімге Королева тағайындайды. Ал қалған орындар ескіден келе жатқан дәстүр бойынша, лауазымдары ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын пэрлердің еншісінде қалады. Демек, Британияның парламент сайлауында тек Қауымдар палатасының 650 депутаты ғана қайта сайланады, ал жаңа үкіметтің премьер-министрі болып, әдетте, сайлауда басымдықпен (326-дан кем емес) жеңген саяси партияның жетекшісі тағайындалады. Үкімет құрамы да басымдықпен жеңіске жеткен саяси партияның депутаттарынан сұрыпталады немесе коалициялық үкімет билікке келеді.
Жуықта өткен кезекті парламент сайлауы осы елдегі негізгі үш саяси партия арасындағы билік үшін таластың шарықтау шегіне жеткенін анық байқатты. Мәселен, кейінгі 13 жыл бойы үкімет билігінің тізгінін уысынан шығармай келген Лейбористік партия өз мандатын бұл жолы тағы да бес жылға ұзартып алуға тырысып бақса, дәл соншама жыл бойы көлеңке үкіметтің тізгінін ғана місе тұтып, кейінгі екі сайлауда қатарынан екі рет жеңіліске ұшырап, оппозицияда жүрген Консервативтік партия 2005 жылдан бері лейбористік үкіметтің басқан ізін аңдып, олардың ел басқаруда жіберген кемшіліктері мен олқылықтарын қалт жібермей, жіпке тізіп келген. Биылғы сайлауға олар тастүйін болып даярланып, қайткенде де қарсыластарына жіберген бұрынғы еселерін қайтарып алуға белдерін бекем буған болатын. Бұл, әсіресе, торилердің (консерваторлардың екінші атауы – Ә.А.) көшбасшысы Д.Кэмерон мырзаның сайлау алдындағы белсенді қимылынан өте анық байқалды. Консерваторлар үшін бұл, әрине, ең қолайлы сәт болды. Өйткені, осыған дейін консерваторлар билік құрып келген Британияның қаржы-экономикалық жағдайы мүлде мәз емес. Мәселен, елдің бюджет тапшылығы 163 миллиард фунт стерлингке жетіп, Ұлттық ішкі өнімнің 12 пайызына теңеліп тұр.
Кейбір сарапшылардың топшылауынша, бұл елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық және фискалдық жағдайды тез тұрақсыздандырып, Грекиядағы секілді ушықтырып жіберуі де мүмкін. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық демекші, кейінгі кезде Лейбористік партияның өткен сайлауда жеңіске жеткен бір топ депутаттарының көпе-көрнеу коррупциялық әрекеттерге барып, бюджет қаражатын жымқырып, жеке бастарының пайдасы үшін талан-таражға салғандары ашылып отыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқанын ел ішіндегі ақпарат көздері қазір жарыса жазып жатыр. Әзірге лейбористердің басына үйірілген бұл қара бұлт сейіле қояды деу қиын. Сосын, кезінде жаппай қырып-жоятын қару-жарағы бар деген желеумен бұрынғы премьер-министр Тони Блэр мен оның қаржы министрі болған Гордон Браунның Ирактағы соғысты негізсіз қолдап, әскер аттандырғаны және әлгі әскердің біразының шығынға ұшырағаны британдық сайлаушылардың жадынан әлі шыға қоймағаны анық. Бұл аз болғандай, сайлау алдында негізгі үш саяси партия жетекшілерінің арасында үш дүркін өткізілген телесайыстарда лейбористік премьер-министр Гордон Браун өзінің билік лауазымына сәйкес көсемдік пен шешендіктің биік үлгісін таныта алмады. Керісінше, Г.Браун өзінен әлдеқайда жас әрі қайратты да қарымды бәсекелестері – Консервативтік партияның көшбасшысы Д.Кэмерон мен Либерал-демократиялық партияның жетекшісі Н.Клеггтен айқын басымдықпен ұтылып қалды.
