Бүгін, 5 сәуір күні футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасы 4-турының ойындары ойналды. Осы алты ойында қарсыластар бір-бірлерінің қақпаларын алты рет қана нысанаға дәл алды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады.
Тур ойындарын Семейде сағат 15:00-де алаңға шыққан жергілікті «Спартак» және «Шахтер» (Қарағанды) командалары ашты. Қорытындыда 1:0 есебімен аяқталған матчтың тағдырын шешкен жалғыз голды 28-минутта қонақтардың қорғаушысы Никола Василевич бұрыштамадан берілген допты басымен ұру арқылы салды. Ал бірінші таймның соңына қарай дөрекі ойыны үшін «Шахтердің» келесі қорғаушысы – португал Яго Фернандес алаңнан қуылды. Арада бірнеше минут өткеннен кейін ойынның бас төрешісі Александр Гаузер семейлік жартылай қорғаушы Бауыржан Тұрысбекке де «қызыл қағаз» көрсетті.
Бұдан бір сағат кейін (16:00) басталған үш ойынның біреуінде ғана гол соғылды. Және ол таблода бір санын емес, үш цифрын көрсетіп жанды. Шымкентте өткен бұл кездесуде «Ордабасы» Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. Алаң иелері жоғарыда айтылған үш допты да өз есептеріне жазды – 3:0! Ойындағы есепті Абдулла Диакате 31-минутта ашты. Ал келесі тайм шабуылшы Эдин Юнузович үшін жұлдызы туған мезет болды. Ол меймандар дарбазасына 69 және 83-минуттарда екі доп салып үлгерді.
Айтқандай, шымкенттіктерді бұл матчқа жаңа бас жаттықтырушы – литван маманы Саулюс Ширмялис бірінші рет бастап шықты. Оның командадағы дебюті осылай табысты аяқталды. Осы уақыттарда ойналған келесі екі кездесу – «Атырау» - «Ақтөбе», «Жетісу» (Талдықорған) - «Ертіс» (Павлодар) араларындағы ойында есеп ашылған жоқ.
Бұдан кейін, сағат 17:00-де басталған екі ойын да 1:0 есебімен аяқталды. Олардың бірінде алаң иелері басым түссе, екіншісінде қонақтардың жолы болып кетті. Астананың «Астана» командасы өз алаңында Тараздың «Таразын» қабылдап, жеңіске жетті. Мұнда алаңға 63-минутта шыққан Бауыржан Жолшиев екі минуттан кейін көзге түсті. Ал оңтүстік астананың «Қайраты» (суретте) жеңісті Қызылордада жергілікті «Қайсардан» ойын бітуге 2 минут қалғанда тартып әкетті. Голды Аслан Дарабаев түсірді. Сөйтіп, биылғы маусымда алматылықтар бірінші рет жеңіске жетсе, қызылордалықтар екінші мәрте жеңіліске ұшырады.
Осы ойындардан кейін «Астана» 10 ұпаймен топ басын жеке-дара бастады. Екінші орында «Ақтөбе» келе жатса, үшінші белестен «Жетісу» көрінді. Бұдан әрі жасақтар мынадай ретпен орналасты: 4.»Атырау», 5. «Шахтер», 6. «Ордабасы», 7. «Ертіс», 8. «Қайсар», 9. «Тобыл», 10. «Қайрат», 11. «Спартак», 12. «Тараз». Келесі турдың ойындары 9 сәуір күні ойналады.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Egemen.kz.
Фото: vesti.kz.