05 Сәуір, 2014

Тасқынға тосқын

575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Даладағы және Баянауыл тауларындағы қар еріп, жер де құрғай бастаған кезде, 1 сәуірге қараған түні Қараащы ауылына Қарағанды облысы жағынан тасқын су келді. Көрші облыс аумағында Ақжар және Қаратоға деген екі су бөгеті бар көрінеді. Қаратоға су бөгетінің 6 су өткізу құралғысы ашық, содан Ақжар су бөгетіне су жиналған. Міне, осы екі су бөгеттерінен аққан тасқын су Қараащы ауылына қауіп төндіріпті. Алдын ала дайындалған жұмыс барысында ауыл азаматтары бар, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, арнайы техникалар да дер кезінде үлгерді. Сақтықта қорлық жоқ деген осы. Тас­қынға тосқын қойылды. Ауыл іргесіндегі су қоймасы бекітілді. Тас, қиыршық тас аралас құм төселді. Топырақ толтырылған 400 қап инертті материалдар қоры әзірленді. Сонымен қатар, Қараащыда Төтенше жағдайлар жөніндегі штаб құрылды. Кезекшілік жұмыс жасауда. Ауыл аман-есен. Баянауыл ауданының әкі­мі Ернұр Әйткеновтің мәлім­деуін­ше, қазір Қараащы ауылын су басу қаупі жоқ. Қа­раащы өзенінің арнасынан шыққан су Теңдік ауылы маңындағы алқаптарды толтыруда. Одан әрі тасқын су Ащысу деген өзенге құяды. Ал, алдыңғы жылдары көктемгі су тасқыны салдарынан төтенше жағдайлар орын алған Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылы аумағы да Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев атындағы арна бойы да тексерілуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтың басшылығымен жедел топ Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылында жүр. Өйткені, Сілеті су қоймасынан ағыны күшті тасқын су жіберілген. Су қоймасын су шайып кету қаупі бар жерлері бекітілді. Төтенше жағдайлар департаментінің 10 бірлік арнайы техникасы мен 35 адамнан құралған жеке құрамы Шолақсор ауылында. Жеке құрам мек­теп­те жұмыс жасауда, командалық-штаб­тық машина жұмысқа дайын. Су ағыны мен сағасын бақылайтын кезекші бекеттер ұйымдастырылған. 2 сәуір күнгі жағдай бойынша судың келуі байқалмады. Ауыл тұрғындары мектеп пен мәдениет үйінде ашыл­ған эвакуациялық пунк­т­те. Тұрғындардың малы аудан­ның Қырықүй ауылы жанындағы қауіпсіз жерге жіберілді. Тасқын су қау­пі­нің алдын алу бойынша жұмыстарды Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы, полковник Мұрат Айтжанов басқаруда. Өңірдегі көктемгі су тасқыны жағдайы облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың жеке бақылауында тұр. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.