Айтпақшы Гордон Браун сайлаушылармен өткізген бір кездесудің соңында тағы бір ұятқа қалды. Омырауындағы микрофонның әлі өшпей тұрғанын білмей, өзіне иммигранттар жөнінде сұрақ қойып, ақыл айтқан алпыстың мол ішіндегі әйелді жақтырмай қалғанын сездіріп қойды. Көмекшісіне: “Мына әйел аузына не келсе, соны көкиді екен”, дегені аузынан шыққан бойда эфирге тарап кетті. “Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” немесе “Басқа пәле тілден” деген нақыл сөздердің өмірдегі көрінісі осы болар, сірә.
Сонымен, 2005 жылы өткен парламент сайлауында бәсекелестерін үлкен басымдықпен ұтып, парламенттегі 646 орынның 355-іне қол жеткізіп, үкімет басына келген Лейбористік партия бұл сайлауда өз жолын өзі кесіп, парламенттегі 650 (өткен сайлаудан бері жаңа төрт округтің пайда болуына байланысты) орынның 258-іне ғана ие болып, екінші орынды місе тұтуға мәжбүр болды.
Керісінше, жоғарыда аталған телесайыстарда Д.Кэмерон мен Н.Клегг экраннан өте жинақы да ширақ сөйлеп, сүйкімді де сымбатты келбеттерімен сайлаушылардың көңілдерін жаулап алған болатын. Тіпті сайлау алдында өткізілген телесайыстар бәсекелес саясаткерлердің кейбіреуіне көбірек дауыс жинауға тікелей әсер етсе, енді біреулерінің күтпеген жерден өз сайлаушыларының сенімі мен қолдауынан айырылып, нысанаға алған мақсаттарына жете алмай қалуына себеп болды. Мәселен, либерал-демократтардың жетекшісі Н.Клегг алғашқы телесайыста парасаттылығымен танылып, күтпеген жерден бірінші орынды иеленіп кеткен болатын.
Міне, енді осы факторлардың бәрі жинала келіп, парламент сайлауының додасына түскен саяси партиялардың ұпай қоржындарына қалай әсер еткенін бағамдап көрелік. Мұны төменде келтіріліп отырған деректерді тереңірек бажайлаған адамның бірден байқайтынына сенім мол.
Мәселен, сайлау алдындағы телесайыс Ұлыбритания парламентінің сайлауы тарихында бірінші рет қолданылған технология болды. Бұл әдіс тек осы жылы ғана іске қосылды. Сірә, ақпарат құралдарының британдық сайлау америкалық сайлауларға ұқсап барады деп жамырай жазғаны да осыдан болса керек. Сонымен қатар, біздерге, яғни ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушыларына британдық парламент сайлауына түсіп жатқан саясаткерлер бұл жолы тек америкалық сипаттағы телесайыстармен ғана шектеліп қалмай, АҚШ-тан сайлау технологиясының майын ішкен небір білікті мамандарды да алдырып, олардың ақыл-кеңестерін де барынша пайдаланғаны белгілі болды.
Мәселен, консерватор Гордон Браунның Шотландия шіркеуі қызметкерінің отбасында дүниеге келіп, Эдинбург университетін бітіргені немесе оның студент кезінде солшыл бағыттағы жастардың жетекшісі болғаны, сол көзінің ақаулығы, соңғы кезде англикандық шіркеуден католиктер шіркеуіне ойысқаны, ал консерваторлардың көшбасшысы Д.Кэмеронның ақсүйектік тегінің тым әріден – Король Уильям ІV-тен бастау алатыны немесе оның элитарлық Итон университетінде білім алғаны және Кэмерондар әулетінің дәулеті таза британдық бизнестен сомдалғаны, ал Д.Кэмерон тым еуропашыл деп, қатты сынға алған либерал-демократ Н.Клеггтің британдық ақсүйектер емес, керісінше, оның әжесінің Англияға кезінде құрлықтағы Еуропадан келіп қоныстанған белорус отбасынан шыққан баронесса екені, сол сияқты Н.Клеггтің анасының даниялық, өз жұбайының испандық екені, тіпті өзінің біраз жыл бұрын Еуропарламенттің депутаты болғаны және бес тілде сөйлейтіні жіпке тізіліпті.
