ФЕЛЬДМАРШАЛ ӘЛ-СИСИ КҮРЕСКЕ ШЫҚТЫ
Мысыр елінде президент сайлауының күні нақты айқындалды: ол 26 және 27 мамырда өтеді. Бұл екі күнде жеңімпаз айқындалмаса, 16 және 17 маусымдағы екінші турда президент белгілі болады.
Әдетте күннің белгіленуі онша мәнді емес, ең бастысы, оған кімнің қатысатыны, күштердің ара-салмағы маңыздырақ саналады. Сөйтсе де, сол күнді белгілеуде де бұл елде айтарлықтай мән болған-ау. Бұған дейін сайлау сәуірдің аяғында өтеді делінсе, енді бір айға кейін шегерілді. Сол шегеру біреулерге қажет те болған шығар.
Үміткерлерді тіркеу 20 сәуірге дейін созылады. Бұл біреулерге аз көрінуі де мүмкін. Ал сайлау науқаны осыдан бір ай бұрын басталып кеткен. Енді ол сайлауға үш күн қалғанша созылады. Үміткерлердің аттары аталып, бірі мақталып, бірі датталып жатқанына да біраз болды.
Үміткерлер дегенде, жұрттың айтатыны негізінен қазір бір-ақ адам болып отыр. Ол – елдің қорғаныс министрі фельдмаршал Әбділ-Фаттах әл-Сиси. Жақында ғана ол өзінің қорғаныс министрі және Египет армиясының бас қолбасшысы қызметінен босағанын мәлімдеді. Мұндай шешімге келу оның президент сайлауына қатысу ниетінен туып отырғанын да айтты. Бұл елдің заңы бойынша, үкімет мүшесі президент сайлауына қатыса алмайды.
Ақпан айының аяғында ел үкіметі отставкаға кеткен болатын. Бірақ әл-Сиси өзінің қызметінде сайлау жөніндегі заңдар толық қабылданып, сайлауға дайындық жұмыстары біткенше болатынын мәлімдеген. Бұдан оның қызметіне көп нәрсе байланысты екенін аңғартқандай еді. Ол тек министр болғанымен, оның құзыры үкіметтен де жоғары тұрғандай көрінетін. Тіпті, уақытша президент Адли Мансұр да оның айтқанынан шықпайтындай еді.
Әл-Сиси мынау сайлау науқаны кезінде қызметін доғарғанмен, әсте де биліктен кетті, оның қолында күш қалмады деуге болмас. Билік маршалдың ықпалындағы генералитеттің қолында екені даусыз. Әл-Сисидің күші де, сайлау науқанындағы беделі де сонда. Осынау аса жауапты кезеңде әскерилер мүлт кетсе, фельдмаршал да беделінен айырылады. Әзірге ол барлығын да жан-жақты ескерген сияқты.
Ол үміткер ретіндегі алғашқы мәлімдемесінде өзінің ешқандай да керемет жасай алмайтынын айтып, сондықтан да өз елінің жағдайын жақсарту үшін жұртты қажырлылықпен жұмыс істеуге шақырды. Ол тек елді терроризмнен құтқарып, үрейден азат етуге уәде берді. Ал бұл мысырлықтарға дәл қазір ең керегі болып отыр.
Оның негізгі қарсыластары – исламистік «Мұсылман бауырлар» қозғалысы. Олардың да халыққа ықпалы айтарлықтай. Солардың арқасында осыдан бұрынғы президент Мұхаммед Мурси сайлауда жеңіп шыққан. Ал әл-Сиси оған халықтың қарсылығын пайдаланып, біраз айып тағып, тағынан тайдырған. Исламистер бұл сайлауда есесін қайтаруға барынша күш салатыны да белгілі. Фельдмаршал оны да жан-жақты ескерген болар.
БОЛМАСАҢ ДА ҰҚСАП БАҚ
Корей халқы бір-біріне ұқсас, сырт жұрттың оларды бір-бірінен ажыратуы да қиындау соғады. Ал енді Солтүстік Кореяда оларды ажырату бұрынғыдан да қиындамақ – ер адамдар бұдан былай шаштарын көсемдері Ким Чен Ынға ұқсастырып қоюға міндетті.
Осындай нұсқау берілген көрінеді. Шашты сәндеп қоюға жастар әуес. Бұл өзі әлемнің барлық жерінде бар әдет. Біреулер атақты әншіге, біреулер киноактерге, енді біреулер футболшыға ұқсап шаш қойғысы келеді. Ал көсемге ұқсап шаш қою сәні енді мемлекеттік мәселеге айналып отырғандай.
Бір нәрсе екінші нәрсені еске түсіреді. Сонау өткен ғасырдың 50-жылдарының басында, әлі Сталиннің тірі кезінде біреулердің гимнастерка, алды көтеріңкі фуражка кию құмарлығы болатын. Көсемге ұқсағысы келетін. Тіпті, шашын қайырып тарайтындар да бар еді. Бірде денешынықтырудан сабақ беретін, соғысқа қатысқан капитан Панов ағайымыз көсемге ұқсатып шаш қойған оқушыға қатты шүйліккені бар: «Әй, Нұрбаев, көсемге ұқсағың келсе, жөндеп жүр, ыржалаңдап көсемді мазақ қылғың келсе, жауап бересің!» – деген. Ертесіне оқушы шашын ұстарамен қырғызып тастаған.
Солтүстік Кореяда да көсемге ұқсатып шаш қою да саяси науқанның бір көрінісіндей қабылданып отырғанға ұқсайды. Елдегі қатаң саяси тәртіпке рухани бағынумен қатар, сыртқы тұрпатыңмен де мойынсыну қажеттілікке айналған. Сол көсемге, тіпті, шаш қоюыңмен де ұқсай тұрып, өзіңше қадам жасауға бара алмайсың. Мұны қарабайырлап айтқанда, өнердегі түр мен мазмұнның үйлесімділігіне ұқсатуға болғандай ма, қалай?
Көсемге ұқсатып шаш қою ең алдымен студенттерге қатысты көрінеді. Әдетте шаш қою сәні адамның бет жүзіне де қатысты ғой. Бәлкім, Ким Чен Ын секілді шаш қою оған ұқсастарға, яғни дөңгелек беттілерге жарасар, басқалар қайтпек? Амалсыз көнеді, дағы. Әсіресе, шашы селдір немесе мүлдем жоқтарға қиынырақ тиетін түрі бар. Қой ішінде аладай көрінер.
Тағы бір айта кететін нәрсе, осыдан он жылдай бұрын бұл елде қазіргі Ким Чен Ын сияқты самайды қырып шаш қою қылмыскер ортаға тән болған екен, енді көсем солай шаш қойған соң, ол бүкілхалықтық сәнге айналыпты.
Ер адамдар көсемге еліктегенде, әйелдер қайтпек? Ол оп-оңай шешіліпті. Олар көсемнің зайыбына ұқсауға тиіс. Ли Соль Ю-ше шаш қою өз алдына, енді әйелдер киім киюде де сол патшайымға ұқсауға тырысады екен.
Осының бәрін Ким Чен Ынның өзі білмей отырған жоқ. Күлкіге айналатынын да аңғаратын шығар. Бірақ оған халықтың тобырға айналып, өзіне ұқсап, өз соңынан ергені бәрінен де маңызды сияқты.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».