Қоғам • 07 Сәуір, 2022

Газет – адамға ауадай қажет құндылық

1061 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жүзжылдық тарихы бар жалпыұлттық республикалық газет – «Егемен Қазақстанның» байырғы оқырмандарының бірімін. Әр санын асыға күтіп, татымды дүниелерді тұщынып оқитынымыз бар. Әр жылдардағы газет тігінділері де мен үшін баға жетпес қымбат қазына. Әлі күнге дейін үйімнің төрінде тұр.

Газет – адамға ауадай қажет құндылық

Соңғы кездері мерзімді баспасөз беттерінен «Газет керек пе? Кім үшін керек?» деген сарындағы дүниелерді жиі оқитын болдық. «Себепсіз салдар болмайды» дегендей, шынында да, жұрт газет-журнал оқудан қалып барады. Оған интернет, әлеуметтік желі, ақпарат тарататын түрлі-түрлі құралдар өзінің елеулі әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне, қазір бұқаралық ақпарат құралдарының орнына бұқаралық коммуникация деген ұғым өмірге кеңінен еніп, белең ала бастады. Өмір бір орнында тұрмайды деген осы.

Біз кеңес заманында өмір сүріп, еңбек еттік. Ол уақытта бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде газеттің беделі жоғары болды. Газет-журналдарға шыққан сын материалдарға міндетті түрде шара көріліп, жауап берілетін. Сауатты жандардың бәрі газет оқитын. Мақтанғанымыз емес, менің қатарластарым да, жасы үлкен ағаларымыз бен апаларымыз да оразамызды күнделікті келіп жататын газет-журналмен ашатын едік. Ең кемі екеу, үшеу, тіпті он шақты басылымды жаздырып алып оқитындар да болатын арамызда. Қалай дегенде де газет-журналға жететін дүние жоқ қой. Себебі одан іздеген адам бәрін табады. Рухани азық дегеніңіз, міне, осы!

Жалпы, «Газет керек пе? Кім үшін керек?» деген сауалға беретін жауабымыз мынау: газет керек! Ол ең алдымен қоғамға, онда тұратын адамдарға керек. Әлі де қоғамымызда көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, газет оқитын жандар баршылық. Оны аз десеңіз, өркениетті, жалпақ әлемді техникалық, технологиялық озық ғылымымен таң қалдырып келе жатқан елдердің өзінде сан миллиондаған таралыммен газеттер шығып жатқанын қайда қоямыз?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол – газет адамға ауадай қажет.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының Құрметті азаматы

Түркістан облысы