Бүгін, 5 сәуір күні Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) 2013-2014 жылғы маусымының екінші ширек финалдық кездесуінде Германияның Team Germany командасын 5:0 етіп тізе бүктірген Astana arlans жамағаты жартылай финалға жолдама алды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады.
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері бұдан бұрын алман жерінде өткен бірінші матчта 3:2 есебімен ұтып қайтқан еді. Сырт алаңда осындай басымдық көрсеткен жерлестеріміз өз үйінің төрінде тіпті қатты шайқасты. Ондағы жеңісті жолды 52 килоға дейінгі салмақтағы Мирас Жақыпов бастап берді. Ол қарсылас команда сапындағы белгілі шебер Ронни Бебликті талассыз ұтты – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45). Келесі салмақтағы (60 кг) Самат Бәшенов Артур Брильді 2:1 (50:45, 47:48, 50:45) қайтарды. Бұдан соң 69 килодағы Мейірім Нұрсұлтанов Вячеслав Керберден 3:0(50:45, 50:45, 49:46) деген есеппен басым түсті. Бұл жеңіс астаналықтардың жартылай финалға шыққанын айғақтады.
Бірақ біздің жігіттер бұдан кейін де босаңсыған жоқ. Алдымен 81 килодағы хорват легионері Хрвое Сеп мен Серж Мишель арасындағы айқаста 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) деген есеп тіркелді. Ең соңынан 91 килоға дейінгі салмақтың саңлақтары күш сынасты. Онда қазақстандық Руслан Мырсатаев неміс Эрик Пфайферді 2:1 (48:47, 49:46, 46:49) есебімен ұтты. Сөйтіп, бес боксшымыз да өз мерейлерін үстем етті.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Egemen.kz.
Фото: Vesti.kz.