Бір қарағанда, мұнда тұрған не бар деп те ойлауға болады, әрине. Бірақ парламент сайлауы сияқты не бел кететін немесе белдік кететін ұлттық деңгейдегі додада саяси технологтардың бірде-бір сөзді ақпарат құралдарына жайдан-жай жібере салмайтыны бесенеден белгілі. Ал, түптеп келгенде, жоғарыда біздер қою курсивпен арнайы беріп отырған анықтамалар сайлаушылардың санасына әдейі шоқ тастау үшін және солай ету арқылы бәсекелес партияларды ұзақ жылдар бойы қолдап келген тұрақты сайлаушылардың көкейіне күдік ұялатып, олардың белгілі бір бөлігін, я болмаса сайлау алдында әлі шешім қабылдап үлгермеген, қай партияның өкіліне дауыс берерін білмей, дал болып жүргендерді өз партиясының сойылын соқтыру үшін жырып әкетуге бағытталған өте нәзік те жатыпатар технолгиялық айла екенін байқамау мүмкін емес.
Британдық парламент сайлауының америкалық сайлауға ұқсайтын тағы бір тұсы мынау: АҚШ-та 2008 жылы күзде өткен президенттік сайлауда Барак Обамаға Американың ең биік тағын оп-оңай алып берген әрі сайлаушылардың басым көпшілігін, әсіресе, жастарды Обаманы қолдауға елітіп әкеткен “Америкаға өзгеріс керек” деген үндеуді британдық технологтар да жадына бек түйіп алған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, сайлаушылардың санасын сапыратын әлгі тіркестің “Британияға өзгеріс керек” деген нұсқасын парламент сайлауының қарсаңында, әсіресе, Либерал-демократиялық партияның жетекшісі Н.Клегг жиірек пайдаланды. Мұны байқап қалған консерваторлар мен лейбористердің саяси технологтары әлгі үндеуді жарыса пайдалана бастады. Өйткені, бұл үндеудің сайлаушылардың құлағына жылы тиетінін олар да жақсы түсінді. Ел құлағын елең еткізген бұл фраза көздеген нысанасына дәл тиді десек, шындықтан алыс кетпейміз. Себебі, өткен сайлауларда салғырттыққа салынып келген британдықтар бұл жолы елдің барлық аймақтарында бұрын-соңды болмаған белсенділік танытты. Сайлау жасындағы азаматтардың шамамен 65 пайызы дауыс беретін орталықтарға лек-легімен ағылып келгендіктен, кезекке тұрған сайлаушылардың қарасы тез көбейіп, тізбегі ұзарып кетті. Бірақ парламент қабылдаған сайлау туралы заң бойынша, бүкіл ел аумағында дауыс беретін орындардың бәрі бірдей түнгі сағат 10-да жабылып қалды. Соның салдарынан жүздеген сайлаушылар дауыс беруге мүмкіндік ала алмай, реніштерін білдіріп, келген іздерімен еріксіз кері қайтуға мәжбүр болды. Мұның ең басты себебі сайлаудың жексенбіде емес, керісінше, ежелден бері дәстүрге айналып кеткен бейсенбіде, яғни жұмыс күнінде өтетіндігінде жатыр.
Осы жерде айта кету керек, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы атынан Әзірбайжан, Грузия, Италия, Қазақстан, Ресей және Тәжікстаннан келген депутат-байқаушылар екі топқа бөлініп, бірі Манчестер қаласындағы сайлау барысын байқауға аттанса, екінші топ Лондон қаласының аудандарында өткен сайлау үдерісін байқады. Мен соңғы топта болдым. Сайлаудың ертесіне 7 мамырда екі топ та Лондонда қайта кездесіп, көрген-түйгендерін ортаға салды. Пікір алмасу барысында парламентаралық байқаушылар бірауыздан мыналарды атап өтті: сайлау үдерісі елде қалыптасқан заң шеңберінде, еркін атмосферада өтті; елдің өте мықты дамыған ақпарат құралдары (айтулы ірі газеттері мен Би-би-си секілді алпауыт теле және радио арналары) бүкіл ел аумағында өтіп жатқан сайлау барысын толассыз баяндап тұрды; ақпарат технологиялары жақсы дамыған ел емес пе, көрнекілік пен ашықтық айқын сезілді; әккі журналистер мен сардар саясаткерлердің терең де мазмұнды сараптамалық материалдары лек-легімен, кезек-кезегімен оқырманға да, көрерменге де, тыңдарманға да жетіп жатты; көзге түскен тағы бір дүние – сайлау аяқталған кезде сайлаушылардың дауыс берген бюллетеньдері тоғытылған жәшіктердің бірде-біреуі сайлау стансаларында ашылмай, тура сол қалпында, бірден қалалық кеңестің ғимаратында орналасқан Орталық сайлау комиссиясына жеткізіліп, тек сол жерде ғана саналатындығы; және бір көзге түскен нәрсе – егер сайлаушылар белгілі бір себептермен дауыс беретін орындарға келе алмайтын болса, не пошта арқылы немесе біреуге сенімхат беру арқылы дауыс бере алатындығы; тағы бір дәстүрлі үрдіс – қандай сайлау болса да, оның жоғарыда атап өткендей, тек қана аптаның бейсенбі күні өткізілетіндігі.
Қысқа қайырып айтар болсақ, Ұлыбританиядағы парламент сайлауы өте жоғары деңгейде өтті. Тәртіп бұзу немесе алдау атымен жоқ. Бәрі де сенімге, тазалыққа негізделген. Олай болмайтын жөні де жоқ сияқты. Себебі, бұл елдің қалыптастырған өркениеті де, парламенті мен саяси партияларының тарихы да, ел ішінде ғасырлар бойы қалыптасқан демократиялық сайлау мәдениеті мен дәстүрі де соншалықты терең. Мәселен, орта ғасырдың өзінде-ақ Британия аралдарындағы Англия, Шотландия және Ирландия корольдіктерінің жеке-жеке парламенті болған. 1707 жылы алдыңғы екеуі бірігіп, Ұлыбритания парламентін құрса, 1800 жылы бұған Ирландия парламенті қосылып, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі өмірге келген.
Британияның ең ірі әрі жасы үлкен саяси партиясы – Консервативтік партия. Ол 1670 жылдан бастау алады. Бұл партияның көшбасшылары кезінде үкімет билігін ұстаған Невилл Чемберлен, Уинстон Черчиль, Энтони Иден, Гарольд Макмилан немесе 1979 жылдан бастап, он жыл бойы Біріккен Корольдікті дүрілдетіп билеген “Темір ханым” Маргарет Тэтчерді бұл күнде бүкіл әлем мойындайды. Партияның қазіргі жетекшісі – Дэвид Кэмерон 44 жаста. Оны ірі бизнес пен алпауыт ақпарат құралдарының өкілдері қолдайтыны айқын байқалады. Партияның қаржылық жағдайының басқалардан мықтырақ болуының себебі де осында жатқан сияқты.
Лейбористік партия да жас емес, 1900 жылы құрылған. Бұл партия кейінгі он үш жыл бойы ел билігін қолында ұстап келді. Партияның ең мықты басшыларының бірі – Тони Блэр болатын. Ол 1997-2007 жылдар арасында он жыл бойы ел билігінде болып, оның орнын соншама жыл қаржы министрі болған партиялас әріптесі Гордон Браун алмастырған болатын.
