05 Сәуір, 2014

Етсіз астың дәмі келмес

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Егеменнің» «Парламент» бетінде «Ет дегенде бет бар ма?» (15.03.2014 ж.) атты ма­те­­риал жарияланып, онда Елбасы Н.Назарбаевтың сырт­қа ет шығару көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізу тура­лы Үкіметке 2011 жылы берген тапсырмасының қалай орындалып жатқанын білгісі келген Мәжіліс депутаты Т.Өмір­зақовтың күні кеше отстав­каға кеткен Премьер-Министр С.Ахметовке жолдаған сауалы кеңейтілген мазмұнда қамтылған болатын. Бұрынғы Премьер-Ми­нистр­дің депутатқа бер­ген жауабына (№Д/3-26) қара­сақ, Үкімет Президенттің тап­сы­рмасын орындауға білек сыбана кіріскен секілді. Атап айтқанда, 2011-2015 жылдарда мүйізді ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыруды көздейтін кешенді шаралар жоспары жасалыпты. Бұл жоспар бойынша алдымен, тауарлы шаруашылықтар құрып, қара малдың төлін 6-12 ай мерзімге дейін семірту алаңдарына күтіп-бағу көзделген екен. Өнеркәсіптік негізге қойылған семірту алаңдары қабылдаған бұзауларды 3-6 ай күткеннен кейін етке өткізеді. Осы ара­лықта мал тұқымын асыл­дан­дыру жұмыстары, вете­ринарлық талаптар, жем­азық­­тың құнарлылығы және т.б. қажеттіліктер де қатаң ескерілетін көрінеді. Мал тұқымын асылдандыру мақсатымен 2013 жылдың аяғына дейінгі мерзімде 390 мың ұрғашы, 166 мың асылтұқымды аталық малдар сатып алынған. Осының арқасында қазір малдың сойылған еті 160 кг.-дан 190 кг.-ға дейін арттырылыпты. Фермерлерді асылтұқымды мал алуға ынталандыру мақ­сатымен бір қараға бөлінетін субсидия көлемі 14 мыңнан 18 мың теңгеге дейін көтеріл­ген. Жекеменшіктегі мал тұқымын асылдандыру үшін асылтұқымды аталық ірі қара ұстап, оны қоғамдық табынға қосатындарға берілетін субси­дия көлемі 104 мың теңге болған. Осы шығынның 2013 жылдағы жалпы көлемі 155,8 млн. (1500 тұяқ) теңгеге жеткен. Мал тұқымын одан әрі асыл­­дандыру мақсаты­мен репродукторлы шаруа­шы­­­лықтар құру деген қолға алы­ныпты. Оларға асылтұқымды малдар сатып алынып, өсірі­леді. Осы мақсатпен 2011-2013 жылдары жалпы саны 40,4 мың мал сатып алынған екен. Осы репродукторлардың басты міндеті – фермерлік және жекеменшік қожалықтарды асылтұқымды аталықтармен қамтамасыз ету. 2013 жылы сондай 1330 бұқа сатылған. Семірту алаңдарын үлкей­тіп, мал басына кететін шығын­дарды азайту арқылы еттің өзіндік құнын төмендету көз­дел­ген. Өткен үш жылда жоспар бойынша 67,9 мың семірту орындарын салу жоспарланса, іс жүзінде оның көлемі 76,2 мың орынға жеткен. 2013 жылдың қорытындысы бойынша се­мір­тілген, жоғары сапалы ет­ті сыртқа сату көлемі 4,5 мың тоннаға жеткізілген. Ал үстіміздегі жылы оны 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр екен, яғни биылдың өзінде сыртқа шығарылатын сиыр еті былтырғымен салыстырғанда екі есе артпақшы. Жауапқа қарағанда, бүгінгі күні Қазақстан өз халқын өзінде өндірілетін етпен толық қамтамасыз етуде көрінеді. Тек құс етімен қамтамасыз ету жағы ғана төмен. Құс етін тұтынудың импорттық үлесі 60 пайыздан төмендемей тұр екен. Ал енді осы жауаптың мына бір қызығына қараңыз. 2013 жылы ет тұтынудың жан басына шаққандағы көлемі әр адамға орта есеппен 80 кг. дейді. Бұл – іс жүзіндегі көлем. Соның ішінде әрбір адам 30 кг. сиыр, 10 кг. қой, 10 кг. жылқы және 20 кг. құс және 10 кг. шошқа етін тұтыныпты. Ал енді ұлттық норма бойынша... әрбір адам жыл сайын 15 кг. сиыр (2 есе аз), 6,3 кг. қой (4 кг. аз), 3,2 кг. жылқы (3 есеге аз) және 5 кг. құс (4 есе аз) етін тұтынуы керек екен. Ұлттық ерекшелікті, іс жүзінде қанша тұтынуды есепке алмай жасалған бұл не қылған норма екенін Үкімет білмесе, біз білмедік. Ет өндіру бойынша ең не­гізгі мақсат – оның бәсеке­лес­тік­ке қабілеттігін арттыру ғой. Ол үшін, ең бастысы, еттің өзіндік құнын төмендету керек. Сондықтан Үкімет жергілікті малдың генетикалық әлеуетін арттыру және мал жайылымдарын ұлғайтуды көздеп отырған көрінеді. Жайылымдарды сумен қамтамасыз ету үшін 2014-2020 жылдары 4 мыңдай шахталы және құбырлы құдықтарды қазу немесе бұрынғыларды қалпына келтіру жоспарланыпты. Міне, ет өндіруді арттыру үшін осындай шаралар қарас­тырылған, ал енді оның қанша­лықты нәтижелі боларын алдағы уақыт көрсете жатар. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».