Түрік қағанатының ұлан-байтақ даласын мекендеген бауырластар үрім-бұтағының Анадолы топырағынан жеткізген сый-сияпаты – тамырды қайта жалғағандай мазмұны терең құбылыс.
Түбі бір түркі әлемі туралы білетін нәрсемізден гөрі білмейтініміз әлдеқайда көптеу екені рас. Кейбірімен тіліміз, ал енді бірімен түріміз бен дініміз айнымай ұқсап тұрады, осыларға салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жағынан туыстықты қоссақ, тамырластығымыз бен тағдырластығымызға тарыдай күмән келтірер нәрсе таппайсыз. Тарихтың таңбасын тірілте білетіндер түріктер, бұдан мың жылдар бұрынғы оғыздар Түркістан, Сауран, Отырар, Жаркент, Сыр бойын бағып мекендеген дейді. Түрік бауырлардың Қазақ елін, Түркістанды ата жұртымыз деп айрықша сүйіспеншілікпен қарауы ежелгі өркениеттің әлі де сырын ішіне бүккен қадау-қадау қатпарларын барынша қаза түсуге ниеттендіреді. Екі елге ортақ рухани жемістер аз деп айтпаймыз, әрине. Бүгінде Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университеті жемісті жұмыс істеп келеді, қазақ-түрік лицейлерінде қазақтың қаншама дарынды жас өркендері білім алып жүр. Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев Түркияның материалдық емес мәдени мұрасына арналған көрмеде Түркия мен Қазақстан арасындағы туыстық тұрақтылықты кеңінен қамти әңгімеледі. «Түркия – тарихы терең, мәдениеті бай бізге бауырлас ел, – деді министрдің орынбасары. – Түрік халқының қазақпен мәдени байланысы ертеден басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Жыл сайын Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Соның ішінде біздің мемлекеттердің ТҮРКСОЙ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, ЮНЕСКО және ИСЕСКО тәрізді халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығы күшейе түсуде. Мысалы, 2012 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстың 20 жылдығына орай Ыстамбұл қаласында салтанатты концерт пен алтын бұйымдар көрмесі өтсе, 2013 жылы қазақтың белгілі композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы ТҮРКСОЙ-дың штаб-пәтері Анкарада атап өтілді». Түркияның ғажайып әрі бай мәдениеті әлем назарынан ешқашан тыс қалған емес. «Қарагөз» көлеңкелер театры, «Наурыз», «Жыршы-меддахтар өнері», «Мевлеви – Сема» дәстүрі және басқа да рухани байлықтардың ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енуі бұл орайда қыруар істердің жүзеге асырылғанын көрсетеді. Ал Қазақстанның осы бағыттағы жұмыстарына келетін болсақ, өткен жылы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының көрнекі тізіміне «Айтыс» және «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары», «Наурыз», «Қазақтың дәстүрлі домбыра күйі» атты аталымдары ЮНЕСКО-ға жолданғанын айтты вице-министр. Соның ішінде екі халықтың мәдениетіне ортақ Наурыз мейрамының рөліне айрықша тоқталды. Бұл шара екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрі нығая түсуіне айтарлықтай үлес қосады деген сеніммен ой түйіндеді. Қазақ пен түрік халықтарын қауыштыратын қазыналы қағидалар айта берсең жетіп артылады. Бұл ретте Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Өмер Бұрхан Түзел: «Ең алдымен көрмеге арқау болып отырған материалдық емес мәдени мұра түсінігінің қандай мағына білдіретіндігіне тоқталып өткім келеді, – деді. – Алтын қазына деуге тұрарлық материалдық емес мәдени мұралар дегеніміз – ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған ертегілер, әңгімелер, мақал-мәтелдер, балаларға арналған ойындар, түрлі ұлттық сенім-нанымдар, қолөнер бұйымдары, ақындық жырлар мен қойылымдар, мерекелік үлгілер. БҰҰ материалдық емес мәдени мұраларды қорғау конвенциясын қабылдады. Түркия бұл конвенцияға 2006 жылы қосылды. Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне Түркиядан он бір мәдени құндылық енгізілді. Көптеген мәдени құндылықтар түрік пен қазақ халқына ортақ болып саналады. Ауыз әдебиеті тұрғысынан қарайтын болсақ, бірқатар мақал-мәтелдердің, тұрақты сөз тіркестерінің осы күнге дейін екі тілде бірдей мағынада қолданылып жүргенін көреміз. «Көз майын тауысу», «сөзге құлақ асу», «отпен ойнау» секілді тұрақты сөз тіркестері бұған мысал бола алады. Екі аптаға жалғасатын көрмені өткізудегі мақсатымыз – жас ұрпақтың ұлттық мәдениетімізге деген қызығушылығын арттыру, еларалық достық пен туыстық көпірді нығайту». Әдеби, фольклорлық мұраны зерттеу бағытында түбі бір түркі дүниесінің соңғы жылдары едәуір табысқа қол жеткізгені өз алдына бөлек мерей. Ауыз әдебиетінің көне мұралары – «Оғызнаме», «Қорқыт ата кітабы», «Алпамыс», «Манас», «Қобыланды», «Көрұғлы», «Едіге батыр», тағысын тағы толып жатқан түбі түркіге ортақ бұлақтар басына тоғысқан ғалымдар мүддесі әлі көп арнада жалғасын табарына сендіреді. Бұл туралы белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков әсерлі әңгімеледі. «Астана халқына ерекше мереке жасап беріп отырсыздар, – деді ардагер ғалым. – Біздің тарихымыз да, түп-төркініміз де бір. Кешегі бүкіл әлемді аузына қаратқан Түрік қағанатын қалай ұмытасыз. Оныншы ғасырда Сырдың бойынан түріктер Анадолыға көшкеннен кейін көп жылдар бір-бірімізбен қатынаса алмай қалдық. Аңсадық, сағындық. Сөйтіп, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басынан біздер қайта араласа бастадық. Сол жылдары 40 адамды басқарып, Қазақ елінің Түркиядағы күндерін өткізуге барған сапарым еріксіз есіме түседі. Сонда әуе-жайдан түсе берген сәттегі аузымнан шыққан сөз: «Сіздер – мұнда, біздер – анда, осы күнді мың жыл аңсадық», дедім. Ертесіне бүкіл газеттер осыны дәл сол айтқан күйімде өзгертпей жазды. Содан бері, тәубе, байланысымыз жақсарды. Баяғыдай бір кісінің баласы сияқтымыз. Барыс-келіс жиі. Бүгінде Түркітілдес мемлекеттер басшылары, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы, Түркітілдес мемлекеттер Сыртқы істер министрлері, Түркітілдес мемлекеттер ақсақалдар кеңестерінің атқарар міндеті ауқымды және де Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың айтуымен Астанада Түркі академиясы ашылды. Қазақстанда, дүниежүзінің басқа да көптеген мемлекеттерінде түрік лицейлері жұмыс істеп жатыр. Осы үшін де Түркияға көп рахмет! Мынадай көрмеге куә болып отырып, бір-біріңнен қалай бөлінесің? Тірлігің де – бір, түрің де, өмірің де – бір. Кішкентай баланың шілдеханасын өткізу, бесікке салу, қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрің де бірдей, айыратын ештеңе жоқ. Ұстаған бұйымдарың мен киген киімдерің де ұқсас. Ататүріктің әруағына ризамыз. Ол кісі Түркияны үлкен мемлекет етіп көтеріп кетті. Елордада Ататүріктің ескерткіші менмұндаласа, ал Елбасының ескерткіші Анкарада тұр. Анамыз бір, атамыз бір елміз». Анкарадағы Гази университеті мен Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы ұйымдастыруымен Назарбаев орталығында тұсауы кесілген Түркияның материалдық емес мәдени мұрасы көрмесі күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым құрал-саймандарды, үйлену, қыз ұзату, баланы бесікке салу, қырқынан шығару сияқты ұлттық дәстүрлерге керекті бұйымдарды, үй жануарларына тағылатын түрлі әшекейлі әбзелдерді, музыкалық аспаптар мен кілем, алаша тоқуға арналған бірталай жәдігерлік заттарды ұсынды. Бұл түрік мәдениетінің теңіздің тамшысындай ғана болатын аз бөлігі екені сөзсіз. Кейде бір халықты танып-білу үшін телегей теңіз көп нәрсені көріп шығу аса шарт емес сияқты. Жақындықтың жарқын іздері қолөнер өрнектеріндегі қос халыққа ортақ оюлардың өзінен айшықталып, ажарланып көзге оттай басыла түседі. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». ____________________ Суреттерде: Түркияның материалдық емес мәдени мұрасы көрмесінен. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше