«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының құрылғанына 10 жыл толды
Елімізде мұнай өндіру көлемі жөнінен көшбасшылардың үштігіне кіретін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының құрылғанына биыл он жыл. Осы жылдарда акционерлік қоғамда нендей өзгерістер орын алып, ауыз толтырып айтатын қандай биіктерді бағындырды дейтін сауал көлденеңдейді. Тарих үшін он жыл аз болғанымен, межелі белестерді бағындыруы тиіс табысты компания үшін бұл үлкен бір асу. Не бар, не жоқ дейтінді шамалауға да мүмкіндік беретін әжептеуір уақыт. Сонымен, он жылдық белестің ең бір маңызды тұстарын қысқаша шолып шығайық. Акционерлік қоғам 2004 жылдың наурызында құрылды. 2006 жылы өзінің акцияларын үлкен компаниялардың ішінде алғашқылардың қатарында Қазақстан Қор биржасына орналастырды және ғаламдық депозитарлық қолхаттары Лондонның Қор биржасында листингтен өтті. Компания сол жылдың қыркүйегінде ІРО кезінде 2 млрд.-тан астам АҚШ долларын тартты. 2007 жылы «Қазгермұнай» БК ЖШС-дағы 50% үлесті, оған қоса CCEL «Қаражанбасмұнай» компаниясындағы үлестің 50%-ын сатып алды. 2008 жылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі нарыққа тиімді бағамен шикізат жөнелтетін халықаралық деңгейдегі ірі энергетикалық компания «Би Джи Группен» барлау және өндіру саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Келісімде еліміздің және басқа мемлекеттердің жекелеген учаскелерінде көмірсутегі қорларының әлеуетін бірлесіп зерттеудің ұстанымдары белгіленді. Дәл осы жылы «ПетроҚазақстан Инк.» компаниясындағы 33% үлесті сатып алу жөніндегі мәмілеге келді. Ал, 2009 жылы Standard&Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі компанияны «GAMMA-6» деңгейіндегі GAMMA корпоративтік басқару рейтингіне кіргізді. 2010 жылы «СапаБарлау Сервис» ЖШС-ін және «НБК» ЖШС-ін сатып алды. 2011 жылы Федоров блогын зерттеуге қажетті лицензиясы бар «Ural Group Limited» АҚ-тың 50 %-ын сатып алды. Дәл осы жылдың сәуір айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан Темір, Теріскен, Өзен-Қарамандыбас, Қаратон-Сарықамыс барлау блоктарын сатып алды. Бір жыл өткен соң компания өзінің «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» филиалдарын акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру ниеті туралы жариялады. Жалпы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының өзі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. ҚМГ БӨ 2012 жылы «Қазгермұнай» БК ЖШС мен CCEL және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы үлестерді қоса есептегенде 12,2 млн. тонна мұнай өндірген болса, 2013 жылы ол көрсеткіш 12,3 миллион тоннаға жеткен. Бұл күнде еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында «ҚМГ» БӨ» акционерлік қоғамына қарасты 18 еншілес және тәуелді ұйым жұмыс істейді. Бұл акционерлік қоғамды мемлекетіміздегі ең ірі жұмыс беруші компаниялардың бірі деп атауға мүмкіндік береді. Нақты айтқанда, 25 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Әлеуеті зор компания өзінің он жылдық мерейтойы қарсаңында Астанада БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын ұйымдастырған кезде үлкен ұжымның басшысы, яғни, «ҚМГ» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов «мұнайшылар – акционерлік қоғамның негізгі капиталы» дегенді де айтты. Қараңыз, акционерлік қоғам 2007 жылы өз қызметкерлеріне әлеуметтік қорғалудың жоғары дәрежесін қамтамасыз ететін ұжымдық шарт жасасқан Қазақстандағы алғашқы компаниялардың бірі болған. 2008 жылы бұл ұжымдық шарт «Парыз» республикалық байқауының қорытындысы бойынша елімізде ең үздік болып танылған. Ал, өткен жылдың желтоқсан айында «ҚМГ» БӨ» өзінің еншілес және бағынышты ұйымдарымен 2014-2016 жылдарға арналған жаңа ұжымдық келісімшартты қабылдады. Наурызда өткен Директорлар кеңесінің отырысында 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап «Барлау, мұнай мен газ өндіру» бизнес-бағыты бойынша қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу және 2014 жылдың бюджетіндегі еңбекақы қорын 21 млрд. теңгеге арттыру, соның ішінде 2014 жылдың ақпан айында болған теңге бағамының өзгеруіне байланысты еңбекақыны 10%-ға арттыру туралы шешім қабылданған. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қоса оларды қауіпсіз еңбек жағдаймен қамтамасыз ету, Адам капиталын дамыту компанияны дамытудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қозғаушы факторы ретінде қарастырылатынын да атап өтпекпіз. Сонымен қатар, компания әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялардың бірі. Соңғы он жылда аймақтардың инфрақұрылымы мен әлеуетін дамытуға өз бюджетінен 45 миллиард теңге ақша жұмсаған. Бұл қаржыға Атырау және Маңғыстау облыстарында мектеп, балабақша, балалар лагері, спорт кешені, медицина орталықтары, басқа да нысандар салынған. Тұрғындар ауызсумен қамтамасыз етіліп, ауыл мен қала арасына жол салынған. Атырау облысында болашағы жоқ ауылдардың тұрғындарын облыс орталығына көшіруге атсалысқан. Айта берсе, мұндай игі шаруаларды санап саусақ жеткізе алмайсың. Басқасын айтпағанда, 2009 жылдан бері компания жыл сайын Жаңаөзен қаласында мың әлеуметтік жұмыс орнын құруға көмектесіп жүргені, Жаңаөзен қаласын дамыту туралы кешенді жоспардың шеңберінде компания салған тұрғын үйден 200 отбасы пәтерге ие болатыны қандай ғанибет. «Біз соңғы он жылда ардагерлерге, зейнеткерлерге, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіп келеміз», деді А.Нұрсейітов. «ҚМГ» БӨ» бас директоры А.Нұрсейітовтің айтуынша, қазіргі уақытта жаңғырту бағдарламасына сәйкес, өндірісте ескірген жабдықтарды алмастыру ісі жүзеге асырылуда, жаңа өндірістік нысандар салынып жатыр. Бағдарлама орта келешектегі мерзімге есептелген. Ал оған болжам бойынша 75-90 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынбақ. Бұрын қолмен атқарылған еңбектер енді жаңа технологияның жетістіктерімен алмастырылуда екен. Бұл өз кезегінде мұнайшылардың еңбек ету қарқынын жақсартпақ. Сондай-ақ, техника қауіпсіздігі мен қоршаған орта тазалығының да сақталуына әсерін тигізбек. Мысалы, Жаңғырту бағдарламасы бойынша бір ғана Өзен кен орнында диагностикалау және жерасты жабдықтарын жөндеу цехы пайдалануға берілген, сұйықтық дайындайтын цехтың құрылысы аяқталған. Жаңадан іске қосылған цех жерасты жабдығын жөндеудің сапасын арттырады және оның өндірісте пайдалану уақытын ұзартады. Цех қуаттылығы жылына 10 мың метр тереңдіктегі сорапты, 300 мың дана сораптық штанганы, сондай-ақ, 400 мың дана компрессорлық құбырды жөндеуге жетеді. Ал «Ембімұнайгаз» АҚ-та ілеспе газды кәдеге асыруға арналған жабдықтың құрылысы аяқталып, нақтырақ айтқанда, өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген еді. Мақат кен орнында қуаттылығы жылына 40 млн. текше метр газ өндіретін ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысын орнату 2012 жылы басталып, 2013 жылдың жазында толықтай аяқталған. Қондырғы құрамында негізінен компрессор, газ өңдеуші техникалық жабдық, компрессорды басқару машинасы, сеператорлар, т.б. бірнеше техникалық жабдықтар бар. Осыған байланысты «Ембімұнайгаз» АҚ-тың 23 маманы «Татнефтегазпереработка» акционерлік қоғамына (Татарстан Республикасы) арнайы жіберіліп, оқу-дайындық курсында тәжірибе жинақтап келгенін де атап өту қажет. Қазіргі таңда ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы әлемдік стандартқа сәйкес жұмыс істеп тұр. Тағы бір айта кететін жағдай, өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында компания маңғыстаулық мұнайшыларға керемет сый жасады. «Қаражанбас» кен орнында елімізде теңдесі жоқ техникалық өндірістік база ашылған болатын. Мұнда Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» серіктестігінің жұмыскерлері еңбек ететіні белгілі болған. Өндірістік база бір мезгілде 250 автокөлік пен арнаулы техникаға сапалы қызмет көрсете алады. Дәлірек айтқанда, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтардың көмегімен техникаларға диагностика жасалып, күрделі ақаулар қалпына келтірілсе, автоматтандырылған құрылғының көмегімен ластанған көліктерді әп-сәтте жуып-шайып алуға да жағдай жасалған. Сондай-ақ, өндіріс аумағында жөнделуге әкелінген көліктер үшін көлемі 3 мың шаршы метрді құрайтын жылы гараждардың да бар екені хабарланған болатын. «Біз аймақтағы ахуалдарды оңалтып, өндірісті қалпына келтірдік. Алдағы уақытта да қазіргі қарқынымызды бәсеңдетпей, ел экономикасын нығайтуға өз үлесімізді қоссақ дейміз. Алдағы бесжылдықта біздің компания жыл сайын 12 миллион тонна көлемінде мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Жоспарды осыдан төмен алуға болмайды. Бұл, бір жағынан, компанияда тұрақтылықтың іргетасын қалыптастыруға мұрсат береді. Әрине, өндірісті жаңғырту үшін аз қаржы инвестициялап отырған жоқпыз. Сондықтан әлеуетімізді жоғарылатудың түрлі жолдарын қарастыратын боламыз, мен біздің активтер рентабельділігін сақтайтынына және бірлескен кәсіпорындар тұрақты табыстар түсіретініне сенімдімін», деді бас директор басқосуда. Жалпы, бұл жиында 2017 жылы соңғы бес жылда анықталған перспективасы жоғары кен орны Федоров блогының Рожковское кен орны пайдалануға берілетінінен хабардар болдық. Қорыта келгенде айтарымыз, әлеуеті зор компанияның алдағы күндерге құрған негізгі жоспары тұрақтылықпен, адам капиталын дамытумен, мұнай қорын жаңа технологиялардың көмегімен еселеумен байланысты. Оған қоса, өздеріне пайда түсіру арқылы мемлекетке пайдасын жылына 300 миллиард теңге салық арқылы жеткізіп отырған қуатты акционерлік қоғам мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін де естен шығармақ емес. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».Биыл Алматы облысында 57 мың жұмыс орны ашылды - Марат Сұлтанғазиев
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Президент Жазушылар одағын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады
Президент • Бүгін, 11:56
Жазушылар одағының 90 жылдығына орай салтанатты жиын өтті
Мәдениет • Бүгін, 11:46
Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленді
Қоғам • Бүгін, 11:36
Шерзат Болаттың өлімі: тергеу қашан аяқталады
Заң • Бүгін, 11:14