Үшінші орындағы Либерал-демократиялық партия алдыңғылардан әлдеқайда жас. Ол 1988 жылы құрылған. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл партия кейінгі жылдарда жас болса да бас болуға лайық әрекет жасап, абыройы өсіп отырған сияқты. Партия көшбасшысы – 43 жастағы Ник Клегг. Белгілі саясаткерлер мен сарапшылардың топшылауынша, ол келешегінен көп үміт күттіретін салмақты да салиқалы саясаткер деген бағаға ие болып жүр. Мұның сыртында аймақтық деңгейдегі он беске тарта ұсақ партиялар бар. Бірақ олардың ұлттық парламенттегі үлес салмағы өте аз. Сондықтан жалпы ұлттық заңдар мен үлкен шешімдерге қатысты олардан сайланған бірді-екілі депутаттың пікірі айтылып, үндері естілгенімен, соңғы шешімді қабылдауға олардың тигізетін әсері жоқтың қасы.
Сонымен, үстіміздегі жылы Британияда өткен парламент сайлауы межесіне жетіп тоқтады. Бірақ бұл сайлауда көбірек дауысқа (307) Консервативтік партия ие болса да, Үкімет пен Парламент тізгінін жеке-дара қолға алып, билік жүргізуге басымдық беретін, ең кем дегенде, 326 депутаттық мандатты иемденуге шамасы жетпей қалды. Демек, қазіргі парламент орнықсыз сипатқа ие болып отыр. Сондықтан толық билік жүргізу үшін 19 депутаттық мандаты кем болып отырған Консервативтік партияның не биылғы парламент сайлауында 258 депутаттық орынға ие болған лейбористермен немесе 57 мандатқа ие болған либерал-демократтармен, я болмаса қалған 27 орынды бөлісіп алған ұсақ партиялармен бірігіп, коалициялық үкімет құруына тура келеді. Ал егер әлгілердің ешқайсысымен билік бөліспей, тек Консервативтік партияның депутаттарынан ғана тұратын үкімет құрылатын болса, онда ондай үкімет те, жаңа сайланған парламент те табанының бүрі жоқ, орнықсыз болып шығады да, көп ұзамай, жаңа сайлаудың болуына әкеліп соқтырады. Мұны Д.Кэмерон да, Гордон Браун да, Ник Клегг те өте жақсы түсінеді. Демек, Д.Кэмеронға басқа партиялардың жетекшілерімен тезірек келіссөз жүргізіп, портфель бөлісуден, яғни өз партиясына қолайсыздау болса да, еріксіз компромиске барудан басқа амал жоқ. Қазір ондай келіссөздер басталып та кетті. Болашақ үкіметтің портфельдерін Консервативтік партия кімдермен бөлісетінін біздер жуық арада білетін боламыз.
Бірақ қазір бір шындықтың басы ашық. Ол – билікке қандай үкімет келсе де, әлгі үкімет ел ішінде қордаланып қалған саяси, экономикалық, фискалдық және әлеуметтік мәселелерді тез шешпесе, онда континенталдық Еуропадағы Грекия, Испания және Португалия мемлекеттерінің басына төніп тұрған қауіптің Британияның Біріккен Корольдігінде де қайталануы әбден мүмкін.
Әлемдегі ең беделді газеттердің бірі – “Fіnancіal Tіmes” жасаған сараптамаға құлақ түрсек, дәл қазіргідей өте қауіпті экономикалық және қаржылық дағдарысқа Британия мемлекеті 1979 жылы тап болған екен. Бірақ ол кезде билік тізгіні Консервативтік саяси партияның ең атақты да айбарлы өкілі және өзінің саяси ғұмырында еш қиындықтан тайсалып көрмеген батыр да батыл, әрі тарихта “тэтчеризм” деген айшықты із қалдырған, ал бұл күнде Британияның Ұлттық Парламентінің Жоғарғы палатасындағы Королева Елизавета ІІ-нің өмірлік мерзімге тағайындаған лордтар мен пэрлердің ортасында отырған Маргарет Тэтчер ханымның қолында болатын. “Темір ханым” жасаған тарихи да айбынды ерлікті қазіргі билік тізгінін ұстайын деп отырған Дэвид Кэмерон қайталай ала ма, жоқ па, мұны алдағы жылдар көрсететін болады.
Әділ АХМЕТОВ, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы.