Алматы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2014 жылдың 28 наурызында қаржы полициясы қызметкерлері Ескелді аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Асан Қанағатовты пара алу кезінде ұстады. Әскери комиссар Талдықорған қаласы әскери-техникалық мектебіне қабылдау шешіміне орай заңсыз әрекет етіп Н. атты азаматтан 110 000 теңге пара алу барысында құрықталды. Асан Қанағатовқа қатысты пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 31 наурызда Талдықорған гарнизоны әскери сотының бұлтартпау шарасына сәйкес шығарған санкциясымен қамауға алынды.
27 наурызда қаржы полициясы қызметкерлері осы мекеменің өкілетті тұлғасына тергеу алды тексеру материалдары бойынша «дұрыс» шешім шығару үшін 30 000 АҚШ доллары көлемінде пара беру әрекетінде қос кеденшіні ұстады. Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті «Алатау-кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетінің жетекші мамандары, нақтылай түссек, пара ұсынушылар Батырхан Әбішев пен Бақыт Ордалиевке қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар сот санкциясымен қамауға алынды